«AMANAT» партиясының қатары толықты
Аудандық «AMANAT» партиясы филиалының ғимаратында кеңес мүшелерінің қатысуымен Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Күн тәртібінде партия тізіміне енгізілгендер қатарынан аудандық мәслихат депутаттығына мандат бөлу кезектілігін айқындау туралы мәселе ұсынылды.
Аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Арман Мәжитовтың төрағалығымен өткен жиында Жаңақорған ауданы бойынша аудандық мәслихатта екі халық қалаулысының орны бос екені айтылды. Осыған байланысты партиялық резервтік тізімнен келесі кандидаттар ұсынылып, кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды.
Жаңақорған аудандық сайлау комиссиясының АСК 115-116 қаулысымен жетінші шақырылған Жаңақорған аудандық мәслихатының депутаттық мандатынан Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударып, тұрғылықты жерін ауыстыруына байланысты бас тартқан Нұрлат Байгенже Айтжанұлының орнына 2019 жылдан партия мүшесі, 2021 жылғы праймеризге қатысушы, 30 жастағы жеке кәсіпкер Ғалымжан Қалдыбеков Жәнібекұлы, ал денсаулық жағдайына байланысты мандатынан бас тартқан Мейрамбек Қабетенов Жүнісұлының орнына 2009 жылдан партия мүшесі, 2021 жылғы праймериз қатысушысы, 34 жастағы облыстық оңалту орталығының бөлім меңгерушісі Темірбек Үсенов Садықбекұлы ұсынылып, қолдау тапты.
Осылайша «Amanat» партиясының қатары толықты. Енді олар партияның трансформациялауға және басқа да мәселелеріне қатысты жобаларын іске асыруға өз үлестерін қосатын болады.
Облыстық партияның филиалы ұсынылған үміткерлерге қолдау білдіріп, ел игілігіне үлес қосуға тілектестігін білдірген Арман Әбілпейісұлы:
– «Amanat» партиясының мүшесі атану үлкен жауапкершілік. Қазақта «аманат арқалау» деген жақсы ұғым бар. Ендеше өздеріңізге жүктелген сенімге селкеу түсірмей елдің қажеттілігін өтеуді асыл борыш санасаңыздар» деді.
Депутаттың міндеті халық мұңына құлақ асу. Ендеше жаңа лауазымға ие болған халық қалаулыларының жалпы мемлекеттiк мүдделердi ескере отырып халықтың жайын білуге, өзi сайланған ортаның жұмысымен танысуда белсенді болады деп сенім білдіреміз.
Лаура Бибасарова