№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сайлау-2021: Демократия даусы

Сайлау-2021: Демократия даусы

Саяси жаңғырудың жаңа кезені басталып, декратиялық құндылықтар көрініс беруде. Шынында, ауыл тұрғындары сайлауға белсенді қатысып, өз таңдауын жасады.
Енді сайланған әкімдер ауыл бюджетін ұлғайтуға көңіл бөліп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуы тиіс. Халық жаңа әкімдерден осыны күтеді. Хош! Қай әкім қандай деңгейде жұмыс істейді? Мұның жауабын бірнеше айда сезіне бастаймыз.
«Көзқарас» пікір-талас алаңында ауданға белгілі спикерлермен сайлау қалай, қандай деңгейде өткенін және әкімдерді сайлау бізге не береді? Осы сұрақтардың иінін қандырдық.
Дөңгелек үстелді тізгіндеген аудандық мәслихаттың депутаты,
төл газеттің редакторы Нұрлат Байгенже:
– Кешегі ауылдық окруктерінің сайлауы «Қазақстан-2050» Стратегиясында межеленген басымдықтарға толық жауап береді. Яғни азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатысып, жергілікті басқару органдары арқылы маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік алды.
Өзім бірнеше сайлау учаскесін аралағанымда халықтың белсенділігін көріп, қоғамдық белсенділігі мен саяси сауаты артқанын көрдік, – деп спикерлерге сөз ұсынды.


Сұлтан Ибрагимов,
аудандық сайлау комиссиясының төрағасы:


– 13 ауылдық округтегі 17 сайлау учаскесінде сайлау өз деңгейінде өтті. Елді мекендердегі 11340 сайлаушының 8458-ы дауыс берді. Яғни, халықтың 74,59 пайызы саяси науқанға араласты. Сайлауға «Nur Otan», «Ауыл», «ADAL» және «Қазақстан Халық» партиясының атынан 22 үміткер түсті. Сондай-ақ, өз-өзін ұсынған 23 адам болды.
Сайлаудың нәтижесі бойынша «Nur Otan-нан» – 8, «Ауылдан» – 2, «ADAL» мен Қазақстан Халықтан» – 1 кандидат әкім болып сайланды. Бір адам өз-өзін ұсынған.
Демократия – халық өз тағдырын өзі шешетін, қоғамдық саяси істерге белсенді араластыратын идеологиялық құрал. Ұлы Дала елінде ғасырлар бойы қалыптасқан дала заңдары еркін ойлы, белсенді, жауапкершілікті сезінетін тұлғаларды қалыптастырды. Міне, әкімдерді сайлау осындай үрдістің жалғасы ретінде бағалаймын. Мұның пайдасы көп.
Бұл сайлау саяси реформаларға тың серпін беріп, азаматтардың ел басқару және шешім қабылдау ісіне араласуға мүмкіндік береді.

Бақтияр Ахметов,
аудан әкімінің орынбасары:


– Әкімдерді сайлау – халықтық демократияны нығайту бағытындағы тың қадам және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдірудегі ұтымды шешім болды. Біздіңше, бұл сайлау жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі институционалдық өзгерістерді бастады. Елдік істерді жергілікті деңгейде сапалы орындайтын қоғам көшбасшыларын айқындауда шешуші рөл атқарады.
Сайлау комиссиясының төрағаларымен байланыста болып, сайлауды әділ әрі ашық өткізуді ұсындық. Сайлау барысында әрбір кандидаттың сенімді өкілі мен әрбір партия бақылаушыларына тең мүмкіндік қарастыруды сұрадық.
Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы демократиялық қағидаларға сай өтті деп ойлаймын. Дауыс беру және санау кезінде үміткерлердің сенімді өкілдері араласып, бюллетень санауда белсенділік танытты.
Біз халықтың да ой-пікірін біліп отырмыз. Арыз-шағымдар түскен жоқ. Сайлауға дейін белгілі кандидаттарды алып тастау жөнінде ұсыныстар айтылды. Бірақ, партияның ішкі жұмысына араласа алмайтынымызды ескертіп, ашық сайлауда жеңіске жетудің мәнін түсіндірдік.
Сайлау өтті. Халық өздеріне қажетті әкімді сайлады. Енді халықтың аманатын арқалаған әкімдер уәдесін орындап, мемлекеттік мұрат жолындағы жұмыста белсенді болуы тиіс.
Айта кететіні, 2018 жылдан бастап халқының саны 2000 адамнан асатын әкімшілік-аумақтық бірліктерде, 2020 жылдан бастап барлық ауылдық округтерге дербес бюджет берілді. Енді ауыл әкімдеріның салық базасын кеңейтіп, кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тарту арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндігі мол. Мұндай бастамаларға халық дем беретіні анық...

Мәжит Балқожаев,
«Nur Otan» партиясының Жаңақорған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:


– Сайлау – ауыл әкімдері корпусының белгілі деңгейде жаңаруына, мемлекеттік қызметке жаңа тұлғалардың келуіне оң әсер етті. Бұл – жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінің дамуына серпін береді.
Сайлауға дейін ел арасында түрлі «саяси болжамдар» болды. Әлеуметтік желіде үміт пен күдікті арқау еткендер аз болмады. Тіпті партиядан ұсынылған кандидаттарды алып тастауды уәж ет­кендер табылды.
Оларға: Бақылаушы ретінде сайлаудың барысын бақылаңыз. Ашық бәсеке алаңында жеңуге тілектеспін! – деп өз ойымды жеткіздім.
Сайлау қорытындысы көрсеткендей, сайлау ашық, шынайы, жариялы, әділ өтті. Оған халық куә.
Ешқандай партияның тарапынан қысым болмады деп ойлаймын. Өз-өзін ұсынушылар мен партиядан сайлауға түскендер үгіт-насихат жұмысына тең жағдай жасалды.
«Nur Otan» партиясынан сайлауға түскен үміткердің сегізі басым дауыс жинады. Мәселен, Жаманбай батыр ауылдық округіне өз кандидатурасын ұсынған Әлібек Абдуллаев оппоненттері­нен едеуір көп дауыс жинады. Екінші жағы, сайлау партияға деген халықтың сенімін күшейте түсті.

Керімхан Егізбаев,
«Ауыл» партиясының аудандағы өкілі:

– Ауылдық округтің тұрғыны өз аймағын дамытуға көбірек мүдделі. Өйткені ол ауылда өздері тұрады. Өзі тұратын ауылдағы негізгі қажеттіліктерді жақсы біледі, әрі бұл мәселелерді шешуге қабілетті азаматты да жақсы біледі. Осы тұрғыдан алғанда, сайлау – – азаматтық қоғам үшін үлкен емтихан алаңы болды. Біз осы сынақтан сәтті өттік дей аламын.
Тәуелсіздіктің тағылымды жолында әкімдерді тағайындау тәжірибесін көрдік. Одан кейін депутаттар сайлаған әкімдердің жұмысын бағдарладық. Әрине өтпелі кезеңдерде мұндай саяси жүйе керек те болған шығар. Бірақ қазір халықтың көзқарасы шыңдалды, саяси көзқарасы кемелденді. Халық өміршең шешімдер шығаруға мүдделі. Әрі осы сайлауда осындай биіктіктен көрінді.
Біз екі ауылдық округ – Қожамберді мен Келінтөбедегі сайлауды бақыладық. Сайлаушылар жеке адамға емес, партияға дауыс беруге келгенін білдіріп жатты. Мұның өзі халықтың саяси біліктілігінен хабар береді.
Осы саясм науқанды ел тарихындағы айтулы белес деп айтуға болады. Ауыл тұрғындары елге жанашыр, сенімнен шығатын, беделді, туған жерді өркендетуде аянып қалмайтын азаматты таңдады деген сенімдемін. Десе де кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарына берілген 10 күн аздық етті деген ойдамын.

Әбілғазы Төлегенов,
аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:


– Осы сайлауға түскен үміткердің 3/2-сі өзін-өзі ұсынғаны туралы ақпарат шықты. Әрі оның 100-ден асаты әкім болып сайланды. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бір жағынан, тұрғындар реформаға сенгендіктен белсенді атсалысып отыр. Екінші жағынан, қатысу деңгейінің жоғары болуы халықтың дауыс беруі арқылы өз өмірлерін өзгертуге болатынына сенетінін көрсетті. Яғни бұл демократияның жақсы мектебі.
Қоғамдық пікірді мониторинг жасап отыратындықтан «тағайындамалы әкім­дер­дің жаңа формасы» деген «саяси болжамдарды» естідік. Бірақ сайлау олар күткендей емес, әділ әрі ашық өтті.
Ауданда қазіргі таңда 77 қоғамдық ұйым бар. Оның ішінде, діни ұйымдар, республикалық, облыстық бірлестіктің филиалы, қоғамдық қорлар жұмыс істейді. Бұны неге айтып отырмын, бұл ұйымдар сайлауға бақылаушыларды арнайы дайындады. Белгілі бір кандидатқа немесе партияға жұмыс істеуді емес, сайлаудың әділ, әрі ашық өтуіне үлкен бағыт берді. Ал, бақылаушылар қалай таңдалды, олардың қатарында қоғам белсенділері топтастырылды. Сондықтан сайлау өз деңгейінде өтті.
Ал, ақпараттандыруға келетін болсақ, әлеуметтік желі, аудандық газет үміткердің сайлауалды бағдарламасын өз деңгейінде жариялады.
Сайлау барысында жастар руға немесе мүдделі топқа емес, қолынан нақты іс келетін азаматты таңдауға назар аударды. Бізді қуантқаны осы...

Қаныбек Әбдуов,
аудан әкімінің кеңесшісі:


– Сыр өңірінде Арал мен Жаңақорған ауданында демократиялық принциптерге сай сайлау өтті. Екі ауданда өткен сайлауда бірнеше партиядан үміткерлер әкім болғаны белгілі.
Өзім сырттай екі ауылды бақыладым. Сонда байқағаным, жастар мен аға буын, тіпті ардагерлер арасында үлкен талқылау болды. Үміткерлердің бағдарламасы күнде әлеуметтік желіде, ауыл ішіндегі ірілі-ұсақты басқосу, жиындарда талқыға көп түсті. Өйткені, бұл жолғы үміткерлер сайлауалды бағдарламасын үстірт дайындаған жоқ. Барлық жоспар-межесін мамандармен ақылдасып, ауылдағы ағайынмен пікірлесіп, нақты міндеттерді түсірді. Бұрындары бағдарламада тіпті республикалық бюджетке де көз тастап, шеше алатындай дәрежеде судыратып, параққа шималай беретін еді. Жоқ. Бұл жолы олай емес, нақты аудан, облыс көлеміндегі атқарылатын міндеттер ғана ұсынылды. Бұл өте дұрыс шешім.
Екіншіден, бұл сайлау – әкімдердің беделін көтерді, өйткені бүтіндей ауыл сол үміткерге сенім білдіріп, бағдарламасын қолдады. Ал осы бір сенімге селкеу түсірмей, жауапкершілік жүгін көтере алу әкімдер үшін үлкен сын болмақ. Барлығын уақыт таразылайды, ауыл әкімдерінің ендігі міндеті елмен жақын бола түсу. Сондықтан, уақыт оздырмай, елді алаң қылмай, ауыл басшылары іске кіріскені абзал. Төрт жыл аз уақыт емес, осы төрт жыл, әсіресе, жастардың жігерін жанып, келешегін кемел ететінін анық. Тек іздену, еңбектену, ел сенімін ақтауда қалтықсыз қызмет етсе болғаны.

P.S.: Спикерлердың ортақ пікірі – ауыл әкімдерін сайлау лайықты деңгейде ұйымдастырылды. Мұны сайлаушылардың белсенділігінен, ел Конституциясында жазылған таңдау құқығын іске асыруынан көруге болады. Яғни, оң өзгерісті ауыл тұрғындарының ықылас-ниетінен оңай аңғаруға болады.
Ендігі міндет – сайланбалы әкідер халықтың үмітін ақтап, аманатына адалдық танытуы тиіс.
Біздің бір түсінгеніміз, ауыл әкімдерінің сайлауы демократия дауысын жаңғыртып, халыққа сенім ұялатты.
Енді спикерлер айтқандай, халық өзі сайлаған әкімдерден нақты нәтижені талап ететіні хақ.
Демократия принциптері дегеніміз нақ осы!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

31 шілде 2021 ж. 398 0