ЖЕКЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘН КЕШІ ӨТТІ
Әртүрлі деңгейдегі ән додаларының лауреаты, белгілі әнші, жерлесіміз Рашид Әбілқайырұлы Ертаев өнер әлемінде жүргеніне 20 жыл толуына орай жаңақорғандық ән сүйер қауымды "Сағым дүние" атты ән кешімен қуантты. Әуезді-сазды кеште ән әлемін жанына серік еткен шығармашылық иесі әсем әндерінен шашу шашып, тыңдармандарына көтеріңкі көңіл - күй сыйлады.
Шара барысында әншінің өнер жолына алғаш қадам басқан кезеңінен бастап бүгінгі уақыт аралығындағы жүріп өткен жолы бейнеархив ретінде көрсетілді. Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен ән кешінде аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Әбілпаттаұлы Сыздықов құттықтау сөз сөйлеп, ән әлемінде өзіндік қалыптасқан орны бар әншіге аудан мәдениеті мен өнерінің қарыштап дамуына қосқан үлесі үшін шынайы ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Сондай—ақ, әншіге салаға сіңірген еңбегі үшін Жаңақорған кенті әкімі, аудандық қоғамдық даму бөлімі мен "Арман" кенттік мәдениет үйі директорының құттықтау ретінде арнайы алғыс хаттары тарту етілді. Әншіге қолдау білдіру мақсатында кешке қонақ ретінде келген Қызылордалық "Salem band" тобы халық сүйсініп тыңдайтын әндерді айтып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Кешке келген өнер сүйер қауым әншінің өмірі мен шығармашылығымен танысып, рухани сусындап қайтты.