№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » БӘСІ БИІК БАЙҚАУ

БӘСІ БИІК БАЙҚАУ


Рухани жаңғыру – ұлттық өнерді биікке шығаратын бағдарлама. Осы бағдарлама аясында Қаратаудың фольклорлық жанрын жаңғырту мақсатында аудандық өнерпаздар байқауы Бесарық ауылдық округінде өтті. Рухани-мәдени кеште 123 үміткер өнер көрсетіп, Жаңақорғанның үздік өнерпазы анықталды.
Үкілі үміт сыйлаған сайыстың шымылдығын жергілікті күйші, сазгер Бәден Айсыновтың “Наурыз” күйімен Түгіскен балалар өнер мектебінің оқушылары ашты. Ашылу салтанатында “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев пен ауыл әкімі Әлібек Абдуллаев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бір мезгілде «Менің биім – әдемілік әлемім» атты бишілер сайысы көрермендер залында, Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай «Ат қосам дейді бәйгеге» атты күйшілер сайысы кеңседе, Қазақтың жыр-термелерін насихаттау мақсатында «Толғауда толғау сөздер бар» атты термешілер байқауы кіші залда, Манап Көкеновтың 90 - жылдығына арналған «Боз даланың бұл-бұлы» атты жазба ақындар мүшәйрасы кітапханада басталды. Байқауға 26 кент, ауылдық округтің өнерпаздары қатысты. Байқау ережесіне сай жас ерекшелігіне қарай топтастырылды.

«Менің биім –әдемілік әлемім»

Көрермендер залында өрбіген бишілер сайысына онға жуық би ансамблі келіпті. Оларға Өмірзақ Оспанбеков, Гүлнар Ибадуллаева және Индира Құрбанова әділ-қазылық етті. Ерекше өнерге енді ғана қанат қағып, шеберлігін шыңдап жүрген би топтарының әрбір қадамы мен әрекетін сынға түсті. Шарада Гүлнар Ибадуллаева бірқатар би топтарының мүшелері мен жетекшілеріне би позициялары мен ырғақ қозғалысын реттеуге жұмыс жасау керектігін айтты. Ал, Өмірзақ Оспанов шығармашылық шеберлігімен бөлісті. «Би – біліктілікті әрі ептілікті қажет етеді», – деді ол.
Сонымен,бишілер сайысында I-орын қос бірдей ансамбльге бұйырды. Төл өнерде тең түскен Бесарық балалар өнер мектебінің «Мереке» думан би тобы мен Арман мәдениет үйінің «Шашу» би тобы иеленді. Олардың ізінен Астанадағы үлкен сахнада өнер көрсетіп жүрген №239 мектебі «Құндызай» би тобы мен «Әлшекей» өнер мектебінің «Еркеназ» би тобы екінші орынға лайық саналды. Сондай-ақ, үшінші орынды Түгіскен өнер мектебінің «Қарақат» би тобы қанағат тұтты.
«Қаратауым жыр құйды» таңдайыма

Жүрек сөзін өрнектеп, сезімін тізбектеген 18 ақынның үздік туындысы жыр додасына түсті. Бағы жанғандар басып озып, шабыты жүйрік шын таланттар тұғырдан көрінді. Мүшайраның алғашқы бөлімінде аудан ақындарының М.Көкеновке арналған арнауы тыңдалды. Сондай-ақ, ақындар Жаңақорғанның 90 жылдығын, Қызылорданың 200 жылдығын және Астананың 20 жылдығын жырға қосты. Екінші кезеңінде әр қатысушыға бір-бір ақ қағаз бен қалам үлестіріліп, 20 минут уақыт ішінде «Қаратауым жыр құйды таңдайыма» тақырыбында 3 шумақтан аспайтын өлең жазуды тапсырды. Бірінші кезеңге қарағанда бұл кезең нағыз тартыс алаңына айналды. Төрт қатар өлеңнің ұйқасы мен иірімін келтіру үшін бар талантын көрсетіп, шын шабытты ақын екенін көрсетуге тырысты. Осы кезеңде кімнің қалай өлең өретіні мен қарым-қабілеті байқала бастады. Бір тақырыпта жазған 18 түрлі өлең кезегімен тыңдалды. Осы кезеңде Айман Ибраемова, Айдана Тұрсынбай, Құтымбай Нұрболат, Сағи Биғабылов, Жадыра Орынбасар және тағы басқа да өнерпаздардың өлеңі жүректен жүрекке жетті. Мүшайраға Уәли Ибрагимов, Ерсұлтан Мұстафаев және осы жолдардың авторы төрелік етті. Мүшайраның қортындысында 18-40 жас аралығындағы үлкен ақындар арасында бірінші орынға жайылмалық Наржан Бижан, екінші орынға шалқиялық Айман Ибраева, үшінші орынға талаптық Жәнібек Сыздықов лайық деп танылды. Ал, жасөспірімдер арасында манаптық жас ақын Ақнұр Арғынбай бірінші орын алса, Ұланбек Бексаба екінші орынға жайғасты. Үшінші орынға Айжамал Серік тұрақтады.


«Ат қосам дейді, бәйгеге»

Қазақтың төл өнері күй жайында айтқан кезде ең бірінші Құрманғазы Сағырбаевтың есімі тілге оралады. Дәулескер күйшінің 200 жылдық мерекесіне арналған күйшілер сайысы Қаратаудың етегінде өрбіді. Ерекше жанрды жаңғыртып, қазақ классиктерінің туындыларын насихаттаған жандар аз болмады. Үкілі домбырасына Құрманғазы Сағырбаевтың қоңыр күйін қосқан 30 түлектің перне басуы мен домбыра қағысы бөлек болды. Жергілікті сазгер Бәден Айсынов төрелік еткен қазылар мүшесінде Құлақмет Нәлтаев пен Нұғман Ержанов болды.
Күй құдіретін сезініп, қолына домбыра ұстай келген 30-ға жуық өнерпаздар әуелетіп, Құрманғазы Сағырбаевтың танымал туындыларын орындады. Оның ішінде «Адай», «Кішкентай», «Кісен ашқан», «Ақсақ киік», «Қайран шешем» және тағы басқа күйлері күмбірледі. Күйдің тылсым құдіреті ме, әлде тынымсыз ізденістің нәтижесі ме, топқа түскен күйшілердің делебесі қозып, маңдайдан тер сорғалады. Сайыс соңында топ жарған Сері Әлмахан үздік өнер көрсеткені үшін бірінші орын иеленді. Жібектей нәзік мінезі мен таланты жарасым тапқан Жәнібек Назеркені екінші орынға лайық көрді. Болашақтан үміт күттіретін дарынды жас Бакиров Фархат III-орынды қанжығаға байлады.

«Толғауда толғау
сөздер бар»

Ұлттық өнердің алтын діңгегі іспеттес, төкпе жырдың тамыры терме өнері Сыр өңірінде ерекше дамыған. Оған өңірден шыққан Есіркеп Қоңқабаев, Құтбай Дүрбаев, Ерлан Исмайылов, Болат Нұрымбетов тағы басқа осы секілді есімі елге белгілі жыршы-термешілер дәлел бола алады. Олардың ізін жалғаған Мұхтар Дәрібаев сынды өнер иелері қазақтың төл өнерін насихаттауда.
Термешілердің кейінгі толқыны өсіп келе жатқанын аудандық өнерпаздар байқауының термешілер сайысына келген дарынды жастардың қадамынан аңғардық. Жырдан шашу шашып, Сыр өңірінің мақамын жаңғыртуға келгендер төкпе өнердің биігін көрсетті. Сайыс қорытындысы бойынша Бағдат Нақыпов бірінші орынды иеленді. Қазақы болмысымен ерекшеленген Қожамұрат Әлімқұлов екінші сатыдан көрінді. Соңғы уақытта түрлі қырымен бой көрсетіп жүрген Берік Мамуов үшінші орынға лайық саналды.
Шара соңында Бесарық ауылдық клубының директоры Рәшид Нәлтаевқа «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілестің «Алғыс хатын» табыстаған Мәжит Байқожаұлы аудандық өнерпаздар байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын сөз етті. Білім бөлімі қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Елшібек Сатиршинов болса, ауданның кіл мықтылары додаға түскен байқауға білікті мамандар қазылық еткенін сөз етті.

Түйін. Рухани құндылықтың тамырына қуат беріп, ұлттық өнердің бойына күш сыйлаған байқауда халықтың рухани қазынасы ортаймайтынына сенім артты. «Күй ойнаған қазағымның қанында» деген әсем әуен жүрегіміздің шерін қозғағандай әсер етті.

Мақпал МАРҚАБАЙ,
Жаңақорған-Бесарық-Жаңақорған.
21 сәуір 2018 ж. 1 147 0