Ауданда бағдарлама аясында атқарылған шаруа көп
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат.
Осы тұста, 2019 жылы аудан да «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауқымды шаралар өткізілген. Бұл жөнінде бүгін аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков жергілікті БАҚ құралдарына өткізген брифинг те мәлімдеді.
Бірінші кезекте, Ғалымжан Жарқынбекұлы Бағдарламаның 4 кіші жобасы аясында атқарылған жұмыстарды және 2020 жылғы жоспармен бөлісті.
– Бағдарламаның«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша білім бөлімі тарапынан 70 іс-шара өткізілді. Оның ішінде: «Өз ауылың мен мектебіңнің тарихын білесің бе?», «Мен өскен жер, мен оқитын мектеп», «Мектеп қалай қалыптасты, қандай жолдан өтті, қазіргі даму жағдайы», «Тарихты білу- әр ұрпақ міндеті», «Көп оқып, көп білуге ұмтыл» тақырыбындағы түрлі форматтағы шаралар өткізілді. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында облыстық білім басқармасы, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы және Жаңақорған аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Қаратау бөктерінде “Қызғалдақ-өркениет куәсі” тақырыбындаоқушыларға арналған облыстық фестиваль өтті. Оқушыларды техналогия саласына қызығушылығын арттыру, интеллектуалдық қабілетін дамыту мақсатында «ZhanakorganRobotics-2019» аудандық балалар фестивалі өткізілді, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналып «Жұлдызай», «Қамқорлық», «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, 1500 балаға көмек жасалған. Өлке тарихын зерделеуге ынталандыру мақсатында үздік оқушылар, олимпиада жеңімпаздары аймағымыздағы тарихи және мәдени ескерткіштерге және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына саяхаттар ұйымдастырылған.
Брифинг барысында әкім орынбасары «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша: «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» аясында «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне Жаңақорған ауданы бойынша Хорасан ата кесенесі, Төлегетай-Қылышты ата кесенесі, Сығанақ қалашығы енгізілсе, «Өңірлік қасиетті нысандар» тізіміне Сунақ ата кесенесі, Айқожа ишан кесенесі, Ақтас мешіті, Қарасопы кесенесі енгізілгенін мәлімдеді. Оған қоса, 2019 жылы «Қазақстаның Қасиетті нысандары» тізіміне Қатын қамал үңгірі, Көккесене сағанасы енгізілгені белгілі болды. Сондай-ақ 2019 жылы кент орталығына жақын орналасқан 18 обаның 5-не офистік жоба дайындалып,«Археологиялық зерттеулер» ЖШС мекемесі арқылы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген. Зерттеу барысында обалардың ерте заманда тоналғаны анықталып, обалар орналасқан жерлер босатылды. Өңіріміздің киелі жерлерін сақтау мәселесінде қайтажаңғырту жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Төлегетай-Қылышты ата кешенді кесенесіне,Ақтас мешіті мен Айқожа ишан кесенесіне, Қорасан ата, Сунақ ата кесенесіне жүйелі түрде ұрпақтарының көмегімен жөндеу, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде екен.
Брифинг соңында жыл бойы атқарылған шаралар «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында 100-ден астам мақала жергілікті басылым «Жаңақорған тынысы» газетінде «Рухани жаңғыру» логотипімен жарық көрген. Ал құнды құжат аясында атқарылған жұмыстар облыстық «Қызылорда» телеарнасында, жергілікті басылым «Жаңақорған тынысы» газетінде және танымал әлеуметтік желілерде мерзімінде ақпараттандырылып жүргенін хабарлады. Сөз соңында биылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шаралар бекітілген кестеге сай өз уақытында ауқымды түрде өткізілетінін тілге тиек етті.
Самат ӘБДІШ