Атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі белгілі болды
Еңбек министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, енді атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын төленеді
Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тәртібі өзгерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, енді атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын төленетін болады.
"Біз жаңа жылдан бастап өтініштерді қабылдап жатырмыз. Қаңтар айында адамдар құжаттар мен өтініштерін өткізеді. Ал ақпан айында алады", - деді Нұрымбетов.
Оның сөзіне қарағанда, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі қалды. Оған сәйкес, отбасының әрбір адамға шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен (21 828 - Sputnik Қазақстан) аспауы тиіс. Ал атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері өзгерді.
"Бұл жерде отбасының жан жасына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінен төмен болса, орташа табыс мен өлшемшарттың арасындағы айырмашылық төленеді", - деп атап көрсетті Нұрымбетов.
Бұдан бөлек, отбасыда жұмысқа қабілетті адам болса, оған жұмыс ұсынылады. Одан бас тартса, барлық отбасы мүшелері атаулы әлеуметтік көмектен айырылады.
"Бұл жерде бір маңызды мәселені ескеру керек, кез келген жұмысты ұсынбайды. Бізде жұмыспен қамту туралы заң бойынша тәртібі белгіленген. Ол кісіге лайықты жұмыс ұсынылады. "Лайықты" дегеніміз, оның өз мамандығы және қатынау жағы ескеріледі. Ондай жұмыс болмаса, басқа шараларды ұсынамыз", - дейді Нұрымбетов.
Айта кетейік, биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмектен бөлек көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақы енгізілді. Оның басты ерекшелігі сол, жәрдемақы табысына қарамастан төленеді. Ол бала санына қарай ай сайын беріледі.
"Биыл осы жәрдемақыға республикалық бюджеттен 177 миллиард теңге қарастырылған. Қаңтар айында 367 мың көпбалалы жанұяға осы жәрдемақы тағайындалып, қазіргі кезде ол кісілер өздерінің есепшоттарына жәрдемақыны алып жатыр", - деп атап көрсетті Біржан Нұрымбетов.
Жаңа жәрдемақыны төлеу тәртібі:
- 4 балаға - 42 496 теңге;
- 5 балаға – 53 127 теңге;
- 6 балаға – 63 757 теңге;
- 7 және одан көп балаға – 74 388 теңге.