№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 4 пайыздық автонесие қоғамдық көлікке бағытталады

4 пайыздық автонесие қоғамдық көлікке бағытталады

Қазақстан халқы күтіп отырған жеңілдетілген 4 пайыздық автонесие бағдарламасы тоқтатылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Министр 4 пайыздық жеңілдетілген автокредит енді тек автобустар сатып алуға ғана беріледі дейді. Осылайша министрлік қоғамдық көліктер проблемасын шешпекші.


– Қазіргі таңда қаражат жиналды. Жеңілдетілген автонесиеден түскен қаражатты мемлекеттік көліктерді несиелендіруге қайта бағыттау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Біз бірқатар облыста болдық. Әкімдік өкілдері автопаркті несиелендіру мәселесін көтеруде, – деді Марат Қарабаев.
Айтуынша, Қостанайда қоғамдық көліктердің 90 пайызы, ал Талдықорған мен Оралда 70 пайызының тозығы жетіп отыр. Сондықтан қолда бар қаражатты барынша тиімді пайдалану міндеті тұр. Осыған байланысты қаражатты жеңілдетілген автонесиелерге – қоғамдық көлікті несиелендіруге бағыттау мүмкіндігі қарастырылуда. Өйткені қоғамдық көлікті күнделікті 9,3 миллион қазақстандық пайдаланады.
М.Қарабаев бағдарлама шарттарының өзгеруі елде жеңіл көлік қымбаттайды деген сөз емес екенін де атап өтті. Қазақстандықтар көлікті нарықтық ставкамен ала алады. Демек, өндірушілердің немесе банктердің бағдарламасын қолдануға болады.
Министрдің бұл мәлімдемесі жеңілдетілген автонесие бағдарламасы ашылғанда жаңа көлік аламын деп жүргендердің соңғы үмітін үзгендей болды. Еске салсақ, елдегі жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы көптеген пікірталастар тудырған. Өтінім берушілер сайттың дұрыс жұмыс істемейтіндігіне шағымданды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтегілерге екі-үш көлікке мақұлдану берілгені жөнінде ақпараттар да тараған болатын.
Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы былтыр мамырда басталды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге 100 млрд теңге бөлінді. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады. Былтыр шілде айында бағдарламаға бөлінген қаржы таусылғандықтан, банктер өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты. Биыл арнайы платформа құрылып, 6 ақпан күні 4 пайыздық жеңілдетілген несиеге autonesie.kz сайтында өтінім қабылданған. Бұл жолы банктер пулға қатысушылардан 5,171 млрд теңге сомаға 569 өтінімін мақұлдады.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін арзан автонесиеге 13 мың адам көлік сатып алды. Енді олардың төлеп жатқан несиесі реворверлі түрде айналымда болып, содан жинақталған қаржыға жеңілдетілген несиені беру жалғаса береді. Бірақ тек автопарктер ғана мұның игілігін көретін болады.
Осылайша, былтыр дәл осы уақытта арзан автонесие ашылғанда 30 жылға созылады деп хабарланған бағдарлама бір жылға жетпей тоқтады. Оған қоса, қазір елімізде 4 пайыздың ашылғанын күтіп жүрген 40-50 мың азамат бар екен. Сондықтан бірқатар қоғам белсенділері министрлік сол қарапайым халықтың емес, жолаушылар тасымалымен айналысатын санаулы топтың лоббиіне бүйрегін бұрды деген пікір айтуда. Себебі көптеген қалаларда қоғамдық көліктер қалалық әкімдікке емес, жеке компанияларға тиесілі.
Ал «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ автокредит беру бағдарламасы қаражатының нысаналы мақсаты неге өзгергенін түсіндірді. Енді қаражат тек лизингпен автобус алуға бөлінеді. Қор мәліметінше, бағдарлама аясында осы уақытқа дейін 13335 несие берілген.
«Қазіргі кезде автокөліктің ең сұранысқа ие түрі – автобус болып тұр, бүкіл сапардың 67 пайызы автобустарға тиесілі. Статистикаға сәйкес, елдегі автобус паркінің 45%-ы 10 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Астана, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында қоғамдық көліктердің тозуы 25%, Түркістан, Қарағанды, Тараз, Павлодар, Көкшетауда 50%, Ақтау, Өскеменде 60%, Талдықорған, Петропавл, Оралда 70%, Қостанайда 90%-ды құрайды» – делінген қор хабарламасында.
Жалпы, автобустарды лизингтік қаржыландыру 5 жыл бұрын қолға алынған. Осы уақыт ішінде қор 3818 жолаушылар автобусын сатып алуды қаржыландырған. Енді жаңа құралдар жылына 700 автобусты жаңартуға мүмкіндік береді екен. Бұған байланысты, қор «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен министрлікке осы қаражатты жолаушылар автобустарын лизингтік қаржыландыруға бағыттауды ұсынған. Бұрын жеңілдетілген автокредит беру бағдарламасы бойынша ай сайын 120 адам көлік алса, қаражатты қайта бөлген жағдайда, бір айда 15 мыңға жуық жолаушы тасымалдайтын 20 автобус сатып алынбақ.
Автобустарды лизингтік қаржыландыру бағдарламасының шарттары да мәлім болды. Лизингтік қаржыландыру мерзімі 7 жылға дейін, бастапқы жарна лизинг құнының кемінде 15%-ы. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%.
Тағы бір айта кетерлігі, министр автонесие алған тұрғындар 100 млрд теңгенің 1 миллиардын жақында қайтаратынын, бұл қаражатты 100-ге жуық автобус алуға несиеге беретінін айтты. Бұған дейін шенділер жылына автонесиеге 3 мың машина беруге уәде еткен, яғни, жыл сайын банктерге 30 млрд теңге несие төлемі ретінде қайтады. Қазір он екі метрлік газбен жүретін автобус 100 млн, 9 метрлігі 70 млн теңге тұрады. Демек револьверлік жолмен қайтқан 30 млрд теңгеге жыл сайын 300-400 автобус алуға болады. Бұл аз ба, көп пе деген сұрақ туады.
Қазақстанда қазір 20 әкімшілік аймақ бар. Ақшаны тең бөлсе, әр өңір жылына несиеге 15-20 автобус алады. Бір ғана Алматы қаласы 2023 жылы 200 қоғамдық көлік сатып алуды жоспарлап отырғанын ескерсек, бұл түкке тұрғысыз сан екенін байқаймыз. Бірақ автобустары әбден тозған кей облысқа мұның өзі үлкен көмек болуы мүмкін.

22 маусым 2023 ж. 171 0