ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАС МАМАНДАР ЛИГАСЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Қызылорда облысында тұңғыш рет “Жас мамандар” лигасы құрылады. Құрамына қала, ауыл мектептерінен белсенді жас мұғалімдер енгізіліп, түрлі бағыттағы жобалар бойынша жұмыс жасайтын болады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет бүгін жас ұстаздармен өткен кездесуінде мәлімдеді.
Білім саласында үлгілі қызмет атқарып, жетістікке жүрген 40-тан астам жас мұғалімдердің қатысуымен өткен жиында басқарма басшысы білім саласын қолдаудың жыл өткен сайын артып келе жатқандығын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Жас келсе-іске» деген дана халқымыз жастарымызға әр қашанда сенім артып, қолдау көрсетіп отырған. Алдағы уақыттарда аймағымызда жас мамандар резервін жасақтап, болашағынан үміт күттірер басқарушылар іріктеледі, - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Кездесу барысында басқарма басшысы жас мамандармен емін-еркін сұхбаттасып, олардың өтініш-тілектерін, білім саласына қатысты ой-пікірлерін тыңдады. Арал ауданындағы мамандандырылған мектеп-лицей интернатының жас мұғалімі Қараман Садықов облыстың жас ұстаздарының лигасы құрылса деген ұсынысын білдірді. Сала басшысы мұндай бірлестіктер, лигалар жаңа идеялардың пайда болуына және тәжірибе алмасуға жол ашатынын айтып, жас ұстаздардың лигасы құрылатындығын жеткізді.
Жиын соңында басқарма басшысы әр аудан мен қаладан жиналған үздік жас мамандарды алғыс хатпен марапаттап, Ел болашағы үшін аянбай еңбек етуге шақырды.
©️Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі