№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Қыс болған жағдай қайталанбауы керек"

"Қыс болған жағдай қайталанбауы керек"



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Екібастұздағы жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.
Мемлекет басшысы жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу барысын тексерді.

 
– Бұл жұмыс бақылауымызда болады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек. Азаматтарымыз шыдамдылық, сабырлық танытып отыр. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан әкімдерге осындай тапсырма берілді. Тиісті қаражат бөлініп жатыр. Жоспарлардың бәрін міндетті түрде іске асыру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы орамішілік және магистральдық желілердің алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.
Павлодар облысының әкімі Асайын­ Байхановтың айтуынша, бүгінде магистральдық және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды. Сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр.
Жалпы облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру аса қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-на техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдық құбыр құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл қаланың төрт шағын ауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз ету параметрлерін айтарлықтай жақсартады.
 Мемлекет басшысы Екібастұз ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
Президент жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін мәлімдеді. Мемлекет басшысы қыркүйек айында жарияланатын Қазақстан халқына Жолдауында елдің экономикалық саясаты туралы өзінің көзқарасын баяндау­ды жоспарлап отыр.
–Біз мүлдем жаңа бағытқа көшу үшін Қазақстанның экономикалық дамуына тың серпін беруіміз керек. Жауапты тарихи сәт келді. Демек Қазақстан экономикасы да қазіргі деңгейде қала алмайды. Сөзсіз солай боларына сенімдімін. Үкіметтің міндеті – тиісті ұсыныстар беру. Бұл – бірінші. Екіншіден, осы ұсыныстарға сәйкес дайындалатын жоспарларды іске асыруға кепілдік беру. Бірақ мен жаңа экономикалық модельді іске асыруға және дайындауға қатысты көзқарасымды жасырмаймын. Жақында Жоғары экономикалық кеңестің отырысын өткіздім. Ашығын айтқанда, сол жиында отандық экономистерді сынға алдым. Менің ойымша, олар істі соңына дейін жеткізе алмайды. Креативтілік жоқ. Біздің және жалпы мемлекеттің алдында тұрған міндеттерді түсінбейді. Халық бізден нақты шешімдер күтеді, өйткені ең өзекті мәселелерді шешу қажет. Халқымыздың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету еліміздің экономикасының даму тұжырымдамасына қатысты біздің ұстанымымызға тікелей байланысты. Мұны түбегейлі шешімдерсіз еңсеру қиын. Біз еліміздің экономикалық дамуына тың серпін беруге бағытталған осы өте маңызды жұмысқа бірге кірісуіміз керек – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ сапар басында қала тұрғындарымен және аймақтағы кәсіпорындардың өнімдер көрмесін аралап, жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті.
04 қараша 2023 ж. 236 0