Музей экспозициясы жаңартылды
Аудан орталығындағы ғасырлық тарихы бар ғимаратқа орналасқан музей үйіне енген кім болсын көненің көзіндей киелі орыннан өзгеше әсер алатыны анық. Қызыл кірпіштен соғылған сүйегі мықты жәдігер ауданды су алған елуінші жылдардағы апаттан да аман қалыпты. Ескіргені болмаса еңсесі түсе қоймағыны бірден көзге шалынады.
Осы ғимарат ішіне орналасқан музейді жаңарту идеясын мекемеге жаңадан басшы болып келген Ажар Жанаева қолға алып, аудандағы ірі кәсіпкерлерге өтініш айтып көріпті. Оның музейге қойылған әр бұйымның құндылығын жүрекке ұғымды жеткізе алғандығы анау-мынауға елп ете қоймайтын ермінез ағаларымыздыңмузей айналасынан күнде табылып, қолда келген көмегін беруге тырысқан талап-тілегінен аңғардық. Осындай қаржылық қолдаудың нәтижесінде қыркүйек айының ортасынан басталған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізііліп, тарихаи-өлкетану музейінің экспозициясы жаңартылды. Жаңартылған музейдің ашылу салтанатына аудан әкімі бастаған ауданның зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, тарихи орынның тынысымен танысты. Музей толықтай жаңғыртылып, жаңа мебельмен жасақталыпты. Шынымен қапталған арнайы тақырыптық бұрыштар қайта жүйеленгені байқалды.Ауданның жаңа картасы алдымен көзге түсті. Туған жер табиғатына арналған алдыңғы залда облыстық музейден жеткізілген қасқыр, бүркіт, қаршыға сынды өз жерімізде мекендейтін аң-құс, жануарлардың табиғи мүсінінің қойылуы танымдық орталықтың сән-салтанатын арттыра түскен.
Келесі қабырғада Жаңақорған өңірінің қола дәуірі, сақ дәуірі, орта ғасырлық кезеңдердегі тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қатарында үш хандықтың астанасы болған Сығанақтан табылған мұраларға кең орын беріліпті. Музейде археологиялық қазба бұйымдарымен қатар жеке адамдардан алынған зергерлік бұйымдар да көз тартады. Ерте заманда баланың тұсауын кескенде қолданған әшекей мен әтір құтысын жекенің қолынан сатып алғандарын айтты экскурсовод. Бұл жерде алтынмен апталған бойтұмар, сырға, шашбау сынды сәнді бұйымдардың өрнегі өз алдына, тас диірмен, торсық, асадал, күбі, кесеқап сынды тұрмыстық бұйымдардың өзі халықтың ежелгі мәдениетінін хабар беріп тұр. Солардың қатарында тоқылған кілем, қасқыр ішік, сәнді оюланған бесік, басқа да жихаздық бұйымдар қол өнері ерте дамыған ежелгі салт-санамызды әйгілеп тұрғандай. Ал қазақ хандығына арналған бұрышта өз жерімізден шыққан Желкілдек батыр, Төлек батыр туралы мағлұматтар қойылыпты. Тіпті Төлек батырдың Ташкенттен ұрпағы әкеп тапсырған қылышы көрерменді еріксіз таң етті.
Саяси қуғын-сүргінге арналған бұрышта ашаршылықта бір елді қорғап қалған бірліктік Ақылбай деген қарт әкеп тапсырған мылтық тұр. Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған бұрышта жауынгер Тұрсынбек Исмайловтың әскери киімі қойылыпты. 64 дана сарғайған үшбу жауынгер хаты көңілді толқытты.
Екінші залда ауданның құрылуы негізін дәйектейтін отызыншы жылдардан бастап бүгінге дейінгі тарихы сап түзепті. Ауданнан шыққан 13 Социалистік Еңбек ері, 20 Академик, мәдениет және өнер, медицина және спорт майталмандары туралы бай деректер қоры жинақталған. Манаптың домбырасы, Нартайдың сырнайы өткеннен сыр шертіп жүректі қозғайды. Мұнда Жандарбек Мәлібековтың өзі сыйға берген авторлық қолтаңбасы Қазақстан Республикасының Елтаңбасы сақтаулы.
Музейді аралап шығып, бағасын берген қауым алдында сөз алған аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов:
– Елде қайбір жаңалық болса ел ағаларының құлағы түрік. Музейдің жаңарғанын көріп қуанып жатырмыз. Өткенін білмей алдыға болжам жасау қиын. Музей – ертедегі өмірімізді көз алдымызға елестететін орын. Өйткені ол ата-бабаның күнкөріс жағдайы, кәсіп-қарекеті ғана емес сол дәуірдің болмысынан хабар береді. Руханиятынан мағлұматтар аңдатады. Ал енді осы жәдігерлердің жарқырап тұрғаны елдіктің мерейі. Сондықтан заманауи үлгіде талғам-талабы жарасқан тарихи орынды жасақтауға атсалысқан барша жанашыр азаматтарға алғысым үлкен. Бәрі басшыға байланысты. Жанашырлықпен жұмыс жасағаны көрініп тұр. Өткен күннің қадір-қасиетін бағалай білген азаматтарға рахмет, – дей келе, облыстық музей басшылығында экспозиция жұмысына өзіндік көмегімен дем берген қамқорлығына алғысын жеткізді. Бүгінде 11 мыңнан астам экспонатты шоғырландырған қасиетті мекеннің алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Одан әрі аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов сөз алып, ағалық батасын берді. Ал облыстық тарихи өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев өз сөзінде жергілікті маңызы бар ескерткіштер қатарында бір ғасырдан астам халыққа қызмет етіп келе жатқан еңселі ғимараттың ел мәдениетіне қосып келе жатқан үлесін айрықша айтып өтті. Оны 20 жыл басқарған Нәбихан Шалаповтың мүзей қорын құнды экспонаттармен толықтырудағы еңбегіне де жеке тоқталыр өтті. Мемлекеттен бір тиын қаржы алмай-ақ кәсіпкерлерді тартып, оған қосымша музейдің ақылы қызметінен түскен қаржыны үстемелеп, музейдің экспозициясын жасауға қол жеткізген Ажар Жанаеваға да өз атынан алғысын білдірді. Облыстық музейде былтыр экспозициялық бөлім ашылғанын, мына жетістіктер сол азаматтардың қолынан өткенін айтты.
Сапар Әлиасқарұлы одан әрі музей экспозициясына қаржы салған азаматтарға облыстық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемовтың Алғыс хатын тапсырды. Олардың қатарында белгілі кәсіпкерлер Рахымбаба Құтыбаев, Әбдіхан Шайықов, Серік Әбжаппарұлы, Нұрғали Тұрсынбекұлы көпшілік алдында атаулы марапатқа ие болды. Сол сияқты аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Әлібек Нәлібаевтың да музейге қамқорлығын айрықша айту орынды.
Осы кешке келіп арнайы қатысқан ауыл шаруашылығы ардагері Алмасбек Омарұлы Қаратаудың қойнауындағы бай шежірені ұрпақ санасында тірілтуде музейдің қызметіне тоқталып, елге еңбегі сіңген қайраткерлерді тұлғаландыруда әлі атқарылар жұмыстың көп екендігіне тоқталды.
Ал ел ағасы, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» Алшынбай Тұртановтың мәдениет жанашыры екенін айқындайтын мына төмендегі пікірі көптің көңілінен шықты.
– Музейдің ашылуы ауыр болды, –деді ол. Жекешелендірудің алғашқы кезеңдері Сібірден ағаш әкеп сатып, аудан шаруашылықтарын қамтамасыз етіп отырған кездеріміз болды. Сонда жеке кәсіпкерлігімнен он бес миллион теңге қаржыны осы музейдің аяққа тұруына қарызға болсын беріп, көп дүниенің жасақталуына үлес қосқаным үшін Алғыс хат алғаным бар еді. Міне, шын мәнісінде заманауи үлгіде жасақталғанын көріп тұрмыз. Мен өзім Алматы қаласындағы Қонаев ақсақалдың музейін аралап көргенім бар еді. Музейді аралап жүргенімде ол кісінің бүкіл қасиеті санамызда тіріліп сала бергені атаулы орынның кереметтей киелілігінен болса керек. Сондықтан музейге жеңіл-желпі қарауға болмайды. Қазір мекеме басшысына құнды мүлік ретінде Герб авторының маған сыйлаған кітабын, содан кейін Жаңақорғаннан шыққан жалғыз әскери академик, Ресей және Қазақстан Академиясының академигі Сатыпалды Ділмановтың суретін табыс етпекпін, – деп өзінің үнемі руханияттың жоқшысы болып жүретін болмысын тағы бір танытты.
Музей кеңейсе экспонат табылады. Бұл бұған дейін аудандық тарихи өлкетану музейін басқарып келген Нәбихан Шалаповтың пікірі.
– Музей бүгінге дейін үш рет жаңарды, – деді ол. Музейдің алғашқы экспозициясын 1997 жылы аудандық Мәдениет үйінің екінші қабатында аштық. Музейдің үшінші экспозициясына елдегі азаматтардың көмектесіп отырғанына біз де ризамыз.
– Музей – өткен өмір мен бүгінгіні жалғап тұрған алтын көпір. Осы жерде ауданымызға келген сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың «Тарихты білгің келсе Жаңақорғанға бар. Төрт хандықтың астанасы болған Сығанақ жатыр. Әулиені білгің келсе Жаңақорғанға кел, Қорасан Атадан бастап қанша әулиелер осы топырақта мәңгі тыныстауда, Байлықты білгің келсе Шалқия тұр, Менделеев кестесіндегі бүкіл элементтер осы төңіректен табылады» дегенін өз құлағыммен естіп едім.
Екі мыңыншы жылдары Татьяна Бурмистрова келді ауылға, пойыздан түсе сала осында алып келдік. «Басқа жақтың музейінен не айырмашылығымыз бар екен?» деп сауал тастадық қонағымызға. «Музейдің айырмашылығы жоқ. Бірақ бір ерекшелік, бізді пойыздан түсе сала бірден музейге алып келдіңдер. Біз осы жерден ауданның бүкіл тарихын көріп тұрмыз. Осыдан шыға сала Сығанаққа барам, одан әрі Манап Көкеновтың басына құран оқимын. Орыс ойына келгенін айтады, мен ойыма келгенін айттым» дегені есте.
Музей қорсыз болмайды. Қорға түскеннің бәрі экспонат болып есептеледі, – деп сөзін қорытындыласа, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Төребай Сапарбаев «Жақсы келсе күншуақ, білімді келсе шамшырақ» деген мәтел бар. Қай мемлекетке барсаңыз да мәдениеті мен тарихын музейінен білесіз. Өзім Парижде, Миланда, Сингапурде болғанымда музейіне бардым. «Жеті атасын білген ер жеті елдің қамын жер, жеті атасын білмеген жағы менен тілін жер» дегендей, ұрпаққа кешегі тарихының тамырын ұғындыру үшін бұл музейдің орны бөлек» деген пікірін айтты. Шиелі ауданы Ыбырай Жақаев атындағы музейдің директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Құттықыз Ықанованың тілектестік лебізі жиналғандардың барлығын риза етті.
– Тұғырда тас мүсін емес, тарих жатыр. Экспонатсыз музей ол ерттелмеген атпен тең. Осы уақытқа дейін осы музейді инемен құдық қазғандай еңбегімен жинақтаған Нәбиханға рахмет. Осыны жандандыруда әрі қарай да жанашырлықпен жұмыс жасап жатқан әріптестеріме рахмет. Музейдің жұмысын ғасырлар бойы тарихи тұрғыда жандандыру керек. Еленбей қалған қалған есімдерді тірілту керек. Елдің елдігі мұраны жарқырата білуімен танылады. Осы үрдіс одан әрі де жалғасын таба берсін, – деді ол.
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейі бұған дейін де көрерменсіз емес, күн сайын түрлі шаралар өткізіліп жататын. Енді мынадай жаңарған сәулетіне сай мұнда келушілер қатары арта түсері анық. Өткеннің мұрасын көзбен көріп, қолмен ұстағанның әсері тым бөлек. Алдағы уақытта ата-ана да ұл-қызын тариха орынға әкеліп отырса, байланыс нығая түседі деген сенімдеміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА