АУЫЛ МЕКТЕБІ: ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ЖАҢАЛЫҚТАР
2021 жылдың 18 наурыз күні Жаңақорған ауданы,Құттықожа ауылы
№164 орта мектебінде «Ауыл мектебі» жобасы аясында семинар-практикум болды.
Семинар-практикумға Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалының директоры Камалова София Такенқызы бастаған ұжым қатысты.
Іс-шараға Сырдария ауданыНағи Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебі мен Қызылорда қаласы Жақыпбек Махамбетов ауылындағы №143 орта мектебінің әкімшілігі мен мұғалімдері және Жаңақорған аудандық білім бөлімінің әдіскерлері мен кәсіби қоғамдастық аясындағы мектептердің басшылары мен пән мұғалімдері келді.
Семинар-практикумның мақсаты «Ауыл мектебі» жобасы аясындағы жүргізілген жұмыстар негізінде оқу мен оқыту үдерісіндегі өзгерістермен және жаңалықтармен таныстыру,тәжірибе алмасу,мұғалімдердің кәсіби дамуына ықпал ету.
2021 жылдың қазан айында шеберлік орталығы тренерлері мұғалімдердің сабағын бақылап,басымдықты анықтап,сабақ үдерісінде саралап оқытуды жүргізу бойынша ұсыныс жасап,шеберлік сыныптарын өткізген болатын.Жұмыстың сабақтастығы бүгінгі шарада айқын көрінді.Пән мұғалімдері сабақ барысында саралау тәсілдерін тиімді қолданып,көрсетілген қолдаудың жемісі көрінді.
Семинар-практикумда 10-сынып оқушыларына информатика пәнінен Әшімбекова Нұргүл «HTML тілінде практикалық жұмыстар орындау»,
9-сынып оқушыларына ағылшын пәнінен Утжанова Жазира «Dancing around the world», 3-сынып оқушыларына бастауыш пәні мұғалімі Ермаханова Гүлназ «Зат есім», 5-сынып оқушыларына тарих пәнінен Иршатова Мөлдір «Үйсіндер туралы жазба деректер» тақырыбында сабақ өткізді.
Пән мұғалімдері өз сабақтарында «WordWall»,«Plickers»,«Google Disk», «Learningapps»,«Quizizz» платформаларын,кері байланыс үшін QR кодты пайдаланып «Padlet» тақтасын, «Droid Cam» қосымшасын тиімді пайдалана білді.Мектеп оқушылары Web2.0 сервис қосымшаларын сабақта еркін қолданды.
Тағы бір қуантқаны мектеп ұстаздарының зерттеуімен айналысуға шын кіріскені. «Lesson Study бойынша кездесетін қиындықтар мен оны шешу жолдары» тақырыбында TEDформатында ұйымдастырылған шарада үлкен талқылау болып,проблемаларды шешу жолдары ұсынылды.
Сонымен қатар мектеп ұжымы биылғы оқу жылында басталған мектеп парламентінің жаңа жобалары «Оқуға құштар орта», «Ұшқыр ой алаңы» дебат клубы мүшелерінің жұмысын, «Қуыршақ театры»,жаңадан құрылған би үйірмесі өнерпаздарының өнерін тамашалады.
Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңындағы шараға қатысушы ұстаздар үшін мектеп өнерпаздары салтанатты шара ұйымдастырып,жағымды көңіл күй сыйлады.Әсіресе оқушылар арасындағы айтыс өнері қатысушыларды тәнті етті.
«Шараға қатысушы ретінде мен үшін ұнағаны мұғалімдердің өз жұмысын қуанышпен бөлісуі,жетістіктері үшін қуануы,әсіресе жоғары сыныптың ер балаларының шараға көптеп тартылуы тәрбие жұмысының да жоғары дәрежеде екенін аңғартқандай.
Осындай өзгерістерге бағыт алған мақсаты айқын,қадамы нық ауыл мектебінің директоры Жанболат Бекмағанбетұлы бастаған ұжымға үлкен табыс тілейміз!» - деп Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалының тренері Бауыржан Дилманов мырза өз тілегін білдірді.
Құттықожа ауылы
№164 орта мектебінің
Информатика пәні мұғалімі
Әшімбекова Нұргүл Қайыпбекқызы