№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Асылды тот баспайды

Асылды тот баспайды



(Қаз қалпында)

«Адамдар тауларды беріктік пен биіктіктің белгісіндей көреді, ал олар болса бұлтқа ұқсап көшіп жүр», – деген екен Мұхамед пайғамбарымыз. Зымырап жатқан уақыт. Шыр етіп дүние есігін ашасың, әні-міне дегенше мектеп табалдырығынан аттап, көзді ашып-жұмғанша қолыңа аттестатыңды алып, сол мектепті бітіріп те шығасың. Сонан кейін сыныптастардың жолдары әр тарапқа түсіп жүре береді. Өмір заңы солай екен.
Біз Бауыржан екеуміз әскери борышымызды өтеп келген соң құжаттарымызды Қарағанды жоғары милиция мектебіне тапсырдық. Жолымыз болып екеуміз де оқуға түстік. Бәукеңде бір емтиханнан сәл қиындық болып, «Балыңыз жетпейді, конкурстан өте алмайсыз», – дегенде одан қаймығатын Бәукең бе, бірден мектеп бастығы генерал Алехиннің қабылдауыннан бірақ шықты. Құжат арқылы білімі мен жалындап тұрған көзінен Бәукеңнің табандылығы мен қайсарлығын байқаған генерал телефон арқылы:
«Намазовты бұйрыққа қосыңдар, оқуға түсетін болсын» – деп бір-ауыз сөзбен мәселені шешті.
Бәукең екеуміз де қазақ тобында болдық. Қазақ тобы деген аты болмаса сабақ орыс тілінде өтеді. Себебі тыңдаушыларды ол кезде Кеңестер Одағының он бес республикасынан қабылдайтын. Оқытушылық құрамның басым көпшілігі орыс, еврей ұлтының өкілдері болатын. Басында қиналдық та, келе-келе үйренісіп кеттік.
Зырғып жыл өте шықты. 1989 жылдың маусым айы болатын. Аяқ асты дабыл қағылды да, бізді ұшаққа отырғызып Ақтау қаласынан бірақ шығарды. Әуежай халыққа лық толы. Басым көпшілігі тау халықтары. Өздері ашулы «Біз әлі келеміз, көрсетеміз сендерге» – деп халықты қорқытып қояды. Әуежайдан дайын тұрған автобустарға отырып, Жаңаөзенге тарттық. Толық мәнжайды біле бермейміз, халық көтеріліпті – деседі. Автобустар Жаңаөзен қаласының орталық алаңына тоқтады. Белдеріне сапер күректерін байлап алған денеліденелі күрең береттілер жүр екен. Кейінірек білдік, Ресейден келген арайы мақсаттағы милиция жасақтары екен. Алаң, көшелер тазартылғанымен әр жерлерден қанның жұғындылары байқалады. Көше бойындағы үйлер мен дүкендер өртенген. Біз барғанда қалада коменданттық тәртіп орнаған екен. Бір ай Жаңаөзенде болып халық тынышталған соң Қарағандыға қайттық.
Сол жылы қазан айы болса керек, Бәукең екеуміз екінші курстамыз. Тәртібің мен сабағың дұрыс болса сенбіге бір күнге қалаға шығып қайтуға еркіндік беретін. Екеуміз рұқсатты бірге алып, мединиституттағы жерлестерімізге бармақ болып көшеде жүретін жиырма төртінші маршруттағы ескі автобусқа отырдық. Ол кезде Н.Әбдіров көшесі мен Мира деп аталатын көшеде айналмалы жол болатын да, сол жерде шағын базар орналасқан еді. Автобус айналмалы көшені айналып, бұрылып жатқанда автобус ішіндегілер «Убивают, убивают, человека зарезали», – деп шу ете қалды.
Автобус ішінде тұрып терезе арқылы байқағанымыз – бір жігіт екі қолымен бетін бүркей басып алып, айқайлап, теңселіп жүр. Саусақтарының арасынан қан атқылап жатыр. Көше, көше бітісімен ені бір жарым-екі метрдей тротуар басталатын да арғы жағы базар болатын. Бәукең екеуміз автобустың алдынғы есігі тұсында болатынбыз. Мен дереу жүргізушінің терезесін қағып куәлігімді көрсетіп: «Остановите автобус! Мы из милиций», – деп айтқаным сол еді, жүргізуші автобустың жылдамдығын бәсеңдете жүріп келе жатқан күйде есігін ашып жіберді.
Сол тұста Баукең автобустан секіріп түсіп, пышақ ұстаған адамға қарай жүгірді. Мен де артынан секірдім. Баукең теңселіп бара жатқан жігіттің артынан секіріп еді, қағып жіберді де ол Бәукеңе қарай ұмтылды. Мен де артынан жеткенім сол еді Баукең: «Ореке, байқа, қолында пышағы бар», – деп айқайлады. Артынан біреудің келе жатқанын сезді ме, жаңағы жігіт теңселген күйі кері қарай бұрылды да, маған қарай ұмтылды. Сол кезде байқадым – үсті-басы қызыл-ала қан, қолында үлкен ет шабатын пышағы бар екен. Пышағын сермеп «Я обойх зарежу», – деп маған ұмтылғанда Баукең әлгінің артынан қайта секірді. Осы кезде барып пышақ ұстаған әлгі жігіт пен Баукең шегініп келе жатқан менің алдыма құлады. Баукең пышақ ұстаған қолға жармасты да, мен дереу екінші қолына жармастым. Әдіс қолданып қолын қайырайық десек білегі адамның жуан санындай қара күш иесі екен. Баукең пышақ ұстаған қолын пышағымен қосып жерге ұрып жатыр. Қалай болғанда да қайта тұрғызбауымыз керек. Мен тезірек әлсірету үшін бүйрек тұсынан тіземмен соққы беріп жатырмын. Пышағы «шың» етіп қолынан тротуарға түскенде ғана барып қолын қайырып, тұрғызбайтын жағдайға келтірдік. Осы кезде барып қосымша милиция күштері келіп, қолына кісен салынды. Тұрғызып жатқанда байқағаным әлгінің көзінің айналасы түгелдей көкпенбек екен. Ол оның шахтер екенін білдіреді. Жарақат алған жігіт кавказ ұлтынан. Ет шауып жүрген өз пышағымен ет сатушының бетінен шапқан. Үстіміз әбден былғанған екеумізге казармаға қайтуға тура келді. Сол жылы Таулы Қарабақтағы ұлтаралық қақтығыста да Армиян, Әзербайжан территорияларындағы Кировокан, Степанкерт, Зангелан, Шуша, Гунгишлак елді мекендерінде екеуміз бірге болдық. Баукең де қазақтың батыр Бауыржанына ұқсайтын, Момышұлына тән қасиеттер байқалатын. Көп сөйлемейді. Шыншыл, турашыл. Бірге жүріп, сырына әбден қаныққан мен: «Ал енді Баукең сөйлейін деп жатыр», – деймін ғой, жігіттердің арасында.
Расында солай болатын. Менің байқағаным – Баукең бірдеңе айтқысы келсе үстінгі ернінің оң жағы білер-білінбестей дір ете қалатын. Себебі: Баукең жеңіл сөйлей салмайтын. Айтар сөзін ой елегінен өткізіп барып айтатын. Жаңаөзенде болған болған қақтығыстар мен Таулы Қарабақта болған ұлтаралық жанжалдан елге оралған соң біршама тыңдаушылар грамота, төсбелгі, медальдармен марапатталып жатты. Олардың ішінде басшылыққа жағынып жүріп алғандары да болды. Баукеңнің де сондай марапатты алуға мүмкіндігі болды.
Бірақ Баукең өзінің арлылығын көрсетті, марапатқа ұмтылған жоқ. Оның тағы бір қасиеті – шыдамдылығы мен бауырмалдылығы болатын.
1992 жылдың көктем айынан бастап осы жылдың мамыр айы аралықтарында, отыз бір жылдан аса төсек тартып жатса да өзінің қиналғандығын ешкімге сездірмеуге тырысты, мұқалмады. Бауырларының жағдайын ойлады. Бәукең қазақ тобының командирі болды. Спортта да, сабақ үлгерімі бойынша да алда болды. 1992 жылы қаңтар айында Қызылорда қаласына алты айлық тәжірибеден өтуге келдік. Оқу үлгерімі мен оқу орны берген мінездемемен танысып шыққаннан кейін сол кезде облыстық тергеу басқармасының бастығы болған, полиция полковнигі Сауранбайұлы Тастемір ағамыз екеумізден отбасымыз туралы, тағы да түрлі мәселелер бойынша сұрап біліп отырды да, кадр бөлімінің бастығына екеуі де жақсы бітіргелі жатыр екен, менің ойымша Асылбаевтан жақсы маман, Намазовтан жақсы басшы шығатынға ұқсайды, осы бағытта жұмыс істейік», – деді.
Осы кезде «Расында Баукең досым денсаулығы болғанда генерал болуы әбден мүмкін еді», – деп ойлаймын. Иә, тағдыр шіркіннің шын тұлпардың алдынан ор дайындайтыны несі екен?! Әлде, бір кем дүние деген осы ма екен...
Сөз соңында айтарым: Юлии Цезарьдың жеке емдеуші, әрі барынша сенетін жақын дәрігер досы болыпты. Цезарь оған шексіз сенген. Күндердің күнінде Цезарь ауырып қалған кезде белгісіз біреуден «Ең жақын емдеуші дәрігер досыңнан қорық, сені уламақшы», – деген хат келеді. Дәрігер Цезарьдың жағдайын білуге барған кезде Цезарь әлгі хатты досына беріп, дәрігер досы хатты оқып болысымен дәріні ішіп салады. Таң қалған дәрігер досы Цезарьдан : «Мынадай хатты оқып отырып қалай мен берген дәріні іштің», – дегенде Цезарь ойланбастан «Жақын досыңнан күмәнданғаннан өлген жақсы», – деген екен. Баукең күмәндануға мүмкіндік бермейтін ары мен жаны таза шынайы досым еді. Жаны мен ары таза, әділеттілікті сүйген, шындық үшін күрескен, Отаны, досы үшін отқа түсетін елжанды, ұлтжанды, намысшыл бір жан жұмаққа барар болса – ол сен екенің анық, досым.

Орынбек Жүсіпбекұлы АСЫЛБАЕВ,
Журналистер Одағының мүшесі Запастағы полиция полковнигі
19 маусым 2023 ж. 135 0