Тәуелсіздік – ұлық мереке
Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде өткізуге ауылдық округ әкімдіктері мен мектептер, клуб үйлері атсалысты. Біз редакцияға түскен хаттарды шолып, Тәуелсіздік мейрамын жаңақорғандықтар қалай мерекелегенін сараптасақ.
Жаңарық ауылдық округінде Тәуелсіздік күніне орай №167 мектепте «Егеменді болмай – ел болмас, Тәуелсіз болмай – жер болмас» атты мерекелік кеш өтті. Ауылдық клуб үйі ұйымдастырған мәдени шарада патриот жастар өнер көрсетті.
Кеш шымылдығын мектеп директорының орынбасары Құндызай Оспанова ашты. Барша қазақстандықтар үшін тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Азаттықтың арқасында тарихымызды түгелдеп, тілімізді, дінімізді қайта жаңғырттық.
Мерекелік кеш клуб үйінде жалғасын тапты. Бірқатар сала мамандары аудан әкімі «Алғыс хатымен» марапатталды. Солардың қатарында клуб үйі меңгерушісі Жадыра Ахметоваға аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлының «Алғыс хаты» табысталды. Сондай-ақ ауыл әкімдігінің бағдарламашы маманы Досымхан Тайшықов, «Балшуақ» балабақшасының тәрбиеші Сәуле Аязбекова, «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиешісі Ұлжан Нұрғалиева аудан әкімінің «Алғыс хаты» берілді.
Кеш соңында ауыл ақсақалдары егемен елдің айтулы мерекесімен құттықтады. Жастардың тәуелсіздікті қадірлеуі әрбір ұрпақтың парызы мен міндеті екендігіне ерекше тоқталып, батасын берді.
***
Сұттіқұдық ауылы Тәуелсіздік күнін ерекше атап өтті. Ауылдық клуб үйінде өткен «Тәуелсіздік азаттығым бақ күнім» атты салтанатты шараны ауыл әкімі Мақсат Абдуллаев ашып, ұлық мерекеде сала мамандары мен ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтарды «Алғыс хатпен» марапаттады. Яғни №52 мектептің мұғалімі М.Мүспенов, ауыл әкімшілігінің бас маманы К.Құрақбай, мал дәрігері Дамир Құтыбаев марапат биігінен көрінді.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Божанов, №13 «Гулдер» балабақшасының меңгерушісі Б.Аязбай, кітапхана меңгерушісі Р.Ибрагимова, клуб үйі менгерушісі Ғ.Бейсеновтер құттықтау тілектерін жеткізді.
Клуб үйінің көркем өнерпаздары мерекелік кеште патриоттық әндер орындап, ауылдастарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Майра ҒАНИЕВА