» » Кітап – тілсіз тәрбиеші

Кітап – тілсіз тәрбиеші


Күнтізбе бойынша 23 сәуір – Бүкіл дүниежүзілік кітап және автор құқығын қорғау күні. Дәл осы күнге орайластырылған «Тұлғалыққа бір қадам» кітап бәйгесі аудан оқушыларының руханиятқа бір табан жақындығын дәлелдегендей болды.


М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйіне лық толған көрермен мен қатысушылар бұл күнді асыға күткені анық. Өйткені мәдени-көпшілік бағдарлама қойылады, соңынан марапаттау рәсімі өтпек.
Шараның жүргізушісі Мақпал Қадырбергенова бәйгенің маңызына тоқталып, бұл бәйге арқылы аудан оқушылары мен жастарының кітап оқу құштарлығын оятуға, кітап оқу дағдысын қалыптастыру әрі жандандыруға, кітапты сүюге, ғибрат сөздерден үлгі-өнеге алуға, кітапты құрметтеуге баулуға ықпалы ересен екенін жеткізді.
Шоқтығы биік шараның шымылдығын өнер мектебінің бүлдіршіндері «Шаттық» биімен ашты.
Жалпы, шығыстың ғұламасы Әлішер Науаидың "Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына" дегеніндей, осы бір озық іс қазіргі қоғамдағы кемшін тұстарды толықтыруға тамшыдай үлес болатыны белгілі. Былайша айтқанда, Кітап күні өтті десе де жарасады. Оны Жаңақорған ауданы "ОЗАТ" оқу орталығы мен аудандық кітапхана ұжымы ұйымдастырды.
Көрерменге жас әнші Әзизбек Тасболатов, "Талант " триосы өнер тартуын сыйлады.
Ал, кітапхананың тұрақты оқырманы, зейнеткер Әбибулла Шерімбетов пен «Жаңақорған тынысы» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, жазушы Баян Үсейінова кітаптың қазыналық құнын, берерін, байлығын сырлы оймен тарқатып, тағылымды әңгіме шертті.
Аудандық кітапхана директоры Әсемгүл Тілеубергенқызы, Жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров, "Озат" оқу орталығының басшылығы Шолпан Қасымханқызы мен Айдана Ақәділқызы бәйгеге 400-ден астам талапкер қатысқанын, балалардың кітапқа деген қызығушылығы артқанын, алдағы кезеңде де түрлі іс жасалатынын жеткізді.
Кітап бәйгесінің жоғарғы деңгейде өтуіне қолдау білдірген аудандық білім бөліміне, аудандық кітапханаға, Жастар ресурстық орталығына және «QFS», «JFS» фасфуд орталықтарына, «Асыл-Ай» сұлулық салонына ел ризашылығы айтылды. Соңынан марапаттау рәсімі жасалып, сертификат табысталды.

Қаныбек ӘБДУОВ
27 сәуір 2022 ж. 515 0