№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ел газеті "Егеменнің" мерейлі межесі

Ел газеті "Егеменнің" мерейлі межесі


Бастауын «Ұшқыннан» алып талай тағдырлы соқпақтардан өткен «Егемен Қазақстан» газеті ғасырлық биігін бағындырды. Газеттің әр жылдарғы сарғайған беттерінен елдің рухани-мәдени һәм әлеуметтік-экономикалық жылнамасын біліп, жүз жылдық шежіреге хатталған тарихи тұлғалардың болмыс-бітімін, арман-мұратын тануға болады. Яғни, ұлттың ұстыны, жетістігінің жаршысы, әлеуметтік өмірінің айнасына айналды. Ел газеті осындай танымдық, тағылымдық құндылығымен қымбат. Ұлт сөзінің мінбері, ұлт мінезінің айбары болған бас басылымның ғасырлық мерейтойы Елорда төрінде салтанатты түрде аталып өтті.


Елдіктің мерейлі мерейтойына ортақтасқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев жеткізді.
– Басылым беттерін парақтағанда ұлтымыздың ғасыр ішінде бастан кешірген кезеңдері көз алдыңызға келеді. ХХ ғасырдың 20 жылдардағы ұжым­дастыру, 30 жылдардағы ашар­шылық пен репрессиялар, 40 жыл­дардағы соғыс, 50 жылдардағы тың игеру және басқа да тағ­дыр­лы әрі тарихи оқиғалармен өрі­ліп, азаттықтың ақжолтай жаңа­лықтарымен арнасы жалғасады. Зама­на үніне айналған бас газет әр жылдары республикамыздың аста­насы болған Қызылорда, Алматы қалаларында жұмысын жалғастырып, ел өміріндегі өркенді істерді оқыр­мандарға дер кезінде жеткізіп отырды. Газет журналистері қай кезде де халықтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тақырыптардағы қадау-қадау проблемаларын қаузап, игілікті іске жанашырлықпен үн қосты. Келелі мәселелердің кесімді шешім табуына кәсіби шеберлікпен атсалысты, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Сахна төріне көтерілген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ел игілігіне қызмет етіп жүрген егемендіктердің еңбегіне тоқталып Үкімет басшысы Асқар Маминнің құттықтауын оқып берді. Ақжарма тілектер ағылған мерей­тойда Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның ізгі тілегін сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтауын депутат Қуаныш Сұлтанов жеткізді.
Ел газетінің 100 жылдығы аясында «Үміт» жас журналистер конкурсы жарияланған еді. Жас қаламгерлердің шабыты мен шабысын анықтаған конкурстың нәтижесі белгілі болып, жерлес қаламгер Ерасыл Қаныбекұлы жүл­дегерлер қатарынан көрінді. Ол «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихына үңіліп, онда қызмет еткен белгілі қаламгер Қалмақан Әбдіқадыровтың қалай жұмысқа тұрғаны, Қызылордадағы Ілиястың ізі, Ұзақ Бағаевтың азаматтық ұстанымы туралы қызықты деректерге құрылған «Өткеннің өнегесі өшпейді» атты мақаласымен ерекшеленді. Сондай-ақ мерейтой аясында «Ең қысқа әңгіме» байқауында жас ақын Жандос Жүсіпбек дара танылды.
Тағылымды кеш соңын газет басшысы Дархан Қыдырәлі түйіндеп:
– Ел газеті «Егеменнің» мерейлі межесі – ғасыр тойын қорытындылап жатырмыз.
Біз биыл жыл басында Абайдың жерінде, Жидебайда бастаған газеттің 100 жылдық мерейтойын жер-жерде, алаштың ұлыларының – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов сынды бабаларымыздың 125 жылдық мерейтойларымен сабақтастырып, үндестіріп атап өтуге тырыстық.
Себебі «Егеменнің» жүріп өткен жолы тағылым мен тағзымға толы. Қазаққа қазақ атауын қайтаруға айрықша үлес қосқан, елдік рухты еңселі етуге еңбек еткен азаттықтың арайлы таңында қасиетті Тәуелсіздігімізді сүйіншілеген «Egemen Qazaqstan»-ның тойы – баршамыздың тойымыз, күллі қазақ баспасөзінің тойы, – деді.
Айта кететіні, қалың оқырманның сүйікті газеті болумен қатар еліміздегі бүкіл баспасөздің қарашаңырағы айналған «Егемен Қазақстанның» ғасырлық мерейтойымен «Жаңақорған тынысы» алғашқылардың бірі болып құттықтап, қаңтар айында «Ұлт мінезінің мінбері» атты мақала жариялады. Қарымды қаламгер Баян Үсейінова бас басылымның өткені мен бүгінің бағамдап, елдің рухани-мәдение дамуында қосқан үлесін саралады әрі сөз өнерінің ұстаханасына айналған ел газетінің беделі мен бедерін, кешегісі мен бүгінің салмақтады. Одан кейін бас басылымда әр жылдары жарық көрген тарихтың түпнұсқасындай туындыларды топтастырған «Жүз жылдық жылнама» атты кітабы шыққанда осы автордың «Жүз жылдық жылнама» мақаласы аудандық газетте жарық көрді. Бұл ата басылымға аудандық газеттің шынайы құрметі, ізеті.
Дархан Қыдырәлі басқаратын медиа холдинг елдегі жаңалықтарды қалт жібермей, дер кезіңде жауап беріп отырғанымен бізге үлгі. «Жаңақорған тынысының» жаңалыққа ұмтылысын, ізденісін орынды бағалап, ілтипат хатын жолдады.
Онда: «Мемлекеттік саясаттың барысын, республиканың тыныс-тіршілігін жан-жақты жазып жариялау арқылы елдің үніне айналып отырған «Егеменнің 100 жылдық белесі тұтас қазақ баспасөзінің мерейі деп білеміз.
Осы ретте, жүз жылдық жылнамаға өңірлердегі әріптестеріміздің де үн қосқаны үлкен мәртебе.
Сыр өңірінің жақсы жаңалықтарын, халықтың мұң-мұқтажын, экономикалық көрсеткіштерін ұдайы жазып, жариялап отырған «Жаңақорған тынысы» газетінің ұлт руханиятын ұлықтау жолындағы осы қажырлы қызметіне зор табыс тілеймін», – деп құрмет білдірді басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.
Елдің үніне, ұлттың мінберіне айналған республикалық газетпен арада осындай байланыс болғанын мақтан етеміз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
23 қараша 2019 ж. 645 0