Қаракөлдің көз жасы
Өмірдің өзінен
Төбе маңынан аппақ шаң көріне бастады. Самал желдің уілінде әкемнің қой қайырған дауысы естіледі. Кепенің көлеңкесінде айран ірітіп отырған анам да тыпырши бастады. «Әй, қыздар, әкелерің келе жатыр, тез қамданайық. Бағила самаурынға от сала сал, Жәмила, сен әкеңнің жылы суын дайында, Сәбира дастарханды жая бер!» деп бәрімізге бұйыра сөйлеп, бағанадан бергі тынышты бұзып жіберді.
Әкеміз дастархан басына жайғасқанша бәріміз зыр жүгіріп, бәйек боламыз. Бір үйдегі апалысіңілі жеті қыз әкеміздің қас-қабағына қарап өстік.Ең кенжеміз ұл болған соң ба, біздің үйдің қыздарына отын жару, қой бағу, қора салу деген сөз емес. Апам бастап, біз қоштап, әпсәтте тірлікті тап-тұйнақтай етеміз. Қойшы қауымның тұрақты мекені болған соң ба, үнемі көшіп-қонып, қарбалас тіршілікпен өміріміз өтті. Жиналмалы киіз үйдің жыл сайын киізін жаңартып саламыз. Күзем жүннен текемет басып, сырмақ ойып, үй-жайымызды безендіретін едік. Өз қолымыздан өрмек тоқып, алаша бастырып, кілем тоқуға да уақыт табылатын. Ешкімге ұқсамайтын кестемен көйлегімізге жаға тағып сән түзеу де қойшы қыздарының бір "хоббиі" еді. Әкемнің баққан отарында мың бас қаракөл болатын.. Қаракөл қозысының терісі өте бағалы болғандықтан әрбір қаракөлдің жауапкершілігі жоғары болды. Ол заманда әр бастан бір қозы төлдету міндетті еді. Үкіметтің қатаң тапсырмасын бұлжытпау маңызды. Жыл сайын мың бас қаракөл төлдету үшін қандай қам жасалмады десеңізші. Қысыр қалған тоқтыларды қолдан ұрықтандырып, «есеп» беретін. Сол байғұс жас тоқтылардың талайы қоздап жатқанда көздері боталап, өліп те кететін. Басқа әпкелерімді қайдам, менің қойларға жаным қатты ашып, әкеме іштей ренжіп жүретін едім. Ренжімей қайтейін, жаңа туған қозыны анасына бір емізбестен басып алатын еді Терісін сыпырып, тулаққа керіп кептіріп қоятын. Аптасына 100-200 қаракөл өткізіп, талон жинаймыз. Жылына сол есеп 1000-ға жетпейінше әкемнің қабағы ашылмайтын. Жеті жастағы кезім бірінші сыныпқа қабылданып, интернаттың жатақханасында жатып оқыдым. Қасымда Сәбира әпкем бар. Көктемгі демалысымызда қойшы ауылға келгенбіз. Қойлар қоздап бастапты. Оны тулаққа жайылған теріден аңғардым. Сол күні әкем мазасы болмай ауырыңқырап ерте төсегіне жатып қалды. Таң ата бір қозының маңыраған дауысы құлағыма келді. Ақырын тұрып, есікке беттедім. Сықырлатпай ашып, қой қораға жүгірдім. Әлемдегі ең сұлу жаратылыс қозы ма дерсің! Ғажап, үсті әлі кеуіп үлгермеген екен. Бұйра-бұйра арқасын сипай бердім. «Енді мұны әкем көрсе терісін сыпырады ғой», мұны тығып қоятын жер іздеп сабылдым. Қойныма тығып алып үйге кірдім. Көрпеме қымтап, қалың ұйқыға кеттім. Әкем азанда қораны бір қарап шығып, өріске кетіп қалды. Таңғы шәйге шақырған анамның дауысы естілгенде қозымды сөмкеге алып қойдым. Көкемнің мотоцикліне әпкем екеуміз жайғасып алып интернатқа кеттік. Сөмкедегі қозыма көз қырымды салып қоямын. Жолжөнекей маңырамады. Жатақханаға жеткенде әпкем біліп, «әкем сазайыңды береді, нең бар еді, қозыны әкеп!» деп күйіп-пісіп жүр. Асханада таңғы асқа беретін бір стакан сүтті қозыма әкеп бөтелкемен беремін. Қозы қарны тоқ болса маңырамай ұйықтап жатады. Әр жерге сарқып кете беретіні болмаса ешкімге зияны жоқ. Кезекші апайларға білдірмес үшін киім салатын шкафка салып қоямын. Осылай он күн өтті. Сабақтан қайтып келе жатқан бетім, «комендант шақырып жатыр» деді жатақханада бірге тұратын қыздар. Ішім бірдеңені сезгендей болды. Тазалықшы апайлар қозымды тауып алып, жатақхана басшысы жеткізіпті. – Әй, қарақыз! Мал қорада тұрып жатқан жоқсың, мына төлің не?! Мысық па еді? Масқара, қи сасып кетті ғой мына үй! Әкесін шақырыңдар! – деп айғайқа басты. Үнсіз жүзім төмен қарап отырдым. Әкем кіріп келгенде зәрем қалмай жылай бастадым. Ұзаққа созылған жиналыстан әкем қабағы қатулы шықты. Қолымдағы қозыны жұлып алып: «Әй, сен қыз мені өлтірейін дедің бе? Мына қозы үшін мектеп директері былай тұрсын калхоз басшысына жауап беремін ғой. Ертең есептен қате кетсе, олар менің нәпақамды ұстайды. Сендерді неммен бағам? Сегізіңнің тамағыңды кім табады? Өй, боқмұрын...» – деді. Қолына ұстаған қозыға бір қарап алды да: – Өй, мынаның бұйрасы тарқап кетіпті. Қанша күн болды? Мананың терісін жаратпайды ау...– деді. Баяғы көкемнің көк мотоцикліне жайғаса бастады. Менің бала көңілім қозыда, қимай қиналып тұрдым. Әкеме қарсы сөз айту қайдан, жалтақтап қала бердім. Жәудіреген жанары жасқа толып, маңыраймаңырай ұзап бара жатты. Бұл менің әкемді соңғы рет көруім еді. Қойшы ауылға барар жолдағы жылжымалы көпірден құлап бәрі мерт болыпты. Ақтық сапарға шығарып салып жатқан шақта әжеміз «Қаракөлдің көз жасы жібермеді ме екен? Қаншама төлді жазықсыз опат қылып, жаза бастыау» деп кемсеңдеп жылығаны әлі де көз алдыма келеді. ТҮЙІН. Бұл оқиғаны арада елу бес жыл өткенде Нәбира есімді ананың өз аузынан жазып алдық. Жариялаудағы мақсатымыз төрт түлікті бизнеске айналдырып отырған тұлғалар әрбір тіршілік иесінің киесі болатынын біле жүрсе екен деген ниетіміз бар. «Мал баққанға бітеді» деген қазақтың дүниетанымына терең мән берсек игі.
Мақпал МАРҚАБАЙ