№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Коронавирус қай елдерге жетпеді?

Коронавирус қай елдерге жетпеді?


COVID-19 тіпті мұхиттағы аралдарда табылғанымен, эпидемия өршіген елдердің кейбір көршілерінде әлі кездеспей отыр.
Коронавирус ешқандай географиялық және саяси шекараны мойындамайды. Сондықтан, бүгінде жер шарында ол бармаған елдер 20-ға жетер-жетпес қана қалды. Cенбіге дейін планетада COVID-19-ды жұқтырғандар 600 000-нан асып, 28 мыңдайы қайтыс болды. Айығып кеткендер – 130 000-ға таяу. АҚШ-та жұмбақ дертке шалдыққандар 120 000-нан асты. Сөйтіп, Құрама Штаттар бұл жағынан Қытайды артқа тастап отыр.
Newsweek журналының зерттеуіне жүгінсек, коронавирус бір-ақ адамнан табылған елдерді Африка мен Тынық мұхиттан кездестіруге болады. Дегенмен, қауіпті инфекция эпидемияның негізгі ошақтарына жақын орналасқан бірен-саран мемлекеттерде мүлде анықталмай отыр. COVID-19 былтырғы жылдың соңында Қытайдың Хубэй провинциясының астанасы Уханьнан табылғаны белгілі. Содан кейін ол бүкіл елге жайылып, шетел асып, алғашында Оңтүстік Кореяға үлкен зардап әкелді.
Бірақ, наурыздың 27-не дейін дауасы жоқ ауру Солтүстік Кореяға жете қоймаған. Қытаймен, Оңтүстік Кореямен шектесетін Солтүстік Корея - жаңа коронавирустың жолын бөгеу үшін өз шекарасын жауып, анти-эпидемиялық шараларды қолға алған алғашқы елдердің бірі. Өткен аптада Пхеньян карантинге жабылған мыңдаған пациентті босатуға бұйрық берді. Дегенмен, тағы да жүздеген адам - әлі де дәрігерлердің бақылауы мен изоляцияда. Осыдан екі күн бұрын Солтүстік Корея су резервуарлары мен цистерналарды қатаң бақылауға алып, валюта банкноттарын дезинфекциялап, территориялық суларының жағасында тұрған кемелері мен қайықтарын қоқыстан тазартуға, залалсыздандыруға кірісті.
Азиядағы құпия әрі қатаң бақылаудағы тағы бір мемлекет – эпидемия сұмдық өршіген елмен шекаралас. Бұл жерде әңгіме – Түркіменстан жайында. Ол 32 мыңдай адамға COVID-19 диагнозы қойылған Иран көршісіне дәрі-дәрмек пен азық-түлік жіберді. Бірақ, Түркіменстанның өзінде коронавирус әлі табылған жоқ. Бұл постсоветтік республика Солтүстік Кореяның жолымен жүріп, сапарларды қатал шектеп, жаппай тазарту және ақпараттандыру жұмыстарын ұйымдастырып, жергілікті кейбір өнімдерді антивирустық қасиетке ие деп жарнамалады. Ал, жұма күні үкімет сайты «коронавирус қаупіне байланысты шет мемлекеттерден түркімен азаматтарын қайтару жұмыстарының жалғасып жатқанын» хабарлады. Іргелес Тәжікстанда да бірде-бір COVID-19 оқиғасы тіркелген жоқ. Соған қарамастан, мұнда да пандамия кезінде сапарлар шектеліп, бір жерге көп адамның жиналуына тыйым салынып отыр.
Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының көпшіліктің басын қосатын шараларды өткізбеу туралы кеңесіне қарамастан, Тәжікстанда Наурыз мерекесі кең ауқымда тойланды. Парсылардың жаңа жылы Иранның өзі мен Таяу Шығыстың басқа елдерінде тыныш өтті. Жалпы, бұл аймақта инфекция жұқтырғандар саны тез өсіп келе жатқаны байқалады. Бірақ, Араб әлемінің ең кедей мемлекеті – Йеменде коронавируспен науқастанғандар әзірге кездеспей отыр. Азаматтық соғыстан, аштықтан, түрлі індеттерден әбден титықтаған бұл мемлекет, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдеуінше, әлемдегі ең ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан кешіп жатыр. Оның үстіне, жақында АҚШ Мемлекеттік департаменті мұдағы көтерілісшілер қолына өткен аудандар мен ел астанасы Санаға көмек беруді қысқартатынын ескертті. Кейбір сарапшылардың ойынша, бұның нәтижесінде Йеменнің қатерлі инфекцияның алдын-алу, анықтау және онымен күресу мүмкіндіктері тіпті әлсіреп кетуі ғажап емес. COVID-19 халықаралық қауымдастықтың «су жаңа» мүшесі – Оңтүстік Суданда әлі кездескен жоқ. Бұл суб-Сахаралық мемлекетте азаматтық соғыс өткен айда ғана аяқталып, жауласушы тараптар бірлік туралы келісімге қол қойды.
Алайда, ел ішінде сан мың адам босқындық кебін киіп, лагерлерде тұрып жатыр. Дәрігердердің айтуынша, мұндай тар шатырларда коронавирустың өршу әлеуеті өте зор. Африканың өзге бір жерлерінде, мысалы, Ботсвана мен Лесотода да COVID-19 әзірге анықталмай отыр. Айта кету керек, бұл мемлекеттер - «Қара құрлықта» коронавирус эпидемиясы ең қатты өршіп және оны жұқтырғандар саны 1000-ға жуықтаған Оңтүстік Африка Республикасымен шекаралас. Шығыс Африкадағы Бурунди мен Малавиде, Батыс Африкадағы Сьерра-Леона мен Комор, Сао-Том, Принсип аралдарында да COVID-19 бүгінше кездеспеді. Коронавирус теңіздерден тез өтсе де, Тынық мұхитттың оңтүстігіндегі аралдарға жете қойған жоқ.
Бұл диагноз осы аймақтағы Кук және Маршалл аралдарының, Микронезия мен Наурудың, Палау мен Самоаның, Соломон аралдары мен Тувалудың, Вануатудың бірде-бір тұрғынына қойылмапты. Осы елдердің көбі бүгінде әлемнің ең бақуатты, ең ірі деген мемлекеттерінің өзінде денсаулық сақтау жүйесіне күйреу қаупін төндіріп тұрған вирустың жолын бөгеу үшін шекараларын мейлінше жапты. Жұма күні АҚШ Мемлекеттік департаменті USAID ұйымы арқылы жер шарының 64 еліне 100 миллион доллар көмек бөлетінін жариялады. Сонымен қатар, Вашингтон БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі комиссариятының есепшотына 64 миллион доллар аудармақ. Және де Ресей, Қытай, Куба тәрізді мемлекеттер де коронавируспен күрес жүргізіп жатқан елдерге көмек көрсетіп, дәрігер мамандары мен өзге де персоналын аттандырды.

Арыс Әділбекұлы
03 сәуір 2020 ж. 559 0