Тістің саулығы – тәннің тазалығы
Бүгінде сұранысқа ие мамандықтың қатарында тіс дәрігерлері бар. Өйткені жыл сайын тіс ауруының түрлері көбейіп, әрі жасарып келеді. Осы талапқа сай, ауданның өзінде жеке тіс емдеу орталықтарының қатары артты. Солардың бірі – «Dental Clinic» стоматологиялық орталығы. Қоғамдық мәселені қарап, орталық дәрігері Шыңғыс Нұрмаханбетовпен тілдесіп, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Маржандай тізілген әдемі тіс адамның көркі ғана емес, денінің саулығының кепілі. Әрбір адам өзінің денсаулығын күту керек. Тіс адам денсаулығының басты тірегі десек те қателеспейміз. Сау тістермен күлімсіреу бұл саулықтың, әдеміліктің, сәнділіктің көрінісі. Дәрігерлер талай дерттің тіс арқылы келетінін айтса да, мән бермейтін әдетіміз. Содан болар, бүгінде жасанды «протезге» тәуелділік артып барады. Бұрындары тек ата-әжелеріміздің аузынан көретін жасанды тісті соңғы уақыттары уыздай жап-жас жеткіншектер мен қырықты алқымдаған аға-апаларымыздан да кездестіріп жүрміз. Бұл дегеніміз тіс мәселесінің қазіргі қоғамда алдыңғы қатарға шыққанының айқын көрінісі.
– Бұрын емделушілер арасында балаларды өте сирек көретінбіз. Ал қазір басым көпшілігі осы жастар мен жеткіншектер. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған ғой. Тіске уақытылы көңіл бөліп, күтім жасасақ аурудың алдын алуға болады. Стоматология ілімі дамыған сайын аурудың жаңа түрлері пайда болуда. Негізінен, адам ағзасына калций мен фтор жетіспеуінен тіс аурулары көбеюде. Көбіне тісі қанап, еті сыздайтындарды көремін. Емделушілердің көбі тісі қатты ауырған жағдайда ғана қаралады, – дейді дәрігер.
Иә, бізде ауырған жағдайда ғана қаралу керек деген стеротип қалыптасып қалған. Тісіңіз сау болса да профилактика ретінде маман кеңесін алған жөн. Бұл тек жас мөлшеріне шектеу деген сөз емес, өйткені, күнделікті тіршілікте жастардың да осы қызметке жүгіну керектігін көреміз.
– Ересектермен қатар балалар арасында да тіс жегісі мен оның асқынған түрі өте көп кездеседі. Негізі ересек адамдар әр 6 ай сайын тісін тексерістен өткізіп, дәрігер кеңесін алып отырған жөн. Тіс ауруының алдын алу үшін баланы құрсақта жатқанда індеттен қорғауымыз қажет. Ол үшін дәрігер тағайындаған түрлі витаминдер мен калций түзетін дәрілерді уақытында қабылдау керек. Тіс жегісі ауыз қуысының дұрыс тазаланбауынан болады. Кез-келген адам күніне 2 рет тісті мұқият тазалаған жөн, әр тамақтанғаннан соң ауыз қуысын су мен шаю керек.Тіс щеткасын айына бір рет ауыстырып тұру керек және қаттылығы орташа щетканы таңдағаны абзал. Жасөспірімдер мен ересектерде кездесетін қызылиектің ісінуі, іріңдеуі және қанауы темекі, насыбай және кальян тұтынудан пайда болады. Мұздай шырынды сусын тістегі нерв жүйесін тітіркендіріп, сезімталдыққа ұшыратады, – дейді дәрігер.
Жалпы Шыңғыс Нұрмаханбетов Құттықожа ауылының тумасы. Мектептен кейін Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде стомотология факультетіне оқуға түседі. Түркістан қаласында 5 жыл бакалавр, 1 жыл интернатураны Шымкент қаласында оқыған. Алғашқы еңбек жолын Түркістан қаласында бастайды. Одан әрі Шымкент қаласында жалғастырған, қазір туған жерінің тұрғындарына қызмет етуге бел байлапты. Медицина үнемі ізденісті, көп оқуды қажет етеді. Бұл туралы кейіпкеріміз: «Медицинада өмір бойы оқу керек, жаңа емдеу әдістері, жаңа технологиялар шығады. Сондықтан білімімді жетілдіру мақсатында түрлі мастер класстарға, семинарларға қатысып, тәжірибемді толыстырып, біліктілігімді шыңдап келемін» – дейді.
Орталық қазіргі замануи құрылғылармен жабдықталған. Рентген аппараты да бар. Күніне кем дегенде 12-13 адамды қабылдайтын дәрігердің еміне жаңақорғандықтар дән риза. Оны редакцияға арнайы келіп, пікір білдірген ағайыннан білдік.
– Тісім ауырып, жаныма батқанда дереу дәрігердің көмегіне жүгіндім. Жасымыз ұлғайған сайын ауру шыға береді екен ғой. Бірақ тістің ауырғаны қатты білінді. Көптен естіп, осы орталықты таңдадым. Рентгенге түсіріп, тісіме ем-дом қабылдап тәуір болдым. Кейіннен сұрастырып, сапалы қызметі мен қалтаға қонымды бағасын естіп, көңілім толды. Шыны керек, біздің ауданға осындай білікті мамандар аса қажет. Өйткені, біздегі ең басты мәселе экология екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, тіс мәселесіне бей-жай қарамауымыз тиіс, – дейді Машбек ауылының тұрғыны Ақбаян Айдарғазиева.
Тағы бір тұрғын тісім сыздап, қатты ауырып тіс дәрігеріне көрінгенін тілге тиек етті.
Тісімді еш ауырсынусыз жұлып емдеп, 25 күнде қайтадан тістерімді салдырдым, – дейді Зерегүл Жулекбаева.
P.S.: Өскелең ұрпақ елдің ертеңі, өміріміздің жалғасы. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың дені сау болып қалыптасуы оның күтіміне тікелей байланысты. Сондықтан әрбір адам өз баласының денсаулығына алаңдауы орынды. Әсіресе балаларды уақтылы дәрігердің тексеруінен өткізу маңызды. Ең бастысы, тістің қадірін ауырмай тұрып білген жөн.
Әсел ИБРАГИМОВА