Каспий жағалауында 25 өлі итбалық табылды
2023 жылғы 15 қазан сағат 10-40-та Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында Түпқараған ауданында Баутино ауылының маңында 25 өлі итбалық ұшасы мен 33 дана бекіре тұқымдас балықтарды тапты, деп хабарлайды ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінен.
Айта кету керек, табылған теңіз жануарлары мен балықтардың өлекселері әр түрлі дәрежеде ыдыраған, бұл олардың өлімі әр уақытта болғанын көрсетеді. Қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, осы факт туралы жұмыс тобының барлық мүшелері (жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, Қазақстандық қолданбалы экология агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғатты қорғау прокуратурасы) хабардар етілді. Итбалық табылған жердегі жұмыс тобын Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары басқаруда. Қазіргі уақытта жұмыс тобының қалған мүшелері су, ауа, топырақ сынамаларын алу үшін және мүмкін болса, өлі жануарлар мен балықтардың тіндерінен сынамалар алу үшін келеді деп күтілуде. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар түрлерінің жойылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.