№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тапсырма орындалуымен тиянақты

Тапсырма орындалуымен тиянақты

Аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Ахметов ұсынған мәселесі өзектілігімен көпшіліктің назарын бірден аударды.
– Тамыз айындағы әкімдік мәжілісінде берілген тапсырмаға сәйкес Жаңақорған және Шалқия кенті, Сүттіқұдық, Ақүйік, Кейден, Байкенже, Жаңарық, Қыркеңсе, Қаратөбе ауылдық округіндегі орындау­шылық деңгей мен елді мекеннің абаттандырылуы, санитариялық таза­лығының қамтамасыз ету барысына зерделеу жүргізілді.


Бұл жерде ең сорақысы – ауылдық округтерде қабылданған құқықтық актілері екен. Жалпы мемлекеттік органдармен 1296 құқықтық акті (шешім, өкім) қабылданды.
Оның ішінде, Жаңақорған кентінде – 274 өкім, 404 шешім, Шалқия кентінде – 80 өкім, 42 шешім, Кейден ауылдық округінде – 60 өкім, 16 шешім, Жаңарық ауылдық округінде – 69 өкім, 17 шешім, Байкенже ауылдық округінде – 62 өкім, 12 шешім, Сүттіқұдық ауылдық округінде – 57 өкім, 16 шешім, Қаратөбе ауылдық округінде – 48 өкім, 13 шешім, Ақүйік ауылдық округінде – 40 өкім, 9 шешім, Қыркеңсе ауылдық округінде – 60 өкім, 17 шешім тіркелді. Осы шешімдер негізінде тек Байкенже мен Жаңарық ауылдық округтері ғана кемшіліктен ада болды. Мәселен, Жаңақорған кентінде 2 құжат дұрыс рәсімделмеді. «Кейденде» бір шешімде заң бұзушылық анықталды. Мұндай қателіктер өзге ауылдық округтерден де шықты. Мәселен, «Сүт­ті­құдықта» бір өкім мен шешім, «Қара­төбеде» екі бұзушылық орын алды. Ең қызығы, шешімдеріне ауыл әкімінің қолы қойылмай-ақ, нөмерленіп, қолданысқа жіберілген. «Шалқияда» үш өкімнен, «Ақүйікте» бір шешім мен екі өкім, «Қыркеңседе» екі өкімде қателік шықты, – деп бір ентігін басты аппарат басшысы.
Бұған дейінгі әкімдік мәжілісінде құжат айналымы және шешімдер мен өкімдердің заңға сәйкес дайындау тәртібі қатаң тапсырылған еді. Алайда тапсырманы «ақпақұлақ» аяқасты етті. Қысқасы, «баяғы жартас – сол жартас». Аудан әкімі осы «сауатсыздықты» сынға алды.
– Өткен мәжілісте құқықтық актілерді рәсімдеуде жіберілген қателіктерді айтып, слайдпен көздеріңізге түртіп көрсеттік қой! «Кемшілікті жойыңыздар, алдағы тексеруде қайталанбасын» деп тапсырма берілді. Ең болмағанда өткен айдағы қателіктерді қайталамай, құжат сауатты дайындалуы тиіс еді. Жалпы, құқықтық сауаты төмен заңгерді не үшін қызметте ұстап отырсыздар?
Қаратөбенің әкімі Дүйсенбиев жолдас, сіз не істеп жүргеніңізді білесіз бе? Мынау не масқара, жылдық бюджеттің 30,7 пайызын ғана игеру деген. Жылдың басында 85 млн. теңге қойылған, қазан айы басталды 32 млн. теңгені ғана жаратқансыз. Сонда бүгінге дейін тек айлықты алып ғана отырғансыз ба? Қаратөбе тұрғындары көтерген канал тазалау мен жол жөндеуге берілген қаржы неге игерілмейді? Қаржы бөлімінің басшысы Оразбеков жолдас, сала орынбасары Сұлтанбеков жолдас, сіздер қайда қарап отырсыздар?
Осындай олқылыққа жол бер­ген Ж.Дүйсенбиевтің тәртіптік жауап­тығын қарауды аппарат басшысына тапсырамын, – деді ауданның бас менеджері.
Одан ары бюджет қаржысын игеру және салық базасын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– 2021 жылдың 8 айы қоры­тындысымен Қаратөбе ауылдық округі бюджет қаражатын 77,2 пайызға ғана игерді. Аудандық бюджеттен канал қазу мен көше жөндеуге берілген нысаналы трансферттер кейінгі айларға негізсіз жылжытылып, игерілмей келді. Бір жылдық бюджеттің игерілуі – 30,7 пайыз. Бұл не деген жауапсыздық?
Бұл аздай, бюджет кірісінің орындалуында да кемшілік анықталуда. Аудан бойынша көлік салығына 30,5 млн теңге берешек қалыптасса, оның 74,1 пайызы 9 елді мекеннің еншісінде. Бұл өз кезегінде алдыңғы хаттамалық тапсырманың өз деңгейінде орындалмағанын көрсетеді.
Кент, ауылдық округ әкімдерінің шешімдерін зерделеу барысында кіріс көзіне қатысты кездескен кемшіліктер тағы қайталанды. Оның дәлел-дәйегі көп. Мәселен, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жердің шешімінде шикілік бар. Неге десеңіздер, жеке тұлғалар салық төлеушілер тізіміне (реестер) енбей қалғаны анықталды. Осыдан кейін салық көзін қалай ұлғайтамыз? Мәселен, тағы да Қаратөбе ауылдық округі алдымыздан шығады. Бұл елді мекенде 2017 жылы – 1 жеке тұлға, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 1 салық төлеушінің реестріне кірмеді. Қыркеңседе 2017 жылы – 3, 2018 жылы – 2, 2019 жылы – 4, Шалқияда 2016-2018 жылы – 1, Жаңақорған кентінде 2016 жылы – 45, 2017 жылы – 46, 2018 жылы – 67, 2019 жылы –19, 2020 жылы – 34 жеке тұлғаның жер теліміне салық есептелмей келді, – деп бір мәселенің ұшын шығарды Бақтияр Мадиярұлы.
Мәселені одан ары талдаған аудан әкімі ауылдық округ әкімдерін жеке-жеке орнынан тұрғызып, жұмыстың сапасын сұрады.
– Орындалу пайызы төмен Сүттіқұдық, Қожамберді, Екпінді, Талап ауылдық округінің әкімдері, бұл қалай орын алды? Сіздерге жұмыс істеуге не кедергі?
Енді екінші мәселеге оралсақ, елді мекендегі тазалыққа жауап бере алмасаңыз несіне әкім болып жүрсіздер? Кенттің орталығы болсын, елді мекендер болсын, салғырт қарап, сиқы кеткен орындарды өзім суретке түсіріп, арнайы чатқа салып, тапсырма беріп келемін. Дейтұрғанмен осы олқылық үшін ұялып, қысылып жүрген біреуді байқамадым, тіпті «мынау менің тікелей атқаратын жұмысым ғой!» деп ойланып, нәтиже шығарып, түзетуге тырысып баққанды көрмедім. Біле білсеңіздер, «ауылына қарап азаматын таны» демей ме, елді мекеннің тазалығына қарап, әкімнің жұмысына баға берсек әбден болады.
Бұған Ақүйік, Қаратөбе, Қыркеңсе, Жаңарық ауылдық округінің әкімі, сіздер не дейсіздер? Ашығы сол, ауылдың айналасын біреу келіп тазалап бере ме? Әрине, бермейді. Осыны ойлану керек,– деп аудан әкімі ауылдағы әріптестерін бір қамшылап алды.
Міне, кезекті аудан әкімдігінің мәжілісінде осындай сілкініс пен серпіліс берудің қам-қарекетін бағамдап шықтық.
Енді сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдері тиісті міндетіне сергек қарап, жұмыста жауапкершілік танытуы тиіс. Одан басқа жол да жоқ, амал да жоқ.
Бұл жиын – намысты қозғады, жігерді жаныды, мақсатты межеледі. Қалғаны жауапты тұлғалар еншісінде тұр.

Қаныбек ӘБДУОВ,
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
05 қазан 2021 ж. 552 0