Қазақстан Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде бес мың тонна мазут берді
Қазақстан тарапы Тәжікстанға ақшалай баламада көрсеткен гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 2006 жылдан бастап 44 млн АҚШ доллардан асты
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Қазақстанның 5 мың тонна мазутқа арналған ресми гуманитарлық көмек сертификатын Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі агенттіктің директоры Нұрмахмад Ахмадзодаға тапсырды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Елші өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдің маңызды энергетикалық объектілерінің тұрақты жұмыс істеуі мақсатында Тәжікстанға 860 млн 805 мың теңге (шамамен 1,8 млн АҚШ доллары) сомасында гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Гуманитарлық көмек энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі және Қазақстан мен Тәжікстанның ғасырлар бойғы қарым-қатынастарына тән бауырластық пен өзара көмек көрсеткіші екенін атап өту қажет. Қазақстан тарапы Тәжікстанға ақшалай баламада көрсеткен гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 2006 жылдан бастап 44 млн АҚШ доллардан асты. Естеріңізге сала кетейік, 14 ақпанда Қазақстан Президенті Үкіметке Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберуді тапсырған болатын. Бұған дейін, Президенттің тапсырмасы бойынша, Қазақстан Түркия Республикасына шұғыл көмек көрсетуге 1 миллион доллар бөлген болатын. Сондай-ақ, Сирия жойқын жер сілкінісінен зардап шекті. Қазақстан Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жіберді.