№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СМАРТФОН ГАЗЕТТІҢ ОРНЫН БАСА АЛА МА?

СМАРТФОН ГАЗЕТТІҢ ОРНЫН БАСА АЛА МА?


Жаңа иновациялар қоғам өміріне еніп, интернет қарқыны қарыштап дамып, заманауи техника құралдарын кәдемізге жаратқалы смартфонға деген тәуелділік артты. Бүкіл сала жаңа үрдіске сай мобилизацияланып, цифрлық сауаттылыққа бейімделіп, жаһандық дамудың көшіне ілесіп келеміз. Міне, осындай кезеңде қағаз бетінде қатталып, баспаханада басылып шығатын мерзімді басылымдарға сұраныс деңгейі қандай? Қазірде әлеуметтік желілер пікірталас алаңына айналды деп жүрміз.Желіде жарық көрген жазбалар мен газет бетінде жарияланған сыни пікірлердің салмағы жағынан қайсысы басым? осы тақырыпты тарқатуда «Көзқарас» ашық пікір алаңында аудандағы зиялы қауым өкілдерін басын қосып, ойларын білген едік.

«МЕНІ ГАЗЕТ ТӘРБИЕЛЕДІ»

Айшагүл СҰЛТАНҚЫЗЫ,
ардагер ана.

– Еңбек жолымның басым бөлігі кі­тап­хана жұмысымен өрілгендіктен де, газет пен кітап менің жан сырласым. Жасым жетпістің екеуінде, әлі де газетті үзбей оқып жүрмін. Маған газет не үшін керек? Меніңше, саналық тұрғыда кемелдену, ақылға ақыл қосу, руханият көкжиегімді кеңейтуде ол өте маңызды. Оқыған адамда ұмытшақ­тық, салғырт­тық болмайтынын ұқтым. Ойыңызды дамытып, әр жаңалықты біліп, саяси-қоғамдық, танымдық-салауаттылық білімді газеттен аламын. Санасы сергек адам қай ортада болсын мерейі үстем болады. Газетте көтерген өзекті мәселеге өз үнімді қосып, «Жаңақорған тынысы» газетіне хат жолдап, мақала жазып жүрген жайым бар. Көпшілік таң қалысып жатады, «Көп жағдайдан хабарыңыз бар екен, мұны қайдан білесіз?» дегенде, мен газет пен кітапты жүйелі оқудың пайдалылығына одан сайын көзім жете түседі.
Әр газеттегі мақалаларды талдап отырамын. «Жаңақорған тынысы» га­зетінде жарияланған әр жазба халыққа құнды. Неге? Біріншіден, ақпараттар сарапталған, жан-жақты көзқарастар тоғысқан, айтар ойы тереңде. Екіншіден, газет үйімізге жүйелі жеткізіліп тұр. Соңғы бес жылда мерзімді жарияла­ным оқырман қолына дер уақытында тиіп, халықты ақпараттандырып отыр. Үшіншіден, тілшілердің кәсібилік деңгейі өсті. Мамандардың көркем жазу тәсілі­не, тақырыпты тарқатуына тілшілердің бірін танып, бірін танымасам да өзімше баға беріп, қолтаңбасына қарап, жазуы арқылы мінезін, жан дүние­сін, парасат-пайымын аңғарамын. Басым­нан өткен бір хикаяны айтқым келе­ді. Бірнеше жыл бұрын қатты науқаста­нып, дәрігер Тұрғанбай Мақанов ғұмырымның аз қалғанын жақындарыма ескерткен еді. Газеттен оқыған, «Бәрі сенімге байланысты, қара судың өзі ем болады» деген бір қатар ғана өсиет аяқтан тұруыма жігер берді. Күннен-күнге жақсарып, өз-өзімнің жігеріме сенім арттым. Міне, руханият маған осылай ақыл мен ынсапты тарту етті.
Ал, әлеуметтік желі ақпараттарды жылдам таратуда қауқарлы дейді, бі­рақ өзім қолданбаған соң пәлен дей алмаймын, десе де жас толқын­ның кітаптан гөрі күндіз-түні телефонға телміретінін көргенде, несін жасырайын ішім удай ашиды.

«ЖҮЗ ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ГАЗЕТТЕН ҚАУІПТІ ІНДЕТТІҢ ЕМІН ТАПТЫҚ»

Асқан ОТАРБЕКОВ,
Орталық емхана меңгерушісі:

– Айшагүл апа өте жақсы айтты, аурудан айығудың басты емі – сенімде. Мұндай оқиғалар біздің науқастар­дың жағдайында жиі орын алады. Ал, қазіргі әлеуметтік желі дамыған заман­да жастарымыздың кітап пен газет оқуға құлшынысы көп төмендегенін жасы­руға болмайды. Есесіне, бұрын-соңды болмаған неврологиялық, пси­хологиялық аурулармен күресіп келе­міз. Бұғанасы қатпаған бүлдіршін­дердің көз ауруларына ерте шал­дығуынан, ми, нерв жүйелеріне за­қым келу­ден неврологиялық дертпен есепте тұратын науқастар тізімі уа­қыт сайын жаңарып, санының артуы ойланарлық жайт. Бүгінгінің жастары тик-токерлер, инстамодельдер қатарын толықтыру­да. Оларды отбасының жылуы емес, интернет тәрбиелеп жатыр.
Әлеуметтік желідегі әлем-жәлем тәрбие сарыауыз балапанды қойып ақыл тоқтатқан әйел-аналардың өзін ес-ақылдан айырып барады. Психо­логқа жүгінген әйелдердің көбі та­бысына, өз өміріне қанағаттанбайды екен. Мұның себебі, әлемжелідегі та­нымал адамдардың контентіндегідей жайлылық іздейді. Табысты әрі қал­талы жардың жолықпауы, отбасында қолайлы жағдай болмағанынан ст­реске түсіп, ашушаңдыққа ұрынады. Ақиқатына келгенде, әлемжелідегі жылтырақ өмір тек сәттіліктен ғана тұрмайтынын, оның ақыры қайда ба­рып тоқтайтынын таразыламайды. Ал мұның түбі отбасылардың ажырасу­ына ұластырады. Шайқалған шаңырақ пен жетім-жесірлер санының артуы интернеттегі ақпараттарды сараптай алмай жүргендігімізден дер едім.
Ал, газет пен кітап ұлттық құн­дылықтарды насихаттап, ел бірлігі жолында жүйелі жұмысын жасап, зерттелген, зерделенген ақпаратын ұсынып, халықтың бағдаршамындай болашаққа нық қадам басуымызға жол көрсетіп, бағыт-бағдар беруден танған емес. Басқа салаларды қайдам, денсаулық сақтау саласында қандайда бір зерттеу жұмысы талап етілсе ең алдымен газет-журналдардың тігіндісін парақтап, тақырыпқа сай мақалаларды оқып, ғалымдардың жұмысымен таны­самыз. Кешегі пандемия кезінде де жергілікті басылымдарды қайта зерде­леп парақтағанымызда осыдан отыз жыл бұрын коронавирус дерті жүріп өткенін, вирустың әр жүз жыл сайын қайталанатын табиғатын осы жолда ізденіп мақала жариялаған ғалымның еңбегінен оқып танысып, одан әрі қарай сол кеңестерді жетілдіре отырып, қауіпті індетті жеңдік. Міне, осыдан-ақ, қай заманда болсын газет өміршең бола беретінін мойындадық. Біз дәрігерлер қауымы газеттен қол үзген емеспіз. Ол біз үшін халыққа салауаттылықты насихаттайтын ең басты құралымыз.

ГАЗЕТТІ ТАЛДАУ САҒАТЫ – БАЛАНЫҢ ОЙ-ӨРІСІН ДАМЫТАДЫ

Бағила БӨРІБЕКОВА:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы әр жолдауында педагогтардың бала тәрбиесіне қатысты бағыт-бағдар беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен туған жердің тарихын білуді міндеттейді. Тәжірибелі мұғалім ретінде өзімнің са­бақ жоспарымнан тыс оқыту әдістемеме «Газет талдау» сағатын ұйымдастыру­ды қолға алдым. Мұндағы мақсатым, болашақ ұрпағымыз өзінің туған жері туралы, тұлғалардың тарихын зерттеп, білімін молайтуына өз үлесімді қосқым келеді.
Өздеріңіз білетіндей, аудандағы жалғыз басылым «Жаңақорған тынысы» газетінің әр номерін сынып болып оқып шығып, өз пікірімізді айтамыз. Бұл баланың саяси, экономикалық, әлеуметтік, танымдық деңгейін қа­лыптастырады. Тарихи мекендердің, тұлғалардың еңбектерімен танысып, жаңа ақпараттарды білеміз. Осының өзі балаларды қызықтырады. Әрі дарынды балаларды көпшілікке үлгі ету үшін газетке жариялап келеміз. Әдебиетке құштар, өлең, мақала жа­затын оқушыларымыз осы газетпен байланысын орнатып, тілшілермен кез­десуге құштар.
Менің ойымша, газет пен кітапты балаларға оқыту үшін ең алдымен ұстаздың өзі кітапқа құштар болып, шәкірттерін қызықтыра білуі маңызды.

«ГАЗЕТ ОҚУ – ЗИЯЛЫЛЫҚ БЕЛГІСІ»

Наурызбай ОРЫНБАСАРОВ
Жастар ресурстық орталығының директоры:

– Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде бірнеше елде тәжірибеден өттім. Оның ішінде экономикасы қа­рыштап дамып жатқан алпауыт ел Францияда халықтың газетке деген көзқарасын көріп, таң қалдым. Таңғы уақытта шәйханада бір топ қазақ балалары жиналып, әңгіме айтып, жай­барақат күлісіп отыр едік. Жанымыз­дағы француздар бізді жақтырмағанын жасырмады. Бір шыны кофесімен бір топ газетті алдына қойып оқып отырды. Сөйтсек, 1631 жылы мамырда Парижде жарияланған «La Gazette» француз тіліндегі алғашқы апталық газетті әлі де халық үзбей оқиды екен. «La Gazette» саяси жаңалықтарға басымдық беріп, кәсіпкерлік салаға бағыт-бағдар беруші құрал екен. Газеттер арасындағы бәсекелестік, әр салаға арналған газет-журналдарға сұраныс әлі де қызып тұрғанын шамаладық.
Халқының бәрі саяси сауатты екенін, әрі оларды газет тәрбиелеп отырғанын білдім. Журналистерге деген құрмет-қошеметі де ерек. Төртінші билік ретінде қабылдап, мәселені бірге көтеріп, шешім табудың жолын тапқан. Сол кезден бастап қай елге барсам да ең алды­мен БАҚ өкілдерімен пікірлесіп, газет-журналын парақтайтын болдым.
Ұлыбританияның ұлттық газеттері қазіргі кезде сағат сайын шығатын газетке айналды. Әлемдік деңгейдегі «Дейли Герольд», «Ньюс Кроникл», «Нью-Йорк Таймс» газеттері 120 елде сатылымда, ұзын сонар кезек күтіп газет оқитындардың көбі ірі бизнес өкілдері. Біздің елімізде де оқитын газет-журналдар бар, таралу уақытынан кешеуілдеп тұрғаны жасырын емес. «Ұлан», «Балдырған» газет-журналына жазылғанымен уақытылы баланың қолына тимейтінін ата-аналар айтып жүр. Біздің балалық шағымызда «Ол кім? Бұл не?» деген танымдық кітап-брошюралар көп болатын. Қанша жыл өтсе де ондағы танымдық материалдар санамызда тұр. Бір сөзбен қайырсақ, газет оқу зиялылық белгісі екенін жастарға насихаттап жүрмін.
«ӘР ОТБАСЫНДА ГАЗЕТ-ЖУРНАЛ ОҚУДЫ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛДЫРУ ҚАЖЕТ»

Әсем Сағатқызы,
№1 кенттік кітапхананың кітапханашысы:

– Біздің отбасымызды көпшілік «кітапханашылар династиясы» деп дәріптеп жатады. Расында үйдегі анамыз кітапханашы болып зейнетке шықты, қыз апаларымыз да кітапханашы. Бір үйден үш кітапханашы шыққандықтан отбасымыз болып, кітаптың қадір-қасиетін жоғары бағалаймыз. Қазіргі кезде барлық жанұя отбасы болып бір кітапты оқи ма? Қазір үлкендердің де көбі кітап оқудан қол үзіп қалғандай. Ілгеріректе бір кітапты отбасы болып қолдан-қолға тигізбей оқушы еді, қа­зір болса барлығы өз істерімен ай­налысады, біреуі теледидар қарайды, екіншісі компьютерде ойын ойнайды, отбасымен кітап оқуға уақыт емес ниет жеткіліксіз болып тұрғандай.
Мүмкін отбасымен кітап оқудың қажеті жоқ шығар? Әркім өзіне ұнаған кітапты оқысын. Естеріңізде болса, кітап оқуды үйренген бала анасынан кітап оқып беруді сұраса, “сен енді өзің оқи аласың ғой” деп бала кітапты бөлмесінде өзі оқитын.
Алайда ата-аналар баланың ұзақ және мәнерлеп оқи алмайтынын жиі ұмытады. Сол себепті ол оқыған мәтіннің бір бөлігін ғана түсінеді. Ең бастысы, ол кітап оқығаннан еш ләззат алмайды, таныс емес көп сөздерден тез шаршайды да, кейін ол кітапты қолына алғысы да келмейді. Содан соң ата-аналар неліктен бала кітап оқығанды ұнатпайды деп алаңдай бастайды, кейін баланы кітап оқуға мәжбүрлейді. Ондай жағдайда бала мүлде кітап оқығанды жек көріп кетеді.Егер уақытыңыздың күніне 20-30 минутын баламен кітап оқып, оның кітап оқуға деген қызығушылығын оятуды дағдыландырсақ, осындай жағдайдың алдын алуға болушы еді. Баламен кітапты бірге оқуға міндетті түрде ата-анасы емес, үйдегі үлкендердің ішінен біреуі болса жеткілікті еді.
Бала өздігінен оқи алатын болса, не үшін онымен бірге оқу қажет деген сұрақ туындауы мүмкін.
Өздігінен оқуды бала ерте ме, кешпе үйренеді. Оны оларға мектепте де үйретеді, бірақ оқудан ляззат алуды үйренбеуі мүмкін. Әр жасаған істен лязат алуды үйрену үшін, ол іс балаға қызықты болу керек. Ал кітап оқу балаға әсіресе, бас кезінде қиынға соғады. Балаға оқудың қызықты болуы үлкендерге байланысты.
Неліктен ертеде барлық үлкен адамдар, апалар, аталар бос уақыт­тарында кітап оқыды? Себебі балалық шақтарында кітапты үлкендермен бірге оқығаннан болар. Өйткені ол кезде барлық отбасыларда кітапты жанұямен бірге оқуға уақыт бөлінетін. Мүмкін бізге де балалармен бірге, отбасымен кітап оқуды дәстүрге айналдыруымыз керек шығар?




«ОҚУДАН ҚОЛ ҮЗГЕН АДАМ, НЕСІБЕДЕН ҚОЛ ҮЗЕДІ»

Аманжол Әбдіхамитұлы,
жас маман, мобилограф:

– Мені көпшілік мобилограф ретінде тани бастады. Әлеуметтік желіде бір жылдың ішінде көпшілікті қызықтыратын тақырыптарды қамтыған контенттерім арқылы мені ел тани бастады. Трендтке айналған мамандық қазір жастар арасында кең танымалдылыққа ие. Тіпті бұл өнерді игергендерге сұраныс та артып келеді. Бұл – болашақтың мамандығы деуге болады.
Бұл саланы жастар жағы жақсы білгенімен, үлкен буын түсінбей жа­татыны айқын. Мобилиограф – те­лефонның көмегімен әртүрлі бейне­роликтер түсіріп, монтаждайтын ар­найы серификатталған маман. Трендке ай­налған мамандыққа деген сұраныстың көптігі сонша, бүгінде әлеуметтік желі арқылы арғысы Алматыдан 500 мыңға дейін курстар алып, оқып жатқандардың қарасы көп. Себебі сол, бұл мамандық – жүздеген есе қаражат алып келеді.
Бүгінде жан-жақты бағытта жұмыс жасап, дрон арқылы Жаңақорған­ның сәулетті жерлерін бейнелеп, оны заманауи әрлеп жастарға ұсынып отырмын. Яғни, шығармашылық бағыт­та бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желінің жұлдызы атанамын дегендерге барлық мүмкіндік бар.
Бұл мамандық біздің елге қалай келді? Қыран Талапбек есімді танымал жас Америкада оқып жүріп, аталмыш саланы Қазақстанға алып келді. Негізін салды деуге де болады. Бүгінге дейін мыңдаған шәкіртті онлайн және офлайн форматта оқытып, ресми «мобило­граф» атандырды. Үздік шәкірттердің құрамында бұл саланы өмірлік бизнесіне айналдырып жүрген жаңақорғандық жастар да бар. Мәселен, инстаграм желісінде @ alimusа.03 парақшасымен танылған жас мобилограф шеберлік шыңының арқасында әлемге әйгілі «Toyota» компаниясымен келісім-шарт негізінде жұмыс жасауда. Алматының ашық аспанында жүріп, үлкен армандар мен мүмкіндіктерге жол бастауда.
Ал, ауданымызға оралатын бол­сақ, «Galiya event» студиосын біл­мейтін жан кемде-кем. Кәсібін ең ал­ғаш мобилографиядан бастаған Мұ­хам­медәлі Шаханов бұл саланы жетік меңгерген. Фантазиясынан түрлі тренд видеолар, студиялық жобалар мен жаңа айдарлар туындаған. Ауданымыздың саяси-мәдени ақпараттық рубрикаларын тереңнен танытып, жұмыс жасап жүр.
Ерекше айта кететіні, күллі аудан­ның ақпаратын көзтартарлық бейне­роликпен түсіріп, өңдеп, желіде та­ратып жүрген Берік Атахожаевты қазір танымайтындар кемде-кем. Кент әкімдігінің баспасөз маманы қызметі­не осы мобилографиялық шеберлігінің арқасында келген. Алғашында туған жері Түгіскеннің тынысын түсіріп, экрандағы жұмысы арқылы танылған ол бүгінде аудан әкімдерінің тікелей жанында жүріп, Жаңақорған ауданының тіршілігін танытуда.
Осындай аға буынның ізін жалғап жүрген жастардың қатарына Ақмыр­за Мейрамбек есімді мобилографты қосуға да болады. Шеберлігінің ар­қасында «Ақжол» желілік сауда ор­нының жарнамасын жасап жүр. Өз нәпақасын осы саладан тапқан келесі жас – Рахымжан Нәжімов. Аудан, облыс, қалалар арасында тапсырыс алып, қоғамдық саласының көшбасынан кө­рінуде.
Ашығын айтсақ, Жаңақорғанның тарихын газеттен оқып біліп, оны әде­мі бейне-роликке сыйдырып, жас­тар аудиториясына ұсынып, қаралым жинап жүрген жайымыз бар. Ақпа­рат майданы қарқындаған заманда ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жастарды ел тарихын білуге аз-кем жұмыс жасап жүргенімді мақтанышпен айтқым келеді.

ТҮЙІН. Смартфон БАҚ-тың бағы ма, соры ма? Мұны әркім әрқилы түсінеді. Халыққа ақпарат таратуда өркениет көшіне ілесіп, жаңа бағытта әлеуметтік желілерді іске асырып келеміз. Жыл­дам таралып жатқан ақпараттардың толқынында толыққанды зерттелмеген, шешімі табылмаған мәселелер халық санасына селкеу түсіретінін байқамай­тындаймыз. Бүгінгі дөңгелек үстелде қозғалған ойлардан-ақ, газет өмір­шеңдігін жоймайтынын, болашақта да газет оқу зиялылық белгісі болып қала беретініне сеніміміз артты. Газет халықтың тарихы, ұлттық құндылығы болып мәңгі жасай бермек.

Мақпал МАРҚАБАЙ

11 қараша 2023 ж. 98 0