№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

НЕ МЫҚТЫ?


Хадис – Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзі. Одан бөлек тағы бір хадис түрі бар. Ол – Құдси хадис. Құдси хадис – Пайғамбар (с.ғ.с.) Ұлық Алла Тағаладан баян еткен ашық-айқын сөздер легі [1].
Құдси хадис Құран емес. Бірақ Пайғамбар (с.ғ.с.) сөздерінен жоғары тұрады. Әнас бин Малик (р.а.) екі дүние сұлтаны пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай деп риуаят етеді:
«Алла Тағала жерді жаратқан кезде жер теңселіп, қозғалып тұрды. Сонда тауларды жаратып, жерге қазық етіп қақты. Жер қатып тұрақтады. Таудың мықтылығына таңданған періштелер:
 -Уа, Раббым! Жаратқаныңның ішінде таудан мықтысы бар ма? - деп сұрады.
-Иә, темір мықты.
Періштелер:
 -Уа, Раббым! Жаратқаныңның ішінде темірден мықты нәрсе бар ма?-деді.
 -Иә, от мықты.
Періштелер:
 -Уа, Раббым! Жаратқаныңның ішінде оттан мықты нәрсе бар ма? - деді.
 -Иә, су.
Періштелер:
 -Уа, Раббым! Жаратқаныңның ішінде судан мықты нәрсе бар ма? - деді.
-Иә, жел.
Періштелер:
 -Уа, Раббым! Жаратқаныңның ішінде желден мықты нәрсе бар ма? - деді.
Сонда Алла Тағала:
 -Иә, оң қолымен берген садақасын сол қолынан жасырған адам баласы мықты», - деген екен.  
Таудан не мықты?
 Құран Кәрімдегі:
 «Сендерді теңселтпеу үшін жер жүзінде асқар тауларды орналастырды...» Осы аталмыш аятта хадистегі жердің әуелі жаратылғаны және оны теңселтпей таумен тұрақтандырғаны айтылуда. Мұны көрген періштелер таңданып:
 «Таудан мықты нәрсе бар ма?» -деп сұрағанда Алла Тағала:
«Таудан темір мықты» деген.
Шынында тауды қақ бөліп, тастан үй салуда темір құрал-сайман пайдаланады. Сонымен бірге, таудың ортасын жарып жол төсейтін де, таудың тасын қашайтын да және тауды орнынан қопарып алып тастайтын да сол темір.  
Темірден не мықты?
Періштелер:
 «Темірден не мықты?» - деп сұрағанда Алла Тағала:
«От» деген екен. Иә, болатты балқытатын лаулаған от екені сөзсіз. Ол темірді өз еркіне бағындырумен қатар түрлі кейіпке салуға қауқары жетеді. Отқа түскен болат темір дәрмені кетіп қызып, қызарып тіпті қарша ери бастайды. Осыны көргенде отты темірден мықты деп қалай айтпайсың?!    
Оттан не мықты?
 Періштелер:
 «Оттан не мықты?» - дегенде Жаратқан Алла:
 «Су», - деген екен. Тілсіз жау от жан-жағындағы көкті де, қурағанды да жалмап бой бермей бара жатқанда оны тек су ғана тізгіндейді. Жалындаған от тек судан ғана қаймығады. «Су сепкендей басылды» деген сөз де бекер айтылмаған. Тіпті, су атаулы оттың ізін де қалдырмайды. 
 Судан не мықты?
 Періштелер: «Судан не мықты?» -дегенде Жаратқан Алла:
«Жел» деген екен. Расында жел суды құрғатып, бұлтқа айналдырып ұшырады. Жел жұпар иісті су бетімен алып өтсе, суға сол қош иіс сіңіп қала береді. Ақ бұлтқа айналған суды жел шығыс пен  батысқа мақташа әп-сәтте алып ұшады. Сөзсіз, бұл құбылыстарды естіген періштелер таңданып, сауалдарын үстін-үстіне қоя берді. Жер. Жердің не екенін кім біледі? Жаратқанның ғаламат жаратылысы. Одан тау мықты. Ал, таудан темір, темірден от, оттан су, ал судан жел мықты екен. 
 Желден не мықты?
 Желден жасырын берілген садақа мықты.
Тірі жан тұрмақ, кісінің сол қолы оң қолының берген садақасын сезбей қалатындай дәрежеде жасырын ұсынылған садақа бәрінен де мықты екен.
Сондықтан да осы мақтаулы қасиетке ие пендеге қиямет күні Аршының саясында тұру нәсіп етеді. Қиямет күні жаратылыс атаулының басына күн тым жақын тұрғандықтан адамдар өз бойынан аққан теріге тұншығып жататыны айтылады. Алайда, амал нешік, ол күні өлім жоқ. Міне, осындай қорқынышты күні қауіп-қатер мен күннің ыстығынан қауіпсіз жерде хадисте айтылған жеті түрлі мұсылманның қатарында жасырын садақа берген адам да тұрады.
 
 Руслан ҚАМБАРОВ, исламтанушы
  [1] М.Аууама, Ахадис Құдсия, 7-бет
22 мамыр 2018 ж. 1 755 0