Қағбамен қауышқан тілек
Бұлар Қағбаны бетке алып, қол ұстасып қатар түзеп келе жатқанда өздерін бастап келе жатқан гид «Жанына жақын таяп, өзіміз белгі бергенше көзді төмен салып жүріңіздер» деуінде мән бар екен. «Ал енді қараңыздар» дегенде қарсы алдында нөпір толқынның ортасында тұлғаланған ақиқат діннің ғажайып тәжіне ерекше анықтап назар тіккенде көңілдері елбіреп-желбіреп, жанардан сорғалап аққан жасты тоқтата алмаған. Құдыреттің ұлылығына бас иіп, жарық өмірде жұмыр басты пенде болып жаратылғаны үшін де, осы күнге есен-сау жетіп, жер жиҺанның бір бұрышындағы Жаратушымыздың назары түскен нәзиралы мекенге табаны тиіп, тәуап жасап тұрған бүгінгі халінің ақиқат-жалғанын ажырата алмай, осы нығметті бұйырған жазмыштың жазуына мың-мың шүкіршілігін айтып, жүректері айнадай тазарған.
Бұл жерде оқылған бір рәкат намаз жүз мың еселенеді. Дұға-тілегіңіз бос қайтарылмайды.
Жер шарының түкпір-түкпірінен ағылған жүз миллиондаған қажылық парызын өтеушілер қатарында жаңақорғандықтар да қасиетті сапарға ниет қылып, жылма-жыл барып келіп жатуының берекеті айналып келгенде атамекеннің ырысын арттырып, несібесін молайтып, алғы күндерді жарқын үмітке жалғауға бірден-бір себеп, бірден-бір серт. Өйткені әр пенде өзінің ғана емес, ел-жұртының, туған топырағының да тілеуқоры.
Кеше, қаңтар айының басында қажылыққа аттанған жаңақорғандық азаматтар қатарында газетіміздің белді қызметкері Әбдісамат Әбдіш те бар еді. Әріптесіміздің аяқастынан бұл қажылығына таң қалып едік, ол өзі бізден бетер айран-асыр болып отыр екен. Бұған дейін мешіт жастары жамағатымен талай жақсы, игілікті іс-әрекеттердің басы-қасынан табылып жүрген, сол жолда міндетті қызметінен бөлек қаншама қайрат жұмсап жүрсе де еңбегін бұлдамайтын, қайта өзгелердің де көкірегіне сәуле ұялатып, қатарына тартуға талпынысынан танбайтын қаламгер бауырымыздың бейнетінің өтеуіндей Алла үйі тарапынан қаржыландырылатын қажылар тізіміне таңдалыпты. Енді бірер күнде шетелдік құжат дайындаудың қамына кірісіп кеткен.
Бұл жолы қажылыққа ниет қылғандардың саны 16-ға жетті. Басым көпшілігі жергілікті кәсіпкер жігіттер. Кәсіпкер болғанда да майда-шүйде саудадан бастап, тауқыметті тірлік, табанды бірлігінің арқасында күндіз-түні бейнет қылып, тиыннан теңге құрап, бүгінде отбасы, әулетін былай қойғанда тұтас елге тұтқа боларлық деңгей қалыптастырған тұлғалы азаматтар. Атап айтатын болсақ, орталықтағы «Заңғар» супермаркеті дүкенінің иелері Ерлан, Нұржан Палмановтар, ірі сауда үйі «Ғани» дүкенінің қожайыны Ғазиз Әйтілеуов, «Атамекен» дәмханасының иесі Мұрат Пернебаев, кәсіпкер Ербол Әшірбаев, Жаңауыл ауылындағы жеке клиника иесі Нұрлан Алиакбар, осындай шипагерлердің бірі Аппазов Қазбек әкесі Шаммұхаммедпен бірге «Хиссамеддин-Сығанақи» мешіті имамы Жеңіс Ашимов, сосын осындай азаматтар өсіріп отырған ағайын аман тұрғанда солардың алдында туған елдің көкірек көзін діннің шырағымен сәулелендіріп келе жатқан қасиетті ілімнің егелері шет қалсын ба, көптің демеуімен осындай ұстаздарымыз – Мейрамбек Баймұратов пен наиб имам Ақмұрат Әлімбайұлы, Қанат Кеңесбекұлы қатарды толықтырды. «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер ұжымының мүшесі, заңгер Тұрабаев Дәулет болса әкесі Қалдарбекке қажылық жолдамасын алып берді. Ал осы топтың бас біріктіруіне ұйытқы болып жүрген ірі кәсіпкер Нұрболат Аширов бауырымыз туралы кеңірек тоқталуымызға тура келеді. Биылғы қажылығы оның бесінші ма, алтыншы ма сапары екен. Мұның сырын қажылыққа барып, хикметін бойынан өткізіп қайтқан жан ғана түсінбесе былайғы жұрт о неменесі деп қарадай қызғанып та отыратынына сене беруге болады. Сөйтпесек пенде боламыз ба? Ал ақиқатына келгенде қасиетті мекенге құштарлық дегеніміз, ол саф таза мөлдірлікті аңсау, аярлықтан ада, жалғандықтан пәк, Құдыреттің алдындағы құмырсқадай хал-ахуалын айна-қатесіз мойынсұнған, сол қорғансыздығы үшін құлшылыққа құлаған, шын өкініп, шын жылаған иманды бір құл болу деген сөз ғой. Ондай жан өз басына тілеген қайырды елге тілейді. Әлеуметтің ақиқат жолды таңдауына титімдей үлес қосудың қам-қарекетін бір сәт естен шығармайды. Нұрболат та дүйім-құрдастары арасында қажылыққа ниет етулеріне мұрындық болып, айтылатын аят-таспихтарын жаттатып, сақадай сай әзірлікпен алып шығыпты.
21 қаңтар күні аман-сау елге келген қажылардың көңілі шат. Әріптесіміз Әбдісамат сапар барысы жөнінде былай деп сыр шертті:
– Бұл сапарға ниеттенгендер бұдан да көп болатын.
Ұстаздар бар, спортсмендер бар, күнделікті қызметінен іс-шаралардан босай алмай, игі ниетті кейінге ысыруға тура келген жағдайлар да кезікті. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» дегендей, нәсіп болып, көңілді бір демдеп оралдық. Өзіме келсем Умра қажылығында қара басымнан бөлек өз атам мен нағашы атам үшін де кіші қажылық өтеуге ниет еттім. Оның шарты ихрам кию, Қағбаны 7 рет айналып тауаф жасау, Сафа мен Мәруа тауы арасында жеті рет жүгіру, соңында шаш қидыру екен. Қажылықты өтеп болған соң Сәуір тауына бардық. Айша анамыздың мешітін араладық.
Қажылықтың бір шарты жалаңаш денеңе оралған ихрамыңа ықтият болуың керек. Әурет жерің ашылып не түсіп кетсе құрбандыққа мал шалуыңа тура келеді.
Өзім парызымды орындап болған соң Айша анамыздың мешітінде қайта ихрамға кіріп, аталарыма бәділ қажылық жасадым. Яғни дүниеден өткен кісілердің атынан ниет етіп, қайта умра жасадым. Қажылар келесі кезекте Мәдина қаласында Пайғамбар мешітінде болып, қабірін зират еттік. Хазіреті Омар, Хазіреті Әбу-Бәкір де қасында жатыр екен. Пайғамбарымызға (С.А.У) сәлем беріп, салауаттарымызды жаудырдық.
Осы маңдағы Жәннәт-ул-Бақи мазаратында Пайғамбарымыздың әхлі-бейіті (әулеті) мен 14 мың сахабаның жерленгенін білдік. Сол сияқты Мәдина тұрғындары, қажылықта жүріп қаза болғандардың денесі осында қойылады екен. Намаз сайын жаназа оқылып жатты. Өз тұрғыны бар, шеттен келгендер бар, оның барлығына орын қалай табыла береді? Оның да сырын білдік. Әр үш жыл сайын қабір жаңартылып, жаназаны қабылдай береді. Бұрынғы жерленгендер сүйегі қазылып алынбайды екен. Топыраққа сіңіп нұрға айналып кететінін айтты. Мәдинаның ерекше қасиеттілігі, «Нұрлы қала» атану себебі осында.
Мәдинаға келіп Меккеге қайтқың келмейді, Меккеге келіп, елге қайтқымыз келмейді. Бір әрі-сәрі күй кешіп, қайтар жолда да енді қайтып бұл жақты көреміз бе, көрмейміз бе деген сағыныш жүрегімізді тілгіледі. Бұл сапардың хикметі сонда екен, – деп әңгімесін түйіндеді. Ол енді осы сапар құрметіне орталық мешітте күн сайын ас беріп жатқан қажылар қатарында бізді асыл ниетке ортақтасуға шақырды.
Қажылықтың нығметі бір бөлек, ата-бабасы баспаған жерді басып, ел жер көріп қайтқан жас қаламның Арабия мемлекетінің бүгінгі әлеуеті, тарихи орындары, халқының таным-талабы, мәдениеті, салт-сана, тіршілік әдебі жөнінде кең көсілетін кезегі келді. Жә, бүгін мұрсат берейік, газетіміздің келесі нөмірінен бастап Әбдісаматпен бірге Араб әмірліктеріне бірге сапар шегеміз. Әрине, Жаратқанның қалауымен.
Баян ҮСЕЙІНОВА