Жаңақорғанда мал базары неге жоқ?
Төрт түлікті кәсіп еткен шаруаларға ата кәсіпті жандандырудың жаңаша мәні мен мағынасын сараптау, салаға заманауи озық технологияларды енгізу, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, экспорт көлемін арттыруда теориялық һәм практикалық тәжірибе алаңына айналған «Малшылар слеті» Жаңақорғанда дәстүрлі өткізіліп келеді. Оның себебі де түсінікті. Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі Жаңақорған ауданында. «Сыбаға» бағдарламасына қатысу жөнінен де республикада үздік ондыққа енді.
Малдың қоңын арттыруда жазда Қаратау тауының саясы, күзде Сырдария алқабы мен Қызылқұмның шұрайлы шөбінің септігі көп. Қысқасы, ата кәсіпке өте қолайлы. Мұндай артықшылықты жаңақорғандық еңбеккерлер сәтті қолданып, өрісті малға толтыруға кірісті. Мұнымен мақтанып жүрміз. Иә, мақтанамыз. Бірақ мыңғырған малдың пайдасы қайда, өз нарығымызды өзіміз реттей алмаған соң.
Неге дейсіз бе? Жаңақорғандағы ет бағамы Түркістанның нарығымен реттеліп тұрады. Бұл менің емес, саудагерлердің сөзі. Олар малды Түркістанда пұлдайды. Яғни сатып алады, сатады. Ондағы базардың бағасы құбылса, біздегі еттің келісі міндетті түрде қымбаттайды.
Кезінде ауданды басқарған Руслан Рүстемов Жаңақорған кентіндегі мал базардың қайта ашылып, жаңғыруын қолдаған еді. Кәсіпкер Фахриддин Тұрғанбаев бірқатар жеңілдіктер жасап, сатушылар мен тұтынушыларға жайлылық пен ыңғайлылық тудырды. Базар жандануы тиіс еді. Алайда Түркістан мен Шиелінің мал базары басымдықты бермеді. Одан кейінгісі өздеріңізге белгілі...
Ғалым Әміреев әкім ретінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолының бойында мал бордақылау алаңы мен мал сою пунктімен қамтылған базар ашуды мұрат етті. Ондайға нарықтық бәсеке бәс бере ме? Содан кейін Жаңақорғанда базар болады деген үміт сөнді.
Бізде неге мал базары жанданбай қойды? Өйткені Сыр беткейдің жұрты Түркістанға, Төменарық аймағындағы ауыл тұрғындары Шиелідегі мал базарға баруға ниетті. Онда ерте уақыттан сауда мәдениеті дамыған.
Кешегі аптада нағашым Қали Бесбайұлы: Базарға уақ мал шығарамын. Серік болшы, – деді. Келісілген уақытта Шиелінің мал базарына бардық. Соңғы рет мектепте оқып жүргенімде барғанмын. Содан бері қанша жыл дөңгеледі. Сенесіздер ме, өз көзіме өзім сенбей, таңғалумен, таңданумен базарды араладым. Базардың ауқымы кеңейіп, мүйізді ірі қара, жылқы, уақ мал саудасы таңғы сағат үш-төрттерден бастап қызады екен. Адамнан мал, малдан адам көп секілді көрінді. Арысы Жезқазған мен Қызылорда қаласынан, Түркістанның Созақ ауданынан келсе, берісі Жаңақорған ауданы мен Шиелінің ауыл-ауылынан көлік-көлік төрт түлік түсті, соншасы қайта артылды. Ығы-жығы көп адам. Алыпсатарлар базардың бағамын реттеп, ұпайын жібермеуге тырысып жүр. Саудаласуы да қызық. «Бауырым, қолды бер, сауданың аты сауда. Мал иесін тапты. Қолыңды бер енді!» деген дауыстар жер-жерде естіліп, сауданың парқы мен нарқын түсінгендей болдым.
Түсінгенім, Шиеліде Жөлектің жәрменкесінен басталатын сауда базары әлі сақталған. Қайта дамып, Қарабұлақтай аты мәшһүрленіп барады.
Енді оған біз қалай бәсекелесеміз? Мал біздікі, базар өзгенікі. Сондықтан нарықты солар реттейді. Біз соған бағынамыз. Базарды бағдарлау барысында түйген ойым осы.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ