» » Балаларға базарлық

Балаларға базарлық


1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл айтулы датаны айшықты деңгейде тойлау  Байкенже ауылында ұдайы үрдіс ретінде жолға қойылған. Ауыл әкімі Нұрғали Оспановтың сұранысымен, жылда мүмкіндігі шектеулі балаларға, балабақша балапандарына және үздік оқушыларға түрліше сый-сыяпат үлестіріліп жүр. Дәс­түрлі шара бұл жолы да жалғасын тапты. Балбөбектерді мерекесімен құттықтаған ауыл әкімі Нұрғали Әлайдарұлы:
– Бала – біздің бақытымыз. Болашақ – бейкүнә  балапанның сыңғырлаған үнімен, қиялшыл арманынан бастау алады. Әрбір бала қоғамнан қолдау күтеді. Оларды қорғау – адамзаттың басты борышы. Сонау 1950 жылдан аталып өтілетін «Балаларды қорғау күнінің» де маңызы зор. «Бала – бауыр етім, ет жүрегім» деген дана халықтың ұрпағымыз. Ендеше, бар мейір-махаббатты балаға тарту етуге тиістіміз. Балаға берілетін қолдаулар мен көмектер мемлекет тарапынан да қарқынды жүзеге асуда. Бала құқығын қорғау, оның ой-пікірін елеп-ескеру сынды жобалар жылдан-жылға жандануда. Мұндай қамқорлық біздің ауылда да жалғасын табуда. Ауыл балалары үшін жұмыс жасап жатқан екі мектеп пен екі балабақша  балдырғандардың игілігі үшін. Әлі де бүлдіршіндерімізді таңқалдыратын жасампаз жобалар қолға алынатын болады, – деді.
Ал, салтанатты жиынға арнайы кел­ген «Қызылқұм» ЖШС «Хорасан-1» ке­ніші шаруашылық бөлімінің  менеджері Сәкен Стамбеков өз сөзінде Байкенже ауылының тұрғылықты тұрғындарына, мүм­кіндігі шектеулі балалар мен озат оқу­шыларға компания тарапынан қолдаулар көрсетілетінін айтып өтті. Соңыра, ауылдық әкімдіктің сұранысына сай 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 9 баланың әрқайысына 30 мың теңгеден қаражат табыстады. Өмір­ден өз үлесін алуды армандайтын бал­дырғандарға түрлі тәттілер мен сый-сыяпаттар да үлестіріп, көңілдерін көтерді.
– 16 жылдан бері әлеуметтік қызметкер болып жұмыс жасаймын. Негізгі бағыт – денсаулығында кінәраты бар, мүмкіндігі шектеулі балаларды жан-жақты дамытуға көмектесу, үй жағдайында психологиялық жұмыстар жасау, білмегенін үйрету. Тиісінше қолдау, қуанту. Жылда дәстүрлі түрде қайырымдылық шарасын ұйымдастырамыз. Бұл жолы да өтінішті назарға алып, балаларға қуаныш сыйлап, жомарттық танытқан «Қызылқұм» ЖШС басшылығына алғаусыз алғыс айтамын. Лайым, қазақ елінің дені сау, тепсе темір үзетін, ұлағатты ұрпағы көп болсын. Балалар жайнап, балалар шаттансын. Соған тілектеспін, бүгінгі мейрамда мүмкіндігі шектеулі 9 балаға жалпы соммасы 300 мың теңге шамасында қолдау көрсетілді, – дейді әлеуметтік қызметкер Айсұлу Қалдыбаева.
Кереметтей базарлықтардан соң сал­танатты шара «Өнер фестиваліне» ұласты. Карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, саф ауада ұйымдастырылған балалар бай­қауында  балдай тәтті балапандар әуезді ән айтып, мың бұралып билеп, жауһар жырдан шашу шашты. Ал, қос қолы сый-сыяпатқа кенелгендері бақытты жүзбен жы­мыңдасып мәз. Соңында, ата-аналар да ақжүректі лебізін ақтарып, мазмұнды шараның ұйымдастырушыларына алғыс айтты.
Шакизат ОЛЖАБАЙ
05 маусым 2021 ж. 538 0