№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ел қариясымен қадірлі

Ел қариясымен қадірлі


Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етiп толқы­майтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар...
Қазақ поэзиясының заңғары Мұқа­ғали Мақатаевтың осынау жыр жолдарында көп мән-мағына бар. Бүгінде ақиқатты айқындап, елдік мүдде жолында болысып, халықтың әлеуетін көтеруде билік пен бұқара арасына алтын көпір болып жүрген қазыналы қариялар, абыз ақсақалдар арамыздан азайып барады. Барымызды бағалап, құрмет көрсетіп, қадірін біліп жүргенге не жетсін. Біз осындай тұлғаның төрінен Манап ауылының тумасы Қуанышбек ақсақалды көреміз. Қашан көрсек те ауылдың тынысын таразылап, кем-кетігін жоғарыға жеткізіп, жыртығын жамап, жетпегенін желеп жүретін жанның бірі. Сыр елінің сүлейі, халық ақыны Манап Көкенов өмірге келген ауылдың бүгінгі бедері, кескін-келбетінің көрнекті болуында, айшықты мәселелердің шешілуінде бұл кісінің көп еңбегі бар.
– Иә, Қуанышбек ағамыздың ау­ыл­ға сіңірген еңбегі зор. Мен әкім қызметін атқарған тұста қаншама шаруаны ширатып, әлеуметтік сала­ның серпілуіне қызметі сіңді. Ол кісінің әлі де ауылға берері көп, қай істің басында жүрсе де, нақты нәтиже шығаруға тырысады. Той-жиын, өлген-жітім болса басы-қасынан табылады, руына, ұлтына бөлмейді, қол ұшын беруге дайын тұрады. Міне, елге осы қасиетімен қадірлі. Осындай беделі биік ақсақал, қарияларымыз бар, тек қадірлей білсек болғаны, – деді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев.
1947 жылы Манапта өмірге келген кейіпкеріміз ауылдағы №160 мектеп табалдырығын аттайды. 1964 жылы Түркістандағы бұрынғы индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, 1968 жылы бітіріп шығады. Еңбек жолы Түгіскен совхозында бас­талады.
– Алғаш қызметке орналасқанда басшым Зәреров Шарап мені бірден темір-терсек қоймашысы етіп сайлады. Жас, іскер маманды қоймаға жауапты етіп қойды, барлық техникаларға, әсіресе комбайн, тракторларға қада­ғалау жасау менің мойныма артылды.  «ДТ-74», «ДТ-75», Беларусь техни­калары да келді. Сәуірдің 19 күні күріш егу науқаны басталды. Жан-жақтан диқандар көшіп келе бастады, киіз үйлер тігіліп, техникаларды іске қостық. Шаруа ширай бастағанда директор мені шақырып алып, қырмен салуды бастап кетті. Жарық жоқ, сто-ның маторын әкелуге тура келді. Содан не керек күріш ору науқаны кезінде қамбаға астық бітіп қалды. Ослай жастық жалынмен қызмет жолым басталды, – деп Қуанышбек атамыз әңгімені ширата түсті:
– 1968 жылдың күзінде Жаңа­қорғанға Қонаев келетін болды. Алдымен ХХІІІ партсъезға, сосын бізге жол жүреді деп ескертті. Содан дайындықты пысықтадық, ол кісі келді, көрді, қырмандағы қыруар шаруаға оң бағасын берді.
Мен кейін Есалы Тұрсынбаевтың шақыртуымен қауіпсіздік инженері болып қызметке келдім. Бұл кісінің тың игерудегі еңбегі өте зор, әсіресе жаңалыққа жаны құмер болды. Жастарға көбірек жәрдемші болып, көтермелеп отыратын. 1973 жыл болуы керек, туған ауылыма отбасы жағдайымен оралдым. Бір өкініштісі, еңбек жолым 80-ші жылдары тоқтады, өйткені дәрігерлердің жауап­сыздығынан науқастанып қалдым. Алматыға барып емделіп шықтым. Бірақ, ауылдың тыныс-тіршілігінен ажыраған емеспін. Қандай мәселе болса да, жастарға ақыл айтып, үлкендермен кеңесіп отырдым, – деді ол.
Ауылға ауыз су керек болып, 1992 жылы Сейілбек Шаухамановтың есігін қағып, бір емес екі шақырым жерге дейін труба тартқызуға мұрындық болғанда осы Қуанышбек ақсақал. Жаза берсек, ілкімді істер, ерен еңбек көп, ол алдағы уақыттың еншісінде.
«Артизан құдықты қазуда Сейілбек ағамыздың қызметі зор. 2004 жылы ауылда асармен мектеп-интернат салуға бел байладық. Сол кезде осы судың пайдасы көп тиді. Аудан әкімі Нұрлыбек Жолдасбаев, қазіргі білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимовтің де қосқан үлесі зор болды. Екі айда құрылысты бітірдік, облыс әкімі Икрам Адырбеков өзі келіп мектепті ашты. Кейіннен аймақ басшысына қабылдауға кемпірім екеуміз кіріп, «ау­ылға мектеп керек» деп назымызды айттық. 2006 жылы мектеп құрылысы басталды, 2005 жылы Манап ауылы округ болып бөлініп шықты. Алғаш әкім болып Мәжит Балқожаев келді. 8 жыл ауылды басқарып, көш соңында қалған ауылды алға оздырды. Оның еткен еңбегі орасан, мен бармын, ауыл ақсақалдары бар, біріге жұмыс жасадық. Мектеп, клуб, құдық, су жүйесі, жол жөнделді, мешіт салынды. 2016 жылы тоған салуды аудан әкімі Руслан Рүстемов назарға алып, салынуына жәрдемші болды» деп ақсақал өткенге бір есеп берді. 
– Жұмыла көтерген жүк жең­іл, бұл ауылдағы ағайынның ауызбіршілігі емес пе?
– Иә, біздің ауылдың адамдарының ынтымағы жарасқан, сөзге тоқтап, болар іске болысып тұрады. Әкім бас, тұрғындар тіреу болып, қаншама істі ілгерілеттік. Әлі де шешілуі тиіс мәселе жетерлік. Ескі тоған жарамайды, тоғанның шлюзіне мән беруге тиістіміз, көшеге асфальт, жалпы осындай шаруалар қажет. Оның барлығы уақыттың еншісінде. Шырынбек Сыз­дықов, Құттықожа Көкенов және өзге де ауылдағы ағайын кез келген істе алдыда жүреді. Міне, балам өмір осылай өтіп жатыр. Ең бастысы, адами қасиет, азаматтық борыш, перзенттік парыз деген қастерлі ұғымдарды ұмытпайық, – деп әңгімесін түйіндеді.
Қуанышбек қарияның қадыр-қаси­еті, қызметінің биігі ауыл тынысымен түйінделді. Ел қариясымен қадірлі деген осы болар.
Әли ТЕМІРБЕК
03 қазан 2021 ж. 225 0