№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тарифтердің бағасы тұрақты ма?

Тарифтердің бағасы тұрақты ма?

Халық тұрмысын энергия өндіру, жылу, электрмен жабдықтау, су және газсыз елестету мүмкін емес. Бұл қызметтердің тариф бағасы әркез елдің басты назарында. Кейбір тариф түрлері жыл басынан бастап өзгерді. Алдағы уақытта да өзгеруі мүмкін екені даусыз. Осы мәселелер турасында табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Айбек Егембергеновпен тілдескен едік.syrboyi.kz


– Табиғи монополияларды реттеу департаментінің құзырына электрмен және газбен жабдықтау саласындағы бағаларды мемлекеттік реттеу ісі кіретінін білеміз. Кейінгі кезде тарифтерге қандай өзгерістер енгізілді?
– Департамент жылу энергиясын өндіру, газ тарату жүйелері арқылы тауарлық газды тасымалдау, электр энергиясын беру, суды таратушы желілер арқылы беру тәрізді қызметтердің 54 түрі бойынша 34 табиғи монополия субъектісінің жұмысын реттейді. Биыл облыс аумағында электр, газ және су бұру тарифтері өзгерген жоқ, былтырғыдай қалды. Ал 1 қаңтардан бастап сумен жабдықтау қызметтері 1,6 пайызға төмендеді. Десек те жылумен жабдықтау қызметтерінің тарифтері 2021-2026 жылдарға ұзақмерзімді кезеңге бекітілгенін ескере отырып, қаңтар айынан бастап 11,4 пайызға өзгерді.
Өткен жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау қажет» деп жаңа тариф саясатына көшу керек екенін атап өтті. Жаңа тарифтік саясат желілердің тозуы, ысырап пен апаттың алдын алып, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында инвестициялар тартуды көздейді. Осы бағдарлама аясында инвестициялық бағдарламаларға ғана емес, коммуналдық саланың тарифтеріне де өзгерістер енгізіледі деп күтілуде.
– Желілердің тозуы мәселесі барын айтып қалдыңыз. Оны инвестиция арқылы шешу көзделген екен. Бұл бағытта қанша қаражат тартылып жатыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бірінші жартыжылдықта департамент облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп, ұзақмерзімді тарифтер бойынша жұмыс істейтін субъектілердің 4 инвестициялық бағдарламасын қарап, бекітті. Атап айтқанда, биыл желілер мен жабдықтарды жаңартуға бюджеттен 8878,9 млн теңгеге жуық, 0,8 млрд теңге қарыз қаражаты, субъектінің өз қаражатынан 2,6 млн теңге тартылды. Инвестициялық бағдарламаларды іске асыру аясында 31,6 шақырым электр желілерін, 8,9 шақырым жылу желілерін, 8,1 шақырым сумен жабдықтау желілерін жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Осы арқылы желілердің тозуын жылдың соңына дейін орташа есеппен 2 пайызға төмендетеміз.
– Желтоқсан айының соңында Мемлекет басшысы кейбір заңнамалық актілерге, соның ішінде табиғи монополиялар саласындағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заңға қол қойды. Ол қандай нәтиже бермек?
– Бір жұмыскердің бір жылдағы статистикалық деректері бойынша қалыптасқан орташа айлық номиналды жалақысының өзгеруіне байланысты тарифтердің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін оны қайта қарау мүмкіндігі бар. Осы негіздер бойынша жаңа тарифтер бекітілмек. Нақтырақ айтсам, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның электр энергиясын беру қызметтері үшін 1 кВт/сағ құны 5,676 теңгеге (16,2 пайыз) өзгереді. «Қызылорда жылу-электр орталығы» МКК-ның жылумен жабдықтау қызметтері үшін 6582,01 теңге көлемінде, халыққа орташа босату тарифі 1 Гкал үшін 2800,51 теңгені құрады. Оның ішінде жылу есептегіш құралы бар тұтынушыларға 1 Гкал үшін 1764,51 теңге, есептегіш құралы жоқ тұтынушыларға 1 шаршы метр үшін 96,79 теңге бекітілген. «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБ филиалының сумен жабдықтау қызметтері үшін, оның ішінде магистральдық құбырлар арқылы су беруге 1 м3 үшін 438,30, суды таратушы желілер арқылы 1 м3 үшін 380,51, сарқынды суды бұруға 1 м3 үшін 235,03, тұрғындарға 1 м3 үшін 106,19 теңгені құрады.
– Өзгеріссіз қалған тарифтер де бар. Алдағы уақытта бұл ұйымдар қызметінің құны құбылуы мүмкін бе?
– Қазір 3 субъектінің өтінімі қаралуда. «Теміржолсу-Қызылорда» ЖШС сумен жабдықтау қызметіне, «Қызылорда су жүйесі» МКК сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне және «Қазалы су» МКК сумен жабдықтау қызметі тарифтерін өзгерту туралы ұсыныс берген. Сондай-ақ «Қызылорда газ тарату жүйесі» МКК-ның Жосалы, Жалағаш және Тереңөзек елді мекендеріндегі тауарлық газдың көтерме бағасының 1 шілдеден бастап өзгеруін ескере отырып, тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын өзгерту туралы ақпарат қаралуда.
Бұл ретте бірінші жартыжылдықта энергиямен жабдықтаушы 3 ұйымның электрмен жабдықтау қызметтерінің бағасы өзгеріссіз қалғанын айта кеткен жөн. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының газбен жабдықтау қызметтерінің бағасына келетін болсақ, газдың шекті бағасы 2022 жылдың тамыз айындағы баға деңгейінде өзгеріссіз қалды, мұнда халық үшін баға 1000 м3 үшін 13 043,49 теңгені құрайды. Бұл бағаның ішіне шілде айында аяқталатын тауарлық газды тасымалдауға 1000 м3 үшін 3320,45 теңге тарифі және 1 тамыздан бастап бұрын бекітілген 1000 м3 үшін 5941,35 теңге көлеміндегі тариф енгізілуі қажет болатын. Онда соңғы тариф халық үшін 1000 м3 үшін ҚҚС-сыз 16496,52 теңгені құрауы тиіс болған. Алайда субъекті 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бекітілген тарифті қолданбағанын ескере келе, 902,6 млн теңге негізсіз алынған кіріс тұтынушыларға қайтарылмақ. Сол үшін 1 шілдеден бастап тасымалдау тарифі 1000 м3 құны 4453,57 теңге көлемінде болып келісілді.
Бұл тұста Энергетика министрінің бұйрығымен 1 шілдеден бастап тауарлық газды көтерме сатудың шекті бағасы бекітілгенін ескерген абзал. Оған сәйкес өңірімізде тауарлық газдың көтерме бағасы 1000 м3 үшін 9194 теңгеден 10113 теңгеге, яғни, 10 пайызға көтеріледі. Соңғы бағаға әсер ететін екі факторды ескеріп, биыл шілдеден бастап тауарлық газдың түпкілікті бағасы өзгереді деп күтілуде.
– Осы мәселеде тұтынушылардың, яғни, халықтың пікіріне де құлақ асқан жөн тәрізді. Осындай талқылауларға жұртшылық араласа ала ма?
– Әрине, тұрғындардың пікірі әркез ескеріледі. бірінші жартыжылдықта департамент арқылы қабылданатын шешімдердің ашықтығын, жариялылығын және тұтынушылардың хабардар болуын қамтамасыз ету мақсатында 2 жария тыңдау, табиғи монополиялар саласында тарифті қалыптастыру мәселелері бойынша өңірлік комиссияның 2 отырысы, 6 тұтынушылардың қоғамдық қабылдауы өткізілді. Енді департаменттің алдында тұрған келесі міндеттерді де атап өту қажет. Біріншіден, тарифтер мен бағаларды қалыптастыруға жұртшылықты тарту. Екіншіден, негізсіз тарифтерді белгілеуге жол бермеу. Үшіншісі, жүргізіліп жатқан тарифтік саясатты және субъектілерге қатысты қабылданған шараларды кеңінен қамту.
– Әңгімеңізге рахмет!

27 маусым 2023 ж. 169 0