Жастарға жаңа мүмкіндік
Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеудің екінші кезеңі қыркүйек айының соңында аяқталады. Нәтижесінде мемлекеттік сектор үшін 50 жас резервке таңдап алынады. Бұл жастарға берілген жаңа мүмкіндік. Осы бағытта жаңақорғандықтар жастардың белсенділігі қалай?
Алдымен кандидаттарға қойылатын талаптарға келсек, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс, жасы 35-тен аспауы керек, жоғары білімі бар және еңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы қажет. Осы жолғы жастар резевтерінен білім мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәселелерден хабардар болып, оны шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады.
Бұл жолғы іріктеудің алдыңғысынан басты айырмашылығы – кандидаттардың шынайы уәждері мен олардың құндылық бағдарларын бағалауға басымдық берілді. Сондай-ақ, үміткерлердің күрделі мәтіндік, сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті, ахуалдық есептер түрінде жасалған нақты мәселелерді шешу біліктілігі сарапқа салынды. Бұдан бөлек, кандидаттардың ассесмент орталық арқылы стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сенімділік сияқты жаңа формациядағы көшбасшыларға тән құзыреттері анықталып, бағаланады. Іріктеуден өткендер Президенттік жастар кадр резервінде 3 жылға дейін бола алады. Биылғы іріктеуге енгізілген жаңа талаптың тағы бірі – Президенттік жастар кадрлық резервіне үміткерлер мемлекеттік тілді білуі керек.
Құжат қалай және қайда тапсырылды? Құжаттарды қабылдау және әлеуетті резервшілерді іріктеу мамандандырылған онлайн платформада жүргізіледі. Президенттік резервтен әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға, әкімшілік лауазымдарға, «А» корпусына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына тағайындау қарастырылған. Qaztest офлайн форматта өтуді қажет етсе, Qazaq Resmi Test-ті үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн тапсыра алды. Ол үшін веб-камерасы, микрофоны және интернеті бар компьютер болуы тиіс. Үміткерлер мемлекеттік басқару академиясында Qazaq Resmi Test-ті тапсыруға бағытталған арнайы дайындық курсынан да өте алады.
Профильді Жеке кабинетте толтыру және электрондық-цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қою. Қажетті құжаттарды жүктеу, жеке куәлік, жоғары білім туралы дипломдардың және еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірме керек. Мемлекеттік тілді меңгергені туралы Сертификат та қажет. 2021 жылғы 2 қазан мен 25 желтоқсан аралығындағы уақытта іріктеу кезеңдері өтеді.
Осы орайда қазіргі халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы іске асырылып жатқанын білеміз. Егер мүмкіндік болған жағдайда солтүстік өңірлерге қоныс аударуға болады. Ұсыныс басшылық қызметке де болуы мүмкін.
Жалпы бұл жобаның басты мақсаты – қоғам мүдделерін басшылыққа алатын және маңызы зор әрі тиімді реформаларды іске асыра алатын жас таланттардың әлеуетін тиімді пайдалану. Резервке іріктеу барысын барынша ашық және әділ өткізу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жастар кадр резерві бойынша Ұлттық комиссия резервке іріктеудің арнайы тәртібі мен жоспарын бекітті. Өзінің келешегін күні бұрын ойлайтын мемлекет алдымен жас азаматтардың қабілет-қарымын шыңдап, тиісті дәрежеде көңіл бөлетіні түсінікті. Осындай жастарды мемлекеттік басқару аппаратына көбірек жұмылдыру қажет, себебі олардың ойлары ұшқыр, көзқарастары қалыптасқан, әлемдік тенденцияларды жақсы түсінеді.
Аудандағы ахуал қалай?
Бұл жөнінде жауапты маман Асхат Қыдырбаев сөз етті.
– Осы уақытқа дейін 30-ға жуық жас құжат тапсырып, үміткер ретінде тіркеліп, жартысына жуығы тестілеуге қатысты. Әлі де қатысуға ынталы азаматтар тіркелуде. Бұл алдымен жастарға берілген мүмкіндік болса, екіншіден, мемлекеттің келешегі үшін жасалынған тағы да бір жарқын белес, – деді.
Тест тапсырып, сауалдарға жауап берген жастармен пікірлескенде қойылған талаптарды еңсеру қиын емес, ең бастысы, елдің ертеңі үшін патриот жандардың шынайы болмысы нысанаға алынады екен.
– Шығармашылық тұрғыда, қазақ тілінде тест тапсыру да қиынға соқпады. Енді өткен-өтпегеніміз алдағы уақытта белгілі болады. Бұл біз секілді жастарға берілген мүмкіндік, – дейді ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Даурен Абибуллаев.
Президенттік жастар кадр резерві – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Бұл жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес, ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Дарынды жастарды басшылардың жаңа буынын даярлауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дәлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс», деп атап өтті.
Президент айтқандай, жастар – тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалану қажет. Білімді әрі білікті жас мамандардың ортақ мүдде үшін топтасатын, ұлтты биікке жетелеп, жаңаша дамуға бастайтын маңызды әрі жауапты сәт келді. Ел ертеңі үшін қызмет етем деген жастарды осы жобаға қатысуға тиіс, ол азаматтық борыш.
Әли ТЕМІРБЕК