» » Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Беларусь Республикасының университетімен байланысын күшейтуде

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Беларусь Республикасының университетімен байланысын күшейтуде

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Вероника Радыгина бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен келді.


Шетелдік білім саласының өкілдері университет басшылығымен кездесіп, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша өзара пікір алмасты.
Кездесуде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова білім ордасының қызметі мен жоспарлары туралы айтып, Беларусь жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті – Беларусьтегі жүз жылға жуық тарихы бар жетекші оқу орны. Сондай-ақ, білім беру қызметі бойынша үздік жоғары оқу орындарының үштігіне кіреді. Делегация құрамында Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ирина Шеститко, Минск қаласындағы Мәскеу ауданы әкімшілігінің білім бөлімі басшысының орынбасары Наталья Геро және Минск қаласындағы бес мектептің директоры бар.
Қадірлі меймандар білім ордасының проректорларымен, профессор-оқытушылар құрамымен кездесіп, жоғары білім беру процесі және ғылыми бағытта бірлесіп зерттеулер жүргізу, білікті кадр даярлау бойынша ұсыныстарды талқылады. Алдағы уақытта тараптар қос дипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, математика, химия, биология мамандықтары студенттері мен магистаранттарын бірлесіп оқытуға, білім алушыларды практикадан өткізуге келісті.
Екі университеттің бірлесуімен экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған «жасыл қауымдастық» ашылатын болады.
Осы уақытқа дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының бастамасымен қала мектептерінде «Жасыл мектеп» пилоттық жобасы басталған болатын. ЖОО ғалымдары оқушыларға биоалуантүрлілік, су үнемдеу, энергия үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, экологиялық-ақпараттық жұмыстар бойынша бағыт-бағдар беруде.
Сонымен қатар, екі университ ғалымдары «Беларусь – Қазақ» сөздігін де әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Бұдан бөлек, шетелдік ЖОО өкілдері университеттің ғылыми инфрақұрылымымен және зертхана, музейлермен танысты.
13 қазан 2023 ж. 296 0