Тәуелсіздікке тағзым – тілге құрмет
Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен, облыстық тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған облыстық мүшайраға 22 ақын қатысты. Олар Тәуелсіздікті тұғырлы етуде тілдің мән-маңызын жырға қосады. Ұлттық тіл мәселесін халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізатулла Нәрзілдаев терең түсінеді. Сондықтан жыр бәйгесінде оның жыры ескерусіз қалмауы тиіс еді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова мүшайраның өту барысы жайлы талдап, қатысушыларға алғысын білдірді.
– Халқымызда жыраулық өнер ерте замандардан қалыптасып, дамыды. Елдікті жырлаған ақын-жыршыларымыз елдің рухани-мәдени өрісі кеңеюіне үлес қосты. Осындай дәстүр сабақтастығы бүгінге жетіп, ақындарымыз Тәуелсіздікке тағзым етіп, мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуді жырға қосты, – деді Мира Жомартқызы.
Айта кететіні, І.Нәрзілдаевтың өлеңі облыстық мүшайрада үшінші орынға лайықты болып, республикалық деңгейде өтетін мүшайраға таңдалып алынды.
І.Нәрзілдаев патриоттық бағыттағы өлеңдерімен облыстық, республикалық мүшайларларға қатысып, ақындық қырымен танылып жүр.
– Кешегі Абай салған жолмен көркем сөзге таласымыз бар. Әрине, Ұлы ақын шыққан биік екінің бірінің бағына бұйыра бермейді. Біздікі – елдікті жырлап, жастарға үлгі-өнеге көрсету. Облыстық мүшайрада менің өлеңімді жоғары бағалапты. Қуаныштымын. Бұл шабытыма шабыт қосты, – деп қуанышын жасырмады ол.
Аружан ӘЛІМЖАН