№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қабырға бүтіндігін ойлаған қайырды аттамайды

Қабырға бүтіндігін ойлаған қайырды аттамайды



Қазалы ауданында жасөспірімдер арасында болған төбелес балалықтың бал дәмі таңдайынан кетіп үлгірмеген үлпершектердің қаны бұзыққа тән қатыгездікке қиналмай барған қимылқарекетімен әлеуметтің жағасын ұстатты. Бір ойланатын жайт, бұл бір күндік ерегіс емес, есті алып, есесі кеткен егестің, көкіректе қатқан кек пен ызаның, өшпенділіктің көрінісіндей әсер етті. Ана сүті аузынан кеуіп үлгірмеген баланың жан-дүниесін кеулеген ненің кегі, ненің құсасы мен күйігі деп ойымыз онға, санамыз саққа кетуде. Басы төбелеспен басталып соңы аяусыз қатыгездікке апарып соқтыратын түйткілді жағдайлардың түп төркінін қайдан іздейміз, себеп-салдарын қалай тоқтатамыз? Осының жолын тауып, тосқауыл қоя аламыз ба?
Болашақта желкенімізді түзеп, толыққанды қоғамға тоқ көңілмен қадам басуымыз үшін ең маңыздысы осы. Аймақ басшысының бірінші күннен бастап бала тағдырына баса мән беріп, өңір бойынша «Отбасы – тәрбие бесігі» атты келелі кеңес өткізуге дем беріп, кешенді іс-қимыл бағдарының түзілуін талап етіп отырғаны содан. Бір өкініштісі, жауапты тұлғалар жұмысын өз мәнінде жүргізе алмай отыр, дұрысы халықтық қағидамыз қазығынан ажырап, қолдан шығып кеткен сабақтастық дәстүрін діңгегіне қайта қиюластыра алмай келе жатырмыз. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жұма күні тиісті сала басшыларымен өткізген шұғыл брифингінде кемшіліктерді түзеуге нақты тапсырмалар берілді. Осы тапсырмаға сай Жаңақорған кентіндегі №110 мектеп залында аудандағы зиялы қауым өкілдері, ағарту және құқық қорғау саласы қызметкерлері, ауыл әкімдері, жастар жетекшілері, қоғам белсенділері қатысуымен жиын өтті.

  • Жиынды аудан әкімі орынбасары Бектас Нуридинов жүргізді. Ол жасөспірімдер арасындағы тәртіпсіздіктерді анықтау, салдарын жою бағытында рейд жүргізгенде өзі байқаған келеңсіз көріністерді көптің назарына ұсынды. Нақтылап айтқанда, түн баласында ата-ана қарауынсыз көше кезген мектеп оқушыларының біразы қолға түсіпті. Кент орталығының өзінде жеті жерде орналасқан компьютер ойын орталықтарында құмарлық қызығына түсіп басқа дүниені тарс есінен шығарған жеткіншектердің ата-аналары беймезгіл көше кезген баласының осы қылығынан хабары бар ма екен? Жеткіншектерге ата-ана қарауынсыз жүруге тыйым салынған бейуақытта есігін айқара ашып қойып, балақанның басқа әлемге бауыр басуына жағдай жасап беріп отырған тек бір күндік пайдасын ойлаған кәсіпкерлерге
  • ескертуден кейін ережеге бағынбайтын болса кәсібін тоқтатуға шара көрілетіні туралы да айта кетуді ұмытпапты.
Келесі кезекте «Балалар мен жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу» шаралары жөнінде аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Айбол Жолдасбаев баяндады.

Биылғы жылы жасөспірімдер арасында қылмыстылық жағдайлары тіркелмегенін айтты ол. Ал әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген жағдайлар бойынша 143 хаттама толтырылған. Солардың қатарында түнгі 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде анықталған жасөспірімдердің ата-анасына ескерту және айыппұл салыныпты. 7 ата-ананың ісі сотқа жолданған. Көше-көшеге бөлініп, себепсізден сылтау тауып, топтасып төбелесе кету де кенеттен бой беріп қалып жүргенін, сондықтан полиция бөлімі қызметкерлерінің мобильдік тобына қырағы қадағалауға пәрмен беріліпті.

– Қызылорда қаласында №14 мектеп жоғары сынып оқушылары арасында пышақ арқылы дене жарақатын салу дерегі, Байқоңыр қаласында №275 мектептегі топтық төбелес, Жалағаш ауданындағы екі мектеп оқушылары арасындағы орын алған жанжал, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі №266 мектептің 10 сынып оқушыларының №70 мектептің 9 сынып оқушысын аяусыз соққыға жығуы, күні кеше Қызылорда қаласында №9 және №136 мектептің 8-9 сынып оқушыларының қатысуымен орын алған төбелес жығылғанға жұдырықтың кері болды, – деді ол. Барлық жағдай бойынша оқушылар ауруханада дәрігер қадағалауында. Аталған жағдайларға байланысты облыс әкімі шұғыл жиын өткізіп, топтық төбелес пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Міне, осы тапсырмаға сәйкес аудан әкімі, аудандық прокуратура, аудандық полиция бөлімі мен білім беру ұйымдары қатысуымен жүргізілген арнайы рейд барысы біздің ауданда да мәселенің бар екенін көрсетеді. Ойынсауық орталықтарында, оның ішінде компьютерлік клубтарда түнгі сағат 22-ден кейін жүрген №125 мектептің 4, №163 мектептің 3 оқушысы анықталды. Сонымен қатар №163 мектептің 6 сынып оқушысы ойын сауық мекемесінің барына жұмысқа жалданған. №51 мектептің 5 оқушысы түнгі сағат 23-тен кейін өз беттерінше жүргені белгілі болды. Келесі күнгі рейд ауылдарда жалғасып, біраз шетін мәселелердің беті ашылды.

Жалпы, аудан бойынша қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың саны 43, оның үшеуінің ата-анасының екеуі бірдей ішкілікке салынып, тіркеуге алынды. 68 бала мектепішілік бақылауға алынған. Өгей әке немесе өгей шешемен тұратын бала саны 131. Құзырлы орындар тарапынан кент орталығындағы №125 және 163 мектептерде ішінара топтардың құрылғандығы жөнінде мәлімет бар. Бұл бағытта әр баламен жекежеке жүйелі жұмыстар жүргізілуі керек. Қазіргі уақытта ораза айы болуы себепті мектеп оқушыларның түнгі уақытта атаанасының қадағалауынсыз мешіттерге баруына тыйым салынуы керек. Оқушылардың басты міндеті білім алу болса да тиісті бақылау болмауы себепті балалардың беймезгіл уақытта басқа мақсаттармен көшеден табылуы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін. Бұл бағытта үйде ата-аналар бақылауды күшейту керек, – деді сала басшысы.


Тәлім – мектептен, тәрбие – отбасынан

Келесі кезекте сөз алған ауданның бас имамы Әбдіхалық Нематовтың бала тәрбиесін нығайтуға бағытталған ұсыныстары мен өзіндік тәжірибелері біздің көп тұжырымдарымыздың теріс екендігін еріксіз мойындауымызға әкеп тіреді. Өйткені не үлгі өнеге болмасын хақ талабымен үндескен кезде онымен теңесетін күш-құдіреттің болмауы заңды да.

– Бүгінгі мәжіліс исламдағы ең қайырлы мәжілістің бірінен болсын, – деп сөз бастады ол. Біраз ескертулер айтылуда. Кешкісін балалар мешітке бармасын, жұмаға қатыспасын деген талаптар да болып жатыр.
Адамға бірінші иман керек, ихсан керек. Полиция көрмей тұр деп қорықпайтын бала иманы болса Құдай көріп тұр дейді. Құдайдан қорыққан ешқашан қиянатқа бармайды. Сол үшін біз әрбір баланың жүрегіне иман, ихсанды егуіміз керек. Бірақ мешітке келуге тыйым салынған соң, заңға бағыну керек, мешіттерге бала келіп жатқан жоқ. Ораза кезіндегі тарауих намазына бірлі-жарым ата-анасына еріп келіп жүргендер бар.

Қазақта «Әкеге қарап ұл өседі, шешеге қарап қыз өседі» деген мәтел бар. Оның мәнісі, бала ата-ананың айтқанымен емес, соның үлгісімен жүреді деген сөз. Біз мектептерге барып жақсы сөзімізбен жеткіншектердің жүрегін жібітіп қайтатын едік. АНТ тобында міндетті түрде дін өкілдері болып жас өскінге ата-анасын құрметтеу, үлкенді сыйлау, амандасу әдебі, ізгілік пен шапағат жөнінде кең түсінік беретінбіз. Имам ешқандай теріс нәрсені айтпайды. Құранда 40-тан астам аятта әке-шешемізге жақсылық жасауды бұйырады. Кейінгі уақыттарда діннен хабары жоқ адамдар насихатты жүргізіп жүр. Осыдан келіп діннен ғана емес адамшылығымыздан ажырап қалмаймыз ба деген уайым мазалайды бізді. Мынадай қатыгездіктердің түп-төркіні келешегіміздің тым таязданып, рухани жұтап бара жатқанының белгісі емес пе деп қауіптенемін. Исламдағы бағасы жоқ бала тәрбиесінен алшақтағанда ұтқанымыз қайсы?

Соңымызда жақсы із қаларлықтай әрекеттенуіміз керек. Мен өзім тұратын ауылда мұғалім азаматтар балалардың төбелесіп, боғауыз сөз айтып, өзімен өзі қырқысып жатқан көрінісін жасырын камераға түсіріп алған екен. Осы балалардың әкелерін мешітке жинап, әлгі сюжеттерді көз алдарына тостық. «Астапыралла» деп жағасын ұстады ата-анасы. Бір жесір ана өзі тәрбиелеп жатқан жалғызының даладағы жағдайын көргенде жүрегімен жылады. Көз алдында жүрген баласының шын бейнесін көріп бәрі де өз кемшілігін мойындады. Ал балалар өздерінің қателіктері үшін кешірім сұрады. Міне, бала тәрбиесі үшін сен-мен деспей қоғам болып жұмылуымыз керек, – деді бас имам. Жиында №125 мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Ақерке Шайхова, қоғам белсендісі Айгерім Қарабаева, аудандық жастар ресурстық орталығы директоры Наурызбай Орынбасар ұсыныстарын ортаға салды.

Баян Үсейінова

15 сәуір 2023 ж. 167 0