№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбегімен елге сыйлы келіншек

Еңбегімен елге сыйлы келіншек


«Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген қазақта қанатты сөз бар. Әсілінде, адам баласының аузына ана сүтінен бастап, мына жалған тіршілікте түрлі тағам дәмін тату пенде пешенесінен айналып өтпейтіні ақиқат. Осы ризық-несібеге қол жеткізудің өзі адамның іс-әрекетіне байланысты болса керек-ті. Кәсіпкерлікпен айналысудың сан жолы бар. Ең бастысы, кез келген адамда өзіне деген сенім мен еңбекке деген ынта қажет. Бүгінде нарық заманы, еліміз қымбатшылық заманды басынан өткізіп жатса да әр күн сайын қай салада болмасын жаңа дүниелер ашылып жатқанына куә болып жүрміз. Сол секілді аспаздық өнер де бір орында тұрып қалмай, шебер аспаздардың біліктілігімен күннен-күнге дамып, жаңалықтармен таңқалдыруда. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Аида Алматқызы үйде отырып-ақ еңбектеніп, өзі ғана емес өзгені де жұмыспен қамтып, отбасылық табыс көзін арттыру мақсатында аспаздық мамандықты жанына серік етіп келеді. Ол өзінің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында көпшіліктің ықыласына бөленіп, жаста болса өз шыңын бағындырып үлгерген маман. Аспаздық жолында адалдық танытып, тіл үйірер тағаммен халықтың ықыласына бөленіп жүрген жан.


Кейіпкеріміз әуелі кент орталығындағы «Жас қанат» кафесінде біраз уақыт жұмыс жасап, тәжірбие жинақтап, заманның талабына сай аспаз болғанын тілге тиек етті. Қазір әлемдегі сұранысқа ие аспаз мамандығының қиындығы сонда, тек қана оқу арқылы игеріп кете алмайсыз, оған адамның бойында осы керемет мамандыққа деген бейім, Алланың берген дарыны болу керек. Осы жолды таңдаған Аида Алматқызы мамандық таңдайтын уақытта өте көп ойланғанын жасырмады.

– Аспазшылық – өзім таңдаған мамандық, әрі табыс көзі деуге болады. Бала кезімде тағамның дәмін татып, баға беретін дегустатор болғым келетін. Меніңше, адам қатып қалған стереотипті бұзып, өмірде жаңа мүмкіндіктерді іздеп, тынымсыз еңбек ету қажет. Әйел адамның әзірлеген асы қашанда дәмді әрі таза болады ғой. Өзіміздің «Жас қанат» кафесінде жұмыс жасай жүріп, той-томалаққа қажетті дәмді ас пісіруді қолға ала бастадым. Әлбетте, алғашқыда ағайын-туыстың қызығына атсалысып, көмектесіп жүретінмін. Той-жиындарға түрлі салат жасап, ақшаға емес, алғысқа қызмет атқарып жүрдім. Уақыт өте келе кәдімгі кәсіп екенін ұғынып, жан-жақты ізденіп, түрлі мастеркластарға қатысып, тәжірибе алмаса бастадым. Қызылорда қаласына барып, соңғы хит тағамдарды дайындайтын шеберлерден көп нәрсе үйреніп келдім. Әлі күнге дейін жұмыстың арасында уақыт тауып, білімімді жетілдіріп отырамын. Қазір балықтың түр-түрін, кәуәп, салат сынды тағамдарды дәмді әрі сәнді етіп жасаудың шеберіне айналып келемін. Қасымда 3-4 келіншек бар, бірге жұмыс жасаймыз. Әрбір қыз-келіншек әзірлеген тағамдарының көрер көзге де тартымды болғанын қалайды. Мен осы нәрсеге баса назар аударамын, – деді ол.

Түсіне білгенге «аспаз» өте жоғары дәрежелі мамандық. Аспаздықты оқып қана қоймай, кісі бойында осы керемет мамандыққа деген бейім, ықылас болуы керек. Астың дәмін келтіретін тұз болса, екеуінің де дәмін келтіретін аспаз деуге болады. Біздің кейіпкеріміз соңғы уақыттары ұйғыр, түрік, орыс, қырғыз ұлтының тағамдарын жасауды да меңгеріпті. Дәмді бәліштер, түрлі тіскебасарлар мен шөлбасар сусындарды дайындап, дастархан мәзіріне қосты. Аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, оны табыс көзіне айналдырып отыр.
Ас мәзірінің шебері, бал бармақты қаракөз ұлттық тағамдардың сан алуан түрінен бөлек стейк, чикен, суши сынды жеңіл дәмдерді дайындауды жетік меңгерген. Содан болар күнде тапсырыс қабылдап, отбасымен берекелі тірлікке бет бұрған. Сұранысқа ие тәтті торт әзірлеудің құпиясын да меңгерген шебердің қолынан шыққан өнімдер талай дастарханның сәнін келтіруде.

– Ас мәзірі туралы көп ізденіп келемін. Қазір адамдардың талғамы жоғары. Мақсат осы деңгейден таныла берсек дейміз. Әзірге, менің көмекшілерім үлкен екі қызым мен сіңлілерім. Барлығымыз бірігіп көпшіліктің көңілінен шығатын ас әзірлеуге барымызды салып жүрміз, – дейді асхана шебері.

Кейіпкерімізбен әңгімелесу барысында, болашақта жүзеге асыратын жоспарының аз еместігін білдік. Қолға алған жұмысын жандандырып, өзінің қазіргі кәсібін одан әрі дамытқысы келеді. Сонымен қатар жас аспаздарға өзінің білген-түйгенін үйретуді де ойластырып жүр екен.
– Осы кәсіпті болашақта үлкен деңгейге көтеріп, аудан орталығынан өзімнің цехымды ашып, отбасылық бизнес ретінде дамытсам деймін. Жоспар көп, тек уақыт қажет. Кәсібіміздің берекесін көріп, елге осылай қызмет етсек соның өзі бізге жетіп жатыр. Алдағы уақытта Жаңақорғандықтарды тағы да тәттінің түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында жаңа идеяларды қолға алып жатырмыз, – дейді кәсіпкер.
Адал еңбегінен бақыт таба білген Аида Алматқызына алдағы кәсібі ілгері домалап, жетістіктері мен бағындырар шыңдары көп болсын деп тілейміз.

Әсел РЗАЕВА
22 тамыз 2023 ж. 272 0