№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балапантөбеден ұшқан қыран

Балапантөбеден ұшқан қыран



Балапанның құмы табанын сүйіп, көз ашқаннан көріп келе жатқан кең даласынан тұла бойына талмас рух, табиғи қасиет дарытқан жас өрен қатарынан тым-тым өзгеше ер жетті. Өздігінше талпынып жүріп Жаңақорғанға жаяу қатынап қыш мектепте сауатын ашып, қазақша-орысша білім алды. Елде кеңес үкіметі орнаған жылдары ол білімін жетілдірмекке талпынып, Тәшкенде, Мәскеуде оқуға мүмкіндік тапты.
Жиырмасыншы жылдардан бастап Әбдікерім Ақбаев, Ғани Мұратбаев сынды космомол жетекшілерімен тізе қосып жұмыс істеп, қаланың көшелерін, ауыл-ауылдарды аралап, жаңа өкімет орнады дегенмен қолынан малы кетіп, жолынан жаңылған азып-тозған отбасының жаутаңкөз жеткіншектері мен мен жетім қалғандарды тізімге іліндіріп, қаладағы балалар үйлері мен интернаттарға орналастыруға жағдай жасағанда көздері ашылсын, сауаттанып, жаңа заманға сай кәсіп тапсын дегенді мақсат еткен еді. Сол кілкіндей жастардың қатарында көзі ашылып қатарға ілігіп кеткен Нұртас Оңдасынов, Асқар Тоқмағамбетов, Бейсенбай Кенжебаевтардың естеліктерінде бұл туралы жан-жақты айтылады. «Ол кезде комсомолдың екі жетекшісі болды, бірі – Ғани, Бірі-Садықбек. Ғани өлкелік комитетінің бас хатшысы да, Садықбек Түркістан орталық партия комитетінің жастар бөлімін басқарды» деп жазады филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев.
Садықбек Сапарбеков он жеті жасында партия мүшесі болды. 1921 жылы РКП (б Х сьезіне делегат болып қатысқан. Қарсақпай аудандық, Ақмола, Гурьев округтік, батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Садықбек Қызылордада екі жарым жылдай қалалық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.
Отызыншы жылдардан араны кеңге ашылған аштықтың құрсауынан құтылу үшін жергілікті халық ең бастысы егіншілікпен айналысуға жұмылды. Ол үшін суармалы егіншіліктің орны зор. Міне, осы үдеден шығуда іскер тұлға Садықбектің жанын сала ирригациялық жүйені жолға қоюының ізімен «Сталин» каналын, «Шиелі» каналын қазуға жол ашады. Әбділла Тәжібаевтың Садықбек туралы жазған естелігінде; «Онымен көп жерде бір жүрдім. Оның қай уақытта демалатынын біле алмадым. Күні-түні кеншілердің қасында болатын. «Шаршағанын, талғанын байқамаппын. Не істің де көзін тапқыш, жаны ашығыш, ал істі талап еткенде сай-сүйегіңнен өткізетіндей талап ететін қаталдығы қатар жүрді» деп жазады. Ал Бейсенбай Кенжебаевтың «Садықбек ағаның үйіне бір барғанымда үстелінде қалың қолжазба жатыр екен. «Аға, бұл не?» деп сұрадым. «Мемуар жазып жатыр едім. Көрген-білгенімнің бәрін жазып үлгеруім керек» деп жауап берді. Бірақ өкінішке қарай Садықбек ұсталып кеткеннен кейін әлгі қолжазба жоғалып кетті, әлі күнге дейін іздеп келемін» дегені есте дейді Бейсекеңнің төл шәкірті Құлбек Ергөбек ағамыз.
«Қазақ қайраткерлерін еске алғанда Садықбекті жарқырап тұрған жарық жұлдызға теңейміз. Ол Ташкенттегі №14 балалар үйіне талай өренді әкеп орналастырып, солардың арасынан кейін ұлтына қалқан бола білген қанша арда азаматтар шықты. Солардың бірі менің ұстазым Бейсенбай Кенжебаев» деп жазады жазушы. Ал ендігі мәселе жазушының жары хақында. Садықбек Ақмолада қызмет істеп жүргенде кітапханада кездестірген аруға көңілі ауып, екеуі де бір-бірін жүрекпен ұғады. Қыздың қалауымен бірден ата-анасына адамдар жіберіп, үйленеді. Сара, Лимара атты екі қыз, Эрнест атты ұлдары дүниеге келеді. Әрі қарай Садықбекқызы Сара апамызды тыңдасақ, ол кісі былай дейді: «Әкем менің ұсталып кеткенде бес жаста едім. Бірнеше үзік суреттер санамда өшпестей сақталып қалыпты. Әкем кейде айна алдында шашын тарап тұрып «Балқадиша» әнін зор даусымен әуелетіп шырқайтын, – дейді ол. «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деген жолдарын да ұмытпаған. Әкесінің бір жасқа толмаған бүлдіршін Эрнесті аяғына алып тербеп: «Айналайын баладан, тауып алған даладан. Далада бала жата ма, түсіп қалған шанадан» деп әндететін өлеңі жаралы көңілді кешеге дейін жұбатып келді емес пе?. Сара Садықбекқызының сөзі былай жалғасын табады: «Отыз жетінің қараша айында Оралда қызмет істеп жүрген әкемізді шақыртып, шұғыл Алматыға жол жүруімізге тура келді. Келген күні бізді «Дом советов» гостиницасының қуықтай бір бөлмесіне орналастырды. Таңертең анамыз тұрып, төменгі қабатқа түсіп, шай әкеп берді. Өстіп отырғанымызда есік қағылды. Анам есікті ашты. Кіріп келген екеу әскери киімде, қастарында жай киінген тағы бір адам бар, қолдарындағы құжатын көрсетті. Әкем орнынан тұрып жылдам аяқ киімін кие бастады. «Не болды? Кімсіздер?» деп үрейленген анама қарап әкем «Мені әкеткелі келіп тұр. Қорықпаңдар. Менің ешқандай кінәм жоқ. Жібереді ғой» деп жұбатты.
Бірақ олай болмады. Әкемді қараша айында алып кеткеннен қаңтардың ортасында көрісуге бір-ақ рұқсат етіп, түрменің жанына барғанымызда Дзержинский көшесіндегі НКВД-ның абақтысының маңайы біз сияқты улыған-шулыған әйел, бала-шағаға толып қалыпты. Бір кезде әкемді әкеле жатты. Аяқ-қолында шынжыр, сол алып кеткен екі-үш ай арада қара шашы қудай ағарып кетіпті. Ол келді де орындықта отырған менің салбыраған екі аяғымнан құшақтап еңіреп жылап жіберді. Мен ешнәрсе түсінбей аң-таңмын. «Сенің сағатыңды мама қолынан түсіріп алып, сындырып қойды» дегенді айтып үлгіріп жатырмын сонда да. Әкемнің жүзін көз жасы жуып, сөйлеуге шамасы келмеді» дейді Сара апа.
Садықбекті атардан бір күн бұрын түрмеге он екі жастағы қарындасы іздеп келген екен. Күзетші қуып маңайына жолатпапты. Ол сонда да қайтпай, бір көруге үміттеніп қасарысып тұрғанында ар жағынан түрменің бастығы келіп қалыпты. Оған да «ағамды бір көрейін деп келіп едім» деп жалынғанында ол қарауылға бұйырып: «Шығарып көрсет, олар ертең атылады» дегенін өз құлағымен естиді. Құр кеудесі қалған, аяққолы кісендеулі ағасын көргенде аза бойы қаза болады. «Қапа болма, қарағым. Сендер әлі өсесіңдер. Келер ұрпақ біздің кінәсіз екенімізді өздері зерделеп, еске алады», деп жұбатып, арқасынан қаққан аға сөзін жүрегінде сақтап өтіпті.
1950 жылдары Алматыда оқып жатқан Садықбектің жиені Рауза Қалмағанбетқызы педучилищеде бірге оқып, айнымас дос болып жүрген құрбысы Сарамен сырласып отырып, өзінің Садықбектің қарындасы Бибайшадан туған жиен екенін айтқанда Сара нақ өзінің Садықбектің қызы екенін айтып екеуі дауыс салып жылап көріскен екен. Ертесі Сара сабаққа келмеді дейді. Осы оқиғаны үйіне айтып келген екен, мамасы көпшіліктің танып қоюынан қорқып, қызын алып Ақмоладағы төркініне бой тасалап үлгіріпті. Міне, кер заманның кесапаты бауырларды бір-бірінен осылай ажыратып, көрінгенінің көзін жойып, көрер жарығы барды жанынан түңілдіріп жат етіп, адам тағдырын қақпақылдай ойыншыққа айналдырған.
Ал бүгін өткеннің қасіретімен қайратын қамшылап, аққараны ажыратып, ағалар аманатын айдай әлемге жария етіп, жан жүрегімен жалғар ұрпақтың жайы қалай?
Жаңақорғанда Садықбек Сапарбековтің есімі орта мектепке және бір көшеге берілген. Ал өзі кезінде бірінші хатшы болғанында табанының ізі қалған Қызылорда қаласында Садықбек Сапарбековтың атында бір көше не болмаса мүсін-ескерткіші бар ма? Облыс халқы Садықбектің кім екенін біле ме? Қала халқын қойып, өзінің аты берілген білім ошағының шәкірттеріне Садықбектану шаралары жүргізіледі ме? Ол кісінің атында мұражай не болмаса бұрыш бар ма? Бар болса неге біздің журналисіміз кешелі-бүгін мектепке екі барып Садықбек туралы жарты бет дерек жазып алуға жауапты адам кездестіре алмай құр қол қайтты? Алаштың өрендері десе өзегін жұлып берер ұлт жанашыры Қалила ағамызға рахмет. Документалист-кинорежиссер Қалила Омаровтың «Елін сүйген Садықбек» деп аталатын деректі фильмінде ілгеріде жазылып қалған жәдігер тұлғалардың сөзі қасиетті есімді қайта тірілтіп, санамызды сілкілеп, ар-намысымызды қамшылады. Кешеге дейін Алматыдағы аға мұражайын қорып келген қызы Сараның естелігін де Қалила түсірген лентадан естіп білдік. Осындай ардақты азаматтарымыздың атын ұрпақ жадында жаңғыртып отыруда бізге әлі көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Садықбектің немере қарындасымын Садықбек сынды тұрымтай жанын қатерге тігіп, туған халқы үшін ажалдың қанды құрсауын қасқайып тұрып қарсы алған қайран ердің қасқалдақ қанына тояттамаған жауыз жүйе енді оның артында қалған бау-шарбағы, бауыр етіне қармағын салды. Садықбектің жары ерінің аманаты – үш бүлдіршінін алып Ақмола жаққа бас сауғалап бой жасыруға мәжбүр болды. Ал ауылда, мына дарияның арғы бетінде Жүністен туған бес ағайындыдан Сапарбек пен Асылбек ертерек қайтыс болып, ал қалған Кенжебек, Мұсабек, Сапарәлі, үшеуі ірге ажыратпай қатар қонып, тіршіліктерін жасап жүрген болатын. Тіршілік болғанда әп-әдемі дәулет бітіп, ел де көп көмектерін көрді. Шағын зауыты бар екен, сонда сексеуіл өртеп, көмір шығарып, керуенге тиеп, Ташкент, Самархан жағына апарып пұлдап, мата, өрік-мейіз әкеп өркениетті өмір дағдысының өріне ұмтылыпты. Қай заманда ілгері кеткенді іші тардың көре алмайтын әдеті емес пе, Садықбектің «халық жауы» болып ұсталып, жалаға ілігуі сондайлардың жанын кіргізіп, үш әріптің құлағына сыбырлап, сойылына айналып, саясатпен шатағы жоқ, өз шаруасымен жан баққан үш азаматты да бір түнде ұстатып жібереді. Сотсыз, талқылаусыз мойнына жалған куәліктер іліп, Шымкенттің түрмесіне қамалып, «Қайтпас» деген жердегі жар жағасына апарып атып жіберген. Бұл жерде бұлардан өзге қаншама кінәсіз атылған адамдардың сүйегі жатыр. Қасірет таңбасы қалған бұл арада қазірде үлкен ескерткіш қойылған. Бейкүнә марқұмдарды еске алған ұрпақ басына барып, құран бағыштап кетіп жатады. Жаңақорғанда Садықбектің атасы Жүністің бұтақтарынан тараған Аманбек, Әбілқасым, Әбдіхалықтың ұл-қыздары өсіп-өніп, керегесін кеңге жайып келеді. Бұлар шөберелер болып есептеледі. Ал немереден жалғыз ғана Сапарәліден туған Райхан апаның (суретте) көзі тірі, қазір жасы тоқсаннан асқан, кенттегі Сапарбеков көшесінде ұлы Мырзахметтің қамқорлығында есен-сау жүріп жатыр. Әкесінің үш бауырын бірдей ұстап кеткен үрейлі күн ол кезде бар болғаны үш жаста болса-дағы сәби көңілінде сақталып қалғаны сондай кейуананың бойында күдіктің, қорқыныштың сезігі әлі күнге сейілмегеніне қарап отырып қарадай жүрегіміз езілді. Ал Садықбектің қарындасынан туған жиені – ақын Әкім Мейірбеков ағамыз еді, обалы не керек , ол кісі көзі жұмылғанша нағашы ағасының орнын жоқтап, рухты жыр да арнады, поэма да жазды, өзі де ұстанымын ұлықтап, таза, тәкаппар ғұмыр сүрді. Айтпақшы, Садықбек ағамыздың өлең жазатын ақындығы да болған екен. Бұл туралы жерлесіміз, жазушы Жолтай Жұмат: «Садықбек Сапарбеков энциклопедист қайраткер. Яғни ол кісінің шешендік, мәмілегерлік өнерінен бөлек әдебиетшілік қырын оның жазған өлең-жыр, әңгімелерінен көруге болады» дейді. Жолтай Әлмашұлы Садықбек туралы пьеса жазды. Ол пьесада бәрінен бұрын Садықбектің азаматтық қырын ашуға ұмтылды. Пьесаның шымылдығы ашылған сәтте Садықбек үлкен ой үстінде. Сәкен Сейфуллин келе жатқаны жөнінде хабар түсіріпті. Сәкен неге келе жатыр, шұғыл ақыл-кеңесі керек болды ма, жоқ қайран ер қапыда тығырыққа тіреліп, мұның қанатынан пана іздеді ме?
Өмірлері шиеленісте, өздері еркіндікте жүргенімен арман-қиялдары шынжыр бұғауда өткен боздақтар жөнінде жазылған драма соңғы сәтіне дейін осындай шым-шытырық оқиғамен көрермендерді жіпсіз матап тастайды.
Жазбамызды Садықбек ағаның жүрегінен жарып шыққан туған жер, өскен елге деген сағынышқа толы қоштасу өлеңімен аяқтайық: Жаңақорған – қарқаралы қара орманым, Жанымды жаралады мұң мен зарың, Кер заманның болдым-ау құрбандығы, Барады орындалмай көп арманым Қайратты қара нардай қайран елім, Топырағыңда мың ойнаған балаң едім. Билібай Балапандай жер аман бол, Киелі кіндік қаным тамған жерім. Аман бол, ата-ана, қарындасым, Көрсетпе, қайратты бол, көздің жасын. Сыр-анам жатырмысың толқып ағып, Ұлыңның сездің бе шын оралмасын. Тауысып тар қапаста тағатымды, Зар болып бір көруге жүратымды. Сағынып жолығуға келген Сарам, Сындырып алдық деді-ау сағатымды.
Сыңсыған Сырдың бойы қалың тоғай, Туған жер, кетіп барам, көзім қимай. Аяулы асыл жарым, ұл мен қызым, Қаларсың амал бар ма, жылай-жылай. Болғанмен бойда қайрат, іште жалын, Бұл кезең шерменде етті-ау елдің бәрін. Дұға оқып, келер ұрпақ есіне алсын, Ел үшін құрбан болған бозымдарын. Төндірген төбемізден қайғы бұлтын, Кері кеткен зар заман болды-ау бұл күн.
Садықбек ұлдарыңның соңғы сөзі, Аяулы, қош болыңдар, қалың жұртым!

Баян  Үсейінова

04 маусым 2023 ж. 189 0