Жас кәсіпкерге бизнесті кеңейтуде қажетті кеңес бердік

Біз барған бойда жас шебер бірден іске көшіп, әбзелдерді жасаудың қыр-сырын түсіндірді.
– Жалпы жылқының жабдығын жасау үшін кейде бір айдан да астам уақыт кетеді. Ер-тұрман, үзеңгі, ноқта, тартпа, тоқым, жүген және өзге де әбзелдерін жасай беремін. Тапсырысқа сай жұмыс жасаймын. Заманға сай ат-әбзелдерін жасау кәсібін қолға алғаныма екі жылдан асты. Осы уақытқа дейін мемлекеттен еш көмек сұраған емеспін. Өз күшіммен келемін, – деп бастады әңгімесін ол .
Ер-тұрман жасау үшін білек күшіпен қатар рухани зерде мен парасат керек. Ат әбзелдерінің қыр-сырына зер салған сайын осы кәсіпке деген қызығушылығың артады. Мұны жас шебер де мойындады. Жастайынан әкесінің қасында жүріп, жылқы малына жақын өскен жігіт өмірлік кәсібінің кілтін тапты. Жуырда аудан әкімі Руслан Рүстемов оның шағын шеберханасында болып, отандық кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау жасау маңызды екенін айтып, жас шебердің мерейін асырды. Ел қолдаған ерді біз де қуаттап, мақалаға арқау еткеніміз осыдан.
Ел арасында сапалы ер-тұрманға деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқаны қуантпай қоймайды. Бізге әбзелдердің бағасынан бұрын қай өңірге экспортталатыны қызық болды.
– Көбіне Алматы, Қарабұлақ және Түркістан өңірлеріне өткіземін. Тапсырыс аз емес, қазір інім және досым үшеуміз қызметтеміз. Әлі де тәжірибемді толықтыруым керек. Қазір көзін тапсаң барлық кәсіптен теңге табуға болады. Бұйырса шеберханамды кеңейтіп, қосымша қызметкерлер алу ойда бар. Егер икемі бар жігіттер болса үйретуге дайынмын, – деді ол.
– Ал, бағасы қаншадан?
– Сапасына байланысты, негізінен ер-тұрмандар 60 мың немесе одан да жоғары болады, жүген 15 мың, тартпа 10 мың, осылай кете береді. Әбзелдерді екпе талдан жасаймыз. Бұл ағаш бізде өседі, тек Өзбекстаннан жіп, былғары терілер (кожа) алдырамыз. Кейде Өскемен қаласына да тапсырыс береміз, көбіне Қарабұлақтан көптеп алуға тырысамын, – деді жас кәсіпкер.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ