№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Адал дос, сенімді серік

Адал дос, сенімді серік

Қауіпсіздік қорғаны полиция қызметінің қорғау құралы қару-жарақ десек, ал кинолог мамандарының басты құралы – ит. Жеті қазынаның бірі болып табылатын иттің тілін түсініп, жанына серік еткен мамандарды «кинолог» деп атаймыз. Кинолог мамандары иттерді күшік кезінен қызметке дайындап, жаттықтырады. Осы мамандардың бір күндік жұмыс барысымен танысу мақсатында Жаңақорған ауданының полиция бөліміне табан тіредік.Бізді кинологиялық қызмет тобының кинолог полицейі, полиция аға сержанты Мәжит Әптаев қарсы алып, кинология әлеміне саяхатымыз басталды.
– Кинология – полиция қызметінің бір бағыты. Басқа құқық қорғау орган мамандарынан басты айырмашылығымыз қылмысты иттің көмегімен ашамыз. Біздің орталыққа 2 иттің тұқымы бар, ол неміс, бельгия овчаркасы. Олардың ішінде көбінесе белсенді қолданатынымыз бельгиялық овчаркалар. Ал жалпы кинологияның өзіне келетін болсақ онда ішінара бірнеше бағыттардан тұрады, сол бағыттар бойынша біз иттерді күшік кезінен дайындап жаттықтарамыз, – деді ол.
Олардың қатарында, жарылғыш заттар, оқ-дәрі, қару-жарақ іздейтін иттер, есірткі іздейтін, із кезетін, шабуыл жасайтын және Одорология - иісті ажырататын иттер болып бөлінеді. Қазақстанда кинология саласы соңғы жылдары жақсы қолға алынып даму үстінде. Қазіргі таңда елімізде иттің көмегінсіз, кинолог мамансыз бірде-бір іс-шара өтпейді, әсіресе көпшілік қатысатын қоғамдық орындардағы іс-шаралар. Одан басқа қылмысты тексеру барысында қандай қылмыс болсада, тексеру бары­сында алдымен иттер қолданылады, солардың көмегімен әрі қарай іс-қимыл бағыты анықталады.
Ал мамандарға келетін болсақ, елімізде кинолог мамандарды даярлайтын бірнеше оқу орындары мен арнайы орталықтар бар. Одан бөлек, ІІМ-нің Алматыда кинологиялық орталығы бар, бізге келген жас мамандар алдымен біліктілігін көтеру курстарынан өтеді. Содан соң ғана иттермен жұмыс жасауға рұқсат беріледі, оның өзінде бірден тәжірибелі иттермен емес жас иттер немесе жуас иттер беріледі. Мамандарды даярлау барысы екі кезеңнен тұрады алдымен теориялық, содан соң практикалық. Кинологпен бірге итте дайындықтан өтеді.
– Бүгінгі таңда қай сала маманы болсын өз дағдысын жетілдіріп отыру уақыт талабы. Бізде біліктілігін көтеру тұрақты түрде болады негізгі базалық орталық Алматыда әр маман 3 айда бір рет курстан өтеді, яғни жылына 4 рет деген сөз бұл мамандар үшін жеткілікті тәжірибе. Қазіргі таңда кинолог мамандығына қызығушылар көп соған байланысты сұраныс пен талапта қатаң. Кинология саласына сұраныстан бұрын маманға қатаң талап қойылады дер едім. Біз маманды алар кезде толық өмірбаяны мен іс-тәжірибесін жан-жақты қарастырып аламыз. Кинолог маманды жұмысқа қабылдар кезде екі негізгі талап пен міндет қойылады. Алдымен адамның итке деген жақындығы, итпен тіл табысып, жұмыс істей алуы қажет. Екіншіден адамның психологиялық дайын болуы, ол енді полиция, әскери мамандардың бәріне қойылатын талап, – деді М.Әптаев.
Енді иттерге тоқталсақ, оларды таңдауда неге мән беріледі, иттерді қайдан алады деген секілді. Бұрындары иттерді шетелден алдыратынбыз дейді, кейінгі уақытта өзімізде көбейту қолға алынған. Мысалы, суреттегі Вилли есімді таза бельгиялық овчарка өзімізде туылып, кішкентайынан дайындалған. Қазіргі таңдағы із кесу бойынша мықты иттердің бірі болып табылады. Оларды таңдағанда да дәл маман секілді тексеруден өтіледі. Итке қойылатын басты талап жүйке жүйесінің мықты болуы, себебі әртүрлі жағдайлар болады, кез-келген сынға төтеп бере алатындай болуы қажет. Адамдардың психологиялық темпераменттері секілді иттерде холорик, меланхолик деген психологиялық темпераменттерге бөлі­неді. Соған қарап иттерді салаға бөліп дайындайды, шабуыл жасауға жүйкесі мықты ит керек себебі атыс-шабыс, оқыс оқиға кезінде ешқашан артқа қадам жасамайтындай.
– Тағы бір басты итке қойылатын талап ойынға деген құмар болуы тиіс. Ал жарылғыш заттарды табатын иттердің мінезі салмақты болғаны жөн, себебі жарылғыш затты іздеген кезде алдымен сақ болу ескеріледі. Ал есірткіде керісінше тыным таппай іздеу жүргізу керек. Осы секілді арнайы мінездеме бойынша ажыратылады. Итті жаттықтырып дай­ындау әдеттегідей күшік кезінен мойнына қарғыбау тағып қолға үйретуден басталады, маманмен тіл табысу мен өзара сөйлесе білуге үйретеміз. Оқу-жаттығу күнделікті үздіксіз жүріп отырады, себебі ит әрқашан және кез-келген жағдайға дайын болуы тиіс. Ең басты тағы бір итке қойылатын талап – тыңдай білуге үйрету, кинологтың берген нұсқауын бұлжытпай орындау. Практикаға сүйенсек ит 20-30 күнде қолға үйретіледі. Иттер уақытылы тексеріліп, ветеренариялық қараудан өтіп тұрады. Тіркеуден шыққан иттерді асырап алушыларға береміз. Статистика бойынша ит 8 жасқа дейін қызмет етеді, – деді білікті маман.
«Мен кішкентайымнан итке жақын, құмар болдым. Итпен ойнап өстім десем болады. Өсе келе осындай мамандықтың барын естіп баруға бел будым, міне нәтижесінде өз қалауыммен мамандықты игеріп 2 жылдан бері қызмет етіп келемін. Көпшілік білетіндей біздің жұмыс қауіп пен қызыққа толы. Ит сенің жан серігің, құралың десек болады. Қауіп төнген жағдайда ит сені құтқарады, кейде керісінше сен итті құтқарасың. Бәрі итті қалай үйретіп жаттықтыруыңа байланысты».
Болашақта кинолог мамандығын таң­дайтын жас-жеткіншектерге кейіпке­рі­міз­дің айтары, ең бастысы итпен тіл табыса білу және итті тыңдата білу, яғни айтқанын орындата білу. Ол үшін итті жақсы көру керек, иттің нені қалайтынын түсіне білу қажет. Өзара тіл табысып, байланыс болу шарт, төтенше жағдай болғанда бір-бірін ым-ишарамен түсіну қажет.
– Менің жанымда тұрған ит өз ісінің шебері, Вектор бельгиялық овчарка. Біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз, бір-бірімізге арқа сүйеп сенеміз. Векторды күшік кезінен өзім тәрбиелеп жаттықтырдым. Бүгінде орталықтағы ең қырағы иттердің бірі. Вектордың нақты қанша қылмысты ашып, қауіпсіздікті қамту жолында қанша ерлік жасағанын білмеймін, бірақ ауыз толтырып айтуға тұрарлық жеңістері жетерлік. Біздің қызметтегі басты керегі жылдамдық пен қырағылық. Тағы бір қызық мәлімет, уақытын иттермен жиі өткізетін адам, жалпы ит асыраған адамдар болсын әдеттегі адамдардан 5-6 жылға ұзақ өмір сүреді екен, одан бөлек итпен жұмыс істеу күйзеліске таптырмас ем. Адам болған жұмыспен, күнделікті күйбең, қарбалас тіршіліктен жүйке жүйесі сыр беріп, шаршайтыны рас, осы кезде біздің еміміз, ол – ит. Итпен бір серуендеп келсек бәрін ұмытып кетеміз, – деді ол.
Міне, иттің тілін тауып қызметіне пайдаланған мамандардың бір күндік жұмыс барысымен таныстығымыз осылай аяқталды. Кинология қызметі пайда болмай тұрып-ақ ит адамның адал досы деген бабам қазақ тазы, құмайларын алтыннан артық бағалап, мән бергенін бәріміз білеміз. Осыған қатысты, қазақта «жақсы ит иесінің көз-құлағы», «ит иесі үшін жүгіреді, құс тамағы үшін ұшады», «жақсы ит өлімтігін көрсетпес» деген секілді тіркестер кезедеседі. Олай болса ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын кинолог мамандар мен мен олардың ақылды иттеріне сәтті жорық тілейміз.

Әли ТЕМІРБЕК

13 қазан 2021 ж. 467 0