№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Тыл ардагері



Қуанышынан гөрі өксігі мол өткен күндердің тірі куәгеріндей көкірегі шежіре шерлі көңілді қариялар арамызда аз, өте аз қалды. Тіпті саусақпен санарлықтай. Солардың бірі «Еңбек» ауылының тұрғыны Өзбекбай Рыспанбетұлы. Жасы тоқсанның үшеуінде. Тыл ардагері ретінде ауыл әкімі назарына алып, отбасына соғып, құрмет көрсетіп тұратынын айтты. Енді бұл кісімен дидарласу себебімізді айтайық.

Кеше баспасөзге жазылу мәселесімен осы ауылдың мектебіне ат басын тіреп едік, жүрген жерімізде көздің жасындай қалған жауһарларымызды жалтақтап іздеп жүретін әдетімізбен «Ауылда тыл ардагерлерінен көзі тірі отырғандар бар ма?» деген сауалымызға «Ондай қариямыз бар, жүріңіз, мен сізді үйіне тура алып барайын» деп жарамды мұғалім қыз өзі жүргізетін шетелдік жеңіл көлігін алдыма көлденең тартып, әлгі кісінің үйіне апара қойды. Барған кісіміз сыртта жүріп шаршап жаңа ғана төсегіне келіп жатқан екен, келіні «ата, тұрыңыз, сізге кісілер келді» деген соң басын әзер көтеріп отырды. Бірақ сіркесі су көтермей отырғанын түсіндім. Қойған бірер сауалыма да қырылдап шықпай қалған даусымен қинала жауап бергісі келгенімен де жанына батты ма, доғара қойды. Бір дерек болсын жазып алайын деп тағы бір сауал қойып едім «Білмеймін, – деді ол қабағын түйіп.
Осы кезге дейін қайда жүрдіңдер? Бәрін айтатын ем ғой» деді сыбырлай сөйлеп, жанары суланып. Өзім қысылдым. Бардың қадірін білмей үнемі кешігіп жүретін әдетіміз ғой. «Былтырға дейін атамыз өте дыйлы еді, - деді бізді төрге оздырып құрақ ұшып жүрген келіні, Осы биыл атам қалжырап қалды. Ұмытады. Сөйлеудің өзіне қиналады. Дерті қажытып тұр» деді жуып-шайып.
Енді осы келіннің өзін әңгімеге тартуға тура келді. Келін болғанда өзі де ысқырып ене болатын жасқа жеткен, менімен түйдей құрдас екен, ата-енені баққан қарашаңырақтың қасиеті оны баяғы жас күніндегідей қолды-аяққа тұрғызбай шапқылатып қойғанын жаңа әзірде аулаға кіргенде самаурын қойып, нан көміп жүргенінен байқағанбыз. Енді біздің жанымызға жайғасып қадірманды замандас ретінде сыр тарқатуына тура келді. Есімі Райхан екен. Мына Қыркеңсенің қызы. Кітаптан кітап қоймай оқитын оқымыстының тап өзі екен, бірақ мектептен соң кооператив техникумын бітірер-бітірмес осы жігіті алып қашып кетіп, қара шаңыраққа келін болып түсіпті. Келсе совхоздың сиырын бағатын отбасының шаруасы ірі, қысы қыстауда, жазы жайлауда, жас түскен келіншек күнінен ері екеуіне осы жұмыстың жартысы артылып, мемлекет мүлкінің жауапкершілігін арқаланып шыға келіпті. Ал үйде екі ене бар, оның бірі соғыс жауынгерінің жесірі, жеңгесі Бибісараны Өзекең әмеңгерлік жолымен бауырындағы тұлымшағымен қоса қамқорына алған екен. Бұл бәйбішесі өзінен он екі құрсақ көтерген, бір ұл, екі қыздан өңгесі тұрмаған соң ұлына серік болатын ұрпақтың қамымен содан кейін еріне келіншекті өзі алып беріпті. Мықтылығы сол, күндесін туған келініндей тәрбиелеп, одан туған алты перзентті өзі бауырына салып, еңбекке баулып жетілдіріпті. Одан соң түскен өзінің ұлының келіншегі Райханды да әлекедей жаланған әмбебап еткен сол дәстүр, сол мектептің өнегесі болса керек. Өз араларындағы үйлескен жарасым, берік татулығын, ынтымағын айтып тауыса алар емес мына құрбымыз. Үлкен енесі 2003 жылы 83 жасында өмірден өтіпті. Кіші енесінің былтыр жылын бергенін айтты. Өзінің ері Темірханмен екеуінен өрбіген бес перзенті бар екен.
Хош дедік. «Ал енді мына аталарыңның көрген бейнет-қияметінің шет жағасын сендер де құлаққа құйып өскен шығарсыңдар. Не айтушы еді? деп сауал тастадым замандасқа.
«Атамыз біздің отызыншы жылдардағы ашаршылықта дүниеге келген екен, – деп сөз бастады келіні, – Әкесі керуеншілермен кіре тартып тұз саудасымен айналысқан кісі болған. Атамыз кейде өзінің дертке дес бермес төзімділігіне мақтанып, «шешем мені тұзды суға молынан шомылдырып өсірген-ау, терім мықты болды» дейтін. Өзі бала жасынан бейнет көрген, колхоздың қара шаруасына жегілген. Біздің балаларымызға «қаршадайымыздан қап арқаласақ та қыңқ етпей жетілдік, сендер жыламай тамақ ішпейсіңдер» деп кейіп отыратынынан көп нәрсені көңілге түйеміз» дейді келіні.
Ал өзі қария жасына жетсе де шаруадан бір қол үзбепті. Кеңестік шаруашылық тарап, жекешелендіру басталғанда бұлар жеке мал да баққан, соның басы-қасына осы әкелері егелік етіпті. Отағасы Темірхан ауыл жастарымен бірігіп «Еңбек» кооперативіне бірігіп, жер үлестерін алып, күріш егуге кіріскеннен соның белді мүшесі екен. Жыл сайын күріш егіп, содан өнімін жинап, бала-шағасын асырап отыр. Өзбекбай қария болса күні кешеге дейін үйіргелік жерін күтіп-баптап, есік алды огородына көкөністің бірнеше түрін егіп, бау шарбағына жемісін жегізіп келіпті. Жылда күзде жиын-терімнен соң жерді тырмалап, «енді келер жылы бұл жерге мынадай нәрсені егемін» деп күні бұрын жоспарлап та қоятын әдеті бар екен. Кісіні өлтірмейтін алғы күннің арман-тілегі, кіршіксіз сенімі екен ғой. Міне, өз еңбегіне жалынған қарапайым отбасы ынтымақты тірлік кешіп, үйде көрген тәрбиесін жалғаған қаракөздер барған жерінде судай сіңіп, тастай батып, ал ұлдар жағы бір-бір кәсіпті меңгеріп, ауыл өмірінің белтемірі болып отырған жағдайлары бар екен. Есік алдына жаңа үй салынып бітіпті. Ауыл шаруашылық техникасы да қаңтарылып бекер тұрған жоқ. Егін науқанында егесінің тақымында кетпек. Соның барлығының бастауында, бейбіт өмірдің арқасында бүтін бір әулеттің берекелі тұрмысына негіз қалаған мына шүйкедей бейнеткеш қарияның осы жағдайын тілмен сайрап жеткізуге жағдайы көтермесе де айнала отырған әрбірімізге жалтақ-жалтақ қараған жанарынан көп нәрсені оқыдым. Дүниенің тұтқасын ұстаса дағы пенде шіркін уақыттың алдында дәрменсіз. Бірақ өмірден бар арттырғаны артта қалған саналы ұрпаққа үлкеннің разылығы қымбат. Осы ойымды оқып қойғандай мені осы үйге ертіп келген мұғалім қыз әңгімесін былай сабақтады:
– Бүгінде қарияны алақанға салып күтіп-баптап отырған үлкен шаңырақтың берекесі осы Темірхан аға мен Райхан жеңешеміздің қолында, – деді. Қыздары Айгүл ауылда балабақша меңгерушісі, Айгүл бір отбасының өнегелі келіні. Үлкен ұлы Бақдәулет әке кәсібін жалғап келеді, екінші ұлы Еркеғали ветеринар маманы. Айдын мен Қымбаты медколледж студенттері. Ауылда орта мектеп болмағаны жаман. Тоғызыншыдан кейін, лаж жоқ ауыл білімгерлері колледж жағалап кетеді. Он-он бірді үйден кіріпшығып оқитын болса әсіресе осындай еңбеккер жанұяға ержетіп қалған ұлы мен қызы жәрдемші болып, қолын көп ұзартар еді. Райхан жеңешеме Құдай қуат берсін, жанның да, малдың да бабын табуда ертеден қара кеше дейін тыным таппайды. Қолда ұстайтын оншақты ірі қарадан өнім өндіріп, қысыжазы бір үйді ғана емес, тұтас ауылды ағарғаннан кенде етпейді. Сүт, айран, құрт, май, ірімшік, сүзбе, іздегенімізді осы үйден табамыз. Әрбір ісі ұсынықты әрі таза істейтін апамыздың қолынан шыққан өнімдерге жұрттың ықыласы ерек» деп пікірін білдірді.
Тыл ардагерінің тәрбиесін көріп, жолын қуған үрім-бұтағына шын риза көңілмен аттандық бұл үйден. Қалтаға түйген дәмді құртын ұсынып, қоштасып қала берген Райхан сынды аналар қазақ келіндерінің соңғы жәдігеріндей біртүрлі қимастық сезім биледі бойды. Өйткені ауылдың келіндерінің өзі мұндай қасиетті кәсіптен қол үзіп барады қазір. Осыны қайта қолға алатын, қиындықтан қаймықпайтын қайсар ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр алдымызда. «Келін қайынаның топырағынан», қиындықты жеңуді құрғақ сөзбен емес, ісімен көрсете білер келін келсін бұл үйге деген ізгі тілекпен аттандық ауылдан.

                                                                                                                                          Баян Үсейінова
06 мамыр 2023 ж. 278 0