» » Прагматизм – бәсекеге қабілеттіліктің кепілі

Прагматизм – бәсекеге қабілеттіліктің кепілі


Ел жүрегіне елжіреткен сарқылмас қуат көзі – егемендігіміздің көк туының көктен түспеуі. Тәуелсіздік жылдары белестер мен асуларды бағындыруда табандылық танытып, дамыған елдермен иық тіресетіндей деңгейге жетуі ел тұрғындарына күш-қуат береді. Осы ретте, Тәуелсіз мемлекетті көштен қалдырмау үшін заман талабына сай болуымыз міндет.


Осы орайда Елбасымыз «Елдіктің жеті тұғыры» атты Жолдауында Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі екеніне тоқталып, «Қазір елімізде жастардың өзін-өзі дамытуына, білімін жетілдіріп, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол.Сондықтан прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн», – деді.
Прагматизм – ұлт байлығын бағалап, оны тиімді пайдалана отырып болашаққа пайдасын тигізетіндей етіп жұмыстар атқару. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің көрінісі көлеңкеде қалып, пайдасыз сән-салтанат құру көбейген. Осындайда қанағатшылдық, қарапайымдылық, үнемшілдік сияқты қасиеттерді арттырған абзал.
Отбасы бюджетін жоспарлап, жанұя мүшелерін тарықтырмайтын басты қажеттіліктерді алдымен қамтамасыз етіп отырсақ, қисынын тауып, әбіржіп қалудың алдын алуға болады деп ойлаймын. Заман озып, қоғам жаңарған сайын кісінің қалауы артып, жақсыға, жаңаға ұмтыла түсері заңды. Дегенмен, «Көрпеңе қарай көсіл» деген халық даналығы текке айтылмаған. Әрненің уақыт сәті болатынын біліп, бардың базарын кіргізіп, ұқсата білуге ұмтылған ұтылмайтынын ұғынсақ екен.
Өз басымыздан мысалға жүгінсек, кейде қажеті бар ма, жоқ па, ойланбастан жылтырақты алуға тырысамыз. Меніңше, бұл да біздің бойымыздағы ең үлкен қателік. Есіл еңбекпен тапқан қаржымызды білімге емес, қажетсіз қоқыстарға құртудамыз. Оған алысқа бармай ақ өзіміздің әр жалақы сайын бір киімді үстімізге ілетініміз дәлел. Бұл – нағыз ысырапшылдықтың бастауы.
Осы орайда, есіме жақында ғана өткен той оралды. Үлкен мейрамханада 400 адамға арналып жайылған дастарханда құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Қазақта «Қазанға түскен ас қамбаға түспейді»,– деген сөз бар. Ол ас желінсін, желінбесін сол кездегі екі сағаттан артыққа жарамайды. Енді ойланып қараңыз, қазіргі қымбатшылықпен есептегенде әр адамға 10 мың теңгеге ас жайылды делік, сонда төрт миллион ақша жәй ғана екі сағаттық ыру-дырдуға жұмсалып отыр. Оған өзге шығындарды да қосыңыз. Бұл шағын қалалардағы бір бөлмелі пәтердің құны. Немесе ауылдық жерден зәулім үй келуі де мүмкін. Ал, осы ек-үш сағаттық қызық үшін бірнеше миллион несие алып, оны 5 жыл төлеп жүретіндер тағы бар. Осындайда біз қашан қажетсіз ысырапшылдықтан арыламыз деген ой мазалайды.
Таяқтың екі ұшы бар демекші, карантин уақыты қанша қауіпті болса да ысырапшылдықты тыйғандай болып еді. Жастар шағын тоймен бас қосып, аста-тек туыстардың арасында өтіп жатты. Осыдан кейін халық осы үнемшілдік қалыптан таймас деп ойлаған едім. Бірақ карантин шектеулері жеңілдетіліп, жиын-тойға рұқсат берілісімен ескі әдетімізге қайта бастық. Тойханалар толып, жөргекке жарамсыз матасымақтардың саудасы қызды. Осындай қажетсіз шашылудан арылмасақ, Елбасы айтқандай, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел болуымыз екіталай.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
01 ақпан 2022 ж. 288 0