№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бау баптаған бағбан

Бау баптаған бағбан


«Адамды адам еткен – еңбек», дейді халық даналығы. Тәңір салған тағдырмен емес , еңбегіңмен қадірлісің дегенді ұғындырады хакім Абай. Алайда қазір еңбек адамдарын өз дәрежесінде дәріптей алып жүрміз бе? Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кешегі Жолдауында еңбек өнімділігіне тоқталып, халықты масылдықтан арылуға үндеді.


Осы тұста еңбегін үлгі тұтар адамдар арамызда көп болса, соның бірі Манап ауылының бағбаны Тұрсынқұл Ибрагимов деуге болатын шығар. Аңыз ақынның ауылының табиғатына зер салсақ аяқ суы кем, ақ топырағы бетіне шығып жататын жасыра алмаймыз. Құмдауыт жерді өңдеп, бау-бақша салу үлкен тәуекелділік пен еңбекті қажет ететіні анық. Өзен-көлден жырақ ауылды жасыл желекке көмкеру­ге бар ғұмы­рын арнаған ағамыздың жас­тайынан қолынан кетпені мен күрегі түскен емес. Адамды әйгілейтін де осы адал еңбегі. Тұрсынқұл Пайызұлының тынымсыз тірлі­гін талай алқалы басқосуларда ауылдағы ағайын көпке үлгі етіп келеді. Ізінен ер­ген інілерін үнемі еңбекқорлыққа үгіттеп жүретін бағбан саналы ғұмырында бау-бақшаның қыр-сырын меңгеріп, отбасының нәпақасын жер-анадан тапты.
– Туған жерім Оңтүстік Қазақстан об­лысы, Киров ауданы. 1965 жылы Талап совхозының №3 фермасына көшіп кел­дік. Осы ауылда сегізінші сыныпты аяқ­тап, Түгіскенде он жылдықты бітірдім. Жаңақорғанда 6 айлық курс оқып, кө­лік жүргізушісі куәлігін алдым. Бірқатар шаруашылықта көлік жүргізуші болып еңбек еттім. 1981-1987 жылдары Кеңес Одағының әскер қатарында болдым. Сол кезде бау-бақша өсіруге деген қы­зығушылығым оянды. Ауылға оралған шақта ауылшаруашылығында үлкен нау­қан болып жатты. Ол кезде тәртіп қатал еді, адамның жасына қарамайды, бұғанасы бекісе үлкен шаруаларды арта сала­ды. «Тың көтереміз!» – деген ұранмен ең­бек ете жүріп әр түрлі көлік жүргізуге әб­ден машықтандым, – деді бағбан әңгімесін әріден бастап.
Талап совхозында 1987-1989 жылы №3 ферманың бас шопаны болған Тұрсынқұл Пайызұлы төлді баспа-бас өсіру жоспа­рын жүзеге асырды. Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін 1992-2007 жыл аралығын­да Келінтөбе аумағындағы З.Мұсаханов атындағы каналында су реттеуші болып еңбек етті.
Оның бағбандық қабілеті Манап ауыл­ындағы №160 орта мектепке қызметке келген сәттен аңғарылды.
Мектепке тиесілі азын-аулақ жерде ала жаздай көк желек егіп бапта­­ды. Кішкентайынан ата-анасының бақша салғанын көріп өсіп, соны өзінің еңбек жолына жаратты.
Тәжірибелі бағбанның сөзінше, ау­дан халқын жергілікті өніммен қамта­масыз етуге құнарлы жерлерді табу қиын. Кезін­де түрлі зерттеулердің нәтижесі біздің жер­лер егістікке емес мал шаруашылығына арналған деген тұжырым жасаған екен. Кейде Манап ауылының жерін өзге егіс­тік жерлермен салыстыратындар бола­ды. Ол – қате пайым. Мәселен, Сыр­дың топырағымен бұл жерді салыс­тыру­ға келмейді. Тағы бір ауылдағы күрмеу­лі мәсе­ле – судың жетіспеушілігі. Осы ауылдағы тұрғындар бау-бақшаны талай қуратып алған кездері болды. Бұл туралы сөз қозғаған бағбан «Жеріміз жайсыз деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Өзіңнің отбасыңды көкөніс өнімдерімен қамтып, артылғанын сататындай етіп талаптансаң, жақсы өнім алуымызға бәріміздің де мүмкіндігіміз бар. Ол үшін алдымен бойыңда ынта мен жігерің болуы қажет, – деп кеңес айтады.
Мектеп ауласында жеміс ағаштары жайқалып тұр. Оқушылардың тынығуына саялы ағаштар кең құшағын жайып, қалың көлеңкесін түсіріп, көркі көз тойдырады. Төрт мезгіл мектеп айналасындағы тал-терекке күтім жасап, суғарып, әктеп, отап тұруды дағдыға айналдырған. Биыл жеміс ағаштары құйылып салып, ауыл тұрғындарын жеміс-жидекпен қамтыды. Мол өнім берген баққа үлкендер жағы алғаусыз ризашылығын білдіруде.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілдің тереңіне бойлаған бағ­бан шаңырағында бақ өсіруді дәстүрге айналдырған. Есік алдындағы аядай жерді көк желекке көмкеріп, шие, жүзім, алма, шабдалы, караөрік секілді жеміс ағашы үй іргесін бойлай орналасқан. Мұндағы күтімді бағбанның бала-шағасы жасап, еңбегіне сай өнімін алып, оны кәдеге жаратып отыр.
– Шүкір, не ексең соны орасың дегендей, еңбегімізге қарай жылда несі­бемізді тереміз. Бала-шағадан артылғанын көрші-қолаң мен ағайындарға таратамыз. Көкөністі егіп одан пайдаға кенелем деу, айтуға оңай, әрине. Бірақ ол қиын екен деп үміт үзуге болмайды. Бау-бақша да адамнан жылулық, мұқияттылық пен мейірімділікті күтеді. Таңмен таласа оя­нып күні бойы баптасаң, ол да мезгілін­де өнімін аямайды. Бұл – нағыз маңдай термен келетін жауапкершілігі орасан тірлік. Мен осыған ширек ғасыр күш-жігерімді жұмсадым, балаларымды да осы кәсіпке баулыдым. Биліктегі азаматтар осы тірлігімді көпшілікке үлгі етіп, алқалы орталарда менің есімімді атап, мерейімді асырып жатады, – дейді еңбек адамы риза кейіппен.
Бағбан түрлі басқосуларда атқамінер азаматтардың назарына жиі салатын өтінішінен әлі айныған емес. Күрек кет­пеннен қолы босамайтын бағбан Тұрсынқұл осы кезге дейін еңбегін еш­кімге бұлдаған да емес. Біреуге қарап қол қусырғанды ұнатпайтын ол жадына бойыңда қуат бар да еңбек ете бер деген қағиданы әбден қалыптастырған. Ол – отбасында бір әулеттің асқар таудай тірегі. Жасы егделенген сайын кетпен арқалау да қиындай түсетінін өзі де мойындайды. Бірақ жасыл бақты бір шолып шықса барлық қиындықтар ұмытылып кететіндей көрінеді тұрады оған…

Мақпал МАРҚАБАЙ
09 қазан 2023 ж. 244 0