Қазақстанда оқу жылы 2 аптаға ұзартылды.
Меншік нысанына және ведомствоға бағынуына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылы 2022 жылғы 1 қыркүйекте басталады.
Оқу жылының ұзақтығы бірінші сыныпта 35 оқу аптасы, 2-11 (12) сыныптарда 36 оқу аптасы болады.
1-11 (12) сыныптарда оқу жылындағы демалыстар:
күзгі - 7 күн (2022 жылдың 31 қазанынан 6 қарашасына дейін);
қысқы - 9 күн (2022 жылдың 31 желтоқсанынан 2023 жылдың 8 қаңтарына дейін);
көктемгі - 9 күн (2023 жылдың 18-26 наурызы арасында);
Бірінші сыныпта қосымша демалыс - 7 күн (2023 жылдың 6-12 ақпаны арасында).
Келесі оқу жылынан бастап мектептер бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
"Біз шешім қабылдадық: келесі жылдан бастап үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді. Бұл мектеп директорларына, мұғалімдерге, барлық қызметкерге қатысты. Мұғалімдер сенбіде демалып, балаларымен бірге болуы керек деп есептейміз.
Бұл ретте сұрақ туындайды: бұл еңбек демалысы төлеміне әсер ете ме? Бұл мәселе еңбек демалысы төлеміне әсер етпейді. Демалыс уақыты – 56 күн – өзгеріссіз қалды", - деді Аймағамбетов Тамыз конференциясы барысында.
Министр директорлардан сенбіде әдістеме күндерін өткізбеуді немесе "басқа да жолмен мұғалімдерді жұмысқа шақыруға тырыспауды" сұрады.
Сілтеме Tengri.kz сайтынан алынды.