Қазақстан мергендері Азия кубогінде 5 медаль жеңіп алды
Қазақстан мергендері Кувейтте өтіп жатқан стендтік атудан Азия кубогінде 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Facebook парақшасында жазды
«Спортшылар барлық жүлдені «скит» жаттығуында — дөңгелек стендте атудан жеңіп алды. Шымкенттік мерген Ольга Панарина жекелей және Әсем Орынбай, Зоя Кравченко сияқты спортшылардан жасақталған құрама сапында командалық жарыста алтын алды. Эдуард Ещенко, Юнус Мачжон және Артем Седельников бастаған ерлер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко қола жүлдеге қол жеткізді», деп жазды министр.
Ол турнир барысында біздің мергендер жеңіс тұғырына тағы бірнеше рет көтерілетініне сенім білдірді. Спортшыларға сәттілік тілеп, Азия кубогінің сәтті басталуымен құттықтады.