Тәуелсіздіктің тұғырлы мерекесі
Еліміздің еркіндігі мен елдігінің, халқымыздың бостандығы мен бірлігінің, тұғырлы тәуелсіздігіміз бен айбарлы азаттығымыздың кепілі болған ұлттық мереке былтырдан бастап ресми тойланып келеді. Дәстүрлі республика күні мерекесі биыл да кең көлемде аталып өтіп, ауданның барлық саласының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген сала мамандары мен қазыналы қариялар марапат төрінен көрінді. Атаулы мереке қарсаңында «Күн дидарлы Қазақстан» атты шара дала еңбеккерлерінің тойына ұласты.
Бұл күні үздіктер лента тағып, қошеметке бөленсе, аға буын мен ардагерлер ауданның 95 жылдық мерекелік медалін кеуделеріне тақты. Алдымен қонақтар аудандық мәдениет үйінің фойесінде қойылған көрмені тамашалап, тарихты тағы бір көзбен шолып өтті. Ал, сахна төрінде бейне- экраннан республика күнінің қадір-қасиеті мен маңызы жарқын көрініс тауып, өткен мен бүгінді сабақтастыра тарту етті. Кеш шымылдығы «Қазақ» биімен ашылды. Артынша өнерлі жігіттер рухты жыр оқып, көңілге нұр құйды.
– Республика күні біздің еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамдарымыздың жарқын символы. Бұл мереке Қазақстан тарихында ерекше маңызға ие айтулы мереке болып қала бермек.
Биыл ауданымыздың 95 жылдығын республика көлеміндегі зиялы қауым өкілдері және жерлестермен бірге кең көлемде атап өттік. Бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне табысталып, ауқымды галаконцерт ұйымдастырылды.
Ауданымыз құрылғалы 95 жылдың ішінде ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі өсіп-өркендеп, мәдениеті мен өнері, руханияты орасан зор даму жолына түскенінің куәсі болдық. Әсіресе соңғы жылдары Сыр өңірі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша үздіктер қатарынан көрінуі сол арынды қадамның айғағы. Соның нәтижесінде барлық сала бойынша аймақта үздік шығып, мерейіміз үстем болды.
«Еңбек түбі – береке» демекші, ел игілігі жолында еселі еңбек етіп, елдің ырзығын арттырған Сіздердің еңбектеріңіз қашанда мақтан етуге тұрарлық. Сіздерді республика күнімен және ырыс-несібеге толы, береке дарыған молшылық мерекесімен тағы да құттықтаймын, – деп аудан басшысы ізгі тілегін білдірді. Одан әрі, еңбегі ерен тұлғаларды тұғырға көтерді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің» III дәрежелі «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен Бақытжан Әбдімүтәліпұлы марапатталды. Ол Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары қызметін атқарып келеді. Облыс әкімінің “Алғыс хатымен” және «Жаңақорған ауданына 95 жыл» мерекелік медалімен Аққорған ауылдық округі бойынша «Әйелдер кеңесінің» төрайымы Айша Дәрімбайқызы және «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Жаңақорған аудандық бөлімінің басшысы Сермұхамед Серікбайұлы, Өзгент ауылдық округінің әкімі Жанұзақ Сәрсенбайұлы, Байкенже ауылың әкімі Нұрғали Алайдарұлы, Екпінді ауылының әкімі Қайрат Тұрсынұлы, Қыркеңсе ауылының әкімі Тәттімбет Тұрғалиұлы және Байкенже-1 шаруа қожалығының төрағасы Ербол Жұмаділләұлы марапатталды.
Аудан әкімінің “Алғыс хаты” және «Жаңақорған ауданына 95 жыл» мерекелік медалімен шкі Істер саласының, Қызылорда облысының Құрметті ардагері Әлібек Мүбәрәкұлы, Жаңақорған кенті аппаратының ұйымдастыру, мемлекеттік құқықтық жұмыстар, жер қатынастары және коммуналдық шаруашылықты реттеу бөлімінің басшысы Өскен Жұмаділлаұлы, Жаңақорған кенті әкімінің бас маман салықшысы Дінмұхамбет Ізбасарұлы, «Аңсар строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Шархан Әбдімәлікұлы, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Рыскүл Тұрсынәліқызы марапатталды. Дәл осы марапат мінберінде аурухана ішілік жұқпалы аурулар бөлмесі мейіргері Ақнұр Тұрсынбекқызы, білім бөлімінің әдіскері Ұланбек Абдібекұлыда болды. «Жаңақорған ауданына 95 жыл» мерекелік медалі Шайдарбек Әшімұлы, Файзулла Пазылбекұлы, Пахмаддин Айнахожаұлы, Халмұхамбет Жолмырзаұлы, Сандыбек Қалдыбайұлы, Дәулет Амалбекұлы, аудандық соттың төрағасы Әлия Бердібекқызы, «Жаңақорған Шипажайы АҚ бас директоры Бақытжан Аманкелдіұлы және аудандық мәслихат депутаты Серік Абдіжаппарұлына табысталды.
«Алтын дән – 2023» мерекесінің қорытындысы бойынша еңбек озаттарын марапаттау рәсімінің де куәсі болдық. «Үздік ауылдық округ» номинациясын Қыркеңсе, «Озат ауылдық округ» жүлдесін Келінтөбе мен Сүттіқұдық ауылдық округі жеңіп алды. «Озат күріш өсіруші» «Расул» шаруа қожалығының күріш өсірушісі Абдикамал Тасанұлы жеңіп алды. Ол 200 гектар күріштің әр гектарынан 80,0 центнер өнім алған. «Диас Е.Б» шаруа қожалығының бидай өсірушісі Бағлан Ерқасымұлы «Озат бидай өсіруші» номинациясын иеленді. 27 гектар бидайдың әр гектарынан 41,0 центнерден өнім алған. «Таң» шаруа қожалығының жоңышқа өсірушісі Нұркелді Айтбекұлы «Озат жоңышқа өсіруші» деп танылды. 110 гектар жоңышқаның әр гектарынан 115,0 центнерден жоңышқа алды. «Озат мақсары өсіруші» жүлдесіне «Өзгент-С» шаруа қожалығының мақсары өсірушісі Ердәулет Бақытжанұлы лайық деп танылған екен. Ол 50 гектар мақсарының әр гектарынан 13,0 центнерден өнім алған. «Қайсар.Қ» шаруа қожалығының бақша өсірушісі Қайсар Мұхтарұлы «Озат бақша өсіруші» атанды. 12 гектар бақшаның әр гектарынан 500 центнер өнім алған. Құрбанғали Әлайдарұлы «Озат жүгері өсіруші» номинациясы жеңді. Ол 15 гектар жүгерінің әр гектарынан 80,0 центнерден көрсеткіш көрсетті.
«Тасболат-А» ЖШС-нің картоп өсірушісі Бауыржан Сағындықұлы «Озат картоп өсіруші» атанды. Ол 15 гектар картоптың әр гектарынан 105 центнер нәтижемен көрінді. «Озат комбайншы» атағы «Алшынбай» шаруа қожалығының астық бастырушысы Бауыржан Сарсенбекұлына бұйырды. Ол биылғы маусымда 2300 тонна астық бастырған.
«Жаңақорғансушар» өндірістік учаскесінің бас маманы Шәмшідін Камалдинұлы «Үздік су мұрабы» атанса, «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі, әріптесіміз Мақпал Марқабайқызы «Үздік тілші» номинациясы иегері атынды. №3 жылжымалы мәдени демалыс кешенінің меңгерушісі Сайранбек Молдабекұлы «Үздік мәдениет қызметкері» атанды. «Бекарыс С» шаруа қожалығының бақташысы Жорабек Есенбекұлы «Үздік бақташы», «Сундетулла» шаруа қожалығының шопаны Сундетулла Алдабергенұлы «Үздік шопан», «Бақытжан» шаруа қожалығының жылқышысы Нұржан Пернебекұлы «Үздік жылқышы» және «Аққорған ауылдық округі ветеринариялық станциясының» меңгерушісі Жалғас Айтөреұлы «Үздік ветеринар» номинациясы бойынша марапатталды.
Осындай құрметке бөленіп жатқан жандардың, жалпы жаңақорғандық жерлестердің құрметіне қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, әнші Наркенже Серікбаева арнайы келіп, әннен шашу шашты.
Иә, Мемлекет басшысы «Республика күні - елдің мемлекет құруы жолындағы тарихи қадамының символы» екендігін атап өтті. 2009 жылға дейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде аталып, халықтық қолдауға ие болған Республика күні жөнінде ел Президенті 25-ші қазанды «Республика күні» деп қайта жаңғыртқанын білеміз. Оны мына жыр шумақтарымен түйіндейік.
...Қазақ елімін, атымды әлем танысын,
Қазақ елімін, өзгеден бөлек шабысым.
Мұраты асқақ, Ұлы Даланың ұрпағы,
Жасай бер елім, бақ қарап, Қыдыр дарысын!
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ