№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Көккесене


Көгілдір көк күмбезімен, ерекше сұлулығы, тұтас әсемдігімен шебер тұрғызылған кесене, кезінде көргендердің көз жауын алған. Ғимарат Айша бибі, Алаша және Жощы хан күмбездерімен ұқсас, көркемдік нақыштарымен үндес болған. Шыңылтырланған ақ сылақ пен көк сылақ, өзге де бояуларымен әрленген, төрт құбыласы сай өрнектер пропорция құраған. Осы жайлы орыс ориенталисі Е.Шмидт «Қырғыз даласының очерктерінде» тамсана баяндаған.
Хиуа тағында 1645-1663 жылдары отырған тарихшы Әбілғазы Баһадүр хан өзінің 1661 жылы жазып шыққан, «Түрікмен шежіресі» кітабында осы мовзолей жайлы алғашқы болып мәлімет берген. Заманына сай жеткілікті білім алған, араб, парсы, түркі тілдерін меңгерген, көп елдерді аралаған төл тарихшының осы еңбегін академик Х.Френ «Шығыстану ғылымының даңқын шығаратын үлкен іс» деп бағалаған.
Сәулет өнерінің осы айтулы ғимаратының ертеден бар екендігін Балх қаласынан шыққан мұсылман әлемінің ірі ғалымы, кезінде саяхаттап Мауереннахр аймағын аралаған Махмуд ибн Вали өзінің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» атты еңбегінде «Большими городами (Туркестана) которые при Чингисхане были центрами его, являются Келуран, Каракорум, Кок кашене и Дашт и Кипчак» деп жазыпты («История Казахстана в персидских источниках» V- том, А 2007 стр. 300)
Ойраттардың қазақ жеріне алғашқы шабуылы заманында да Көккесене мовзолейі жазба тарихта аталып өткен. Өзбекстан Ғылым Академиясының архив қорында сақталған, Б.Ахмедовтың орысша аудармасындағы Масуд Кухистанидың «Тарих-и Абу-л-хайр-хани» шығармасында Уз-Тимур-тайшы әскерлері мен Әбілхайыр хан сарбаздарының соғысы алдындағы кездесуі (1457ж) жайлы төмендегіше хатқа түскен.
«Когда дошли до местечка Дуржи Кутли Кийат в Нур-Тукайе, что рядом с Кок – Кашене перед ними, подобно горе, предстояло вражеское вайско» («История Казахстана в персидских источниках», V-т, А 2007, 238 стр).
Түркістан археология әуесқойлары үйірмесінің мүшесі, Перовск уезінің бастығы полковник В.Каллаур 1901 жылы жазда келіп Көккесенені зерттеген. Ол толтырған II- желтоқсандағы №6 хаттамаға қарағанда кесене күмбезінің ішкі жағында айнала жазылған арабша жазбаларды кеңсе қызметкері Жайлыбаев көшіріп алған, фототаспаны А.Уткин түсірген. Каллаурдың айтуынша ғимараттың артқы бөлігінде сағана болған, еденнен төмен түсер ауызғы жағы тасқа толып бітеліп қалған. Сағана үстінен мұсылман әулиелерінің мазарларына тән жасаулы құлпытас орнатылыпты. Каллаур анықтамаларынан ұғылатыны мовзолейді шашылған қыштан, қоқыстан тазартушы құлпытас орнатып ту қоюшы бұл жерде «Көккесене ата» аты берілетін жаңа әулие орнын ашуға ойы бар Сығанақ шырақшысы болса керек деп түсінік келтірілген. Каллаур зерттеулері кезеңінен бері көптеген ғалымдар мен өзге зерттеушілердің Көккесене туралы еңбектері мен мақалалары жарық көргені мәлім. Осы жолдардың авторы да 2002 - жылдың тамыз айында Қожамберді ауылындағы ақ, көк шеңгел, жыңғыл мен жантақ араласқан тырбық бұталар арасындағы биіктігі 2, үстіңгі диаметрі 10 м болатын конус тәріздес төбешік болған ғимарат орнын көруге арнайы барған еді. Ғимарат төбешігіне деңгейлес теріскей - батыс бетте өзара 10-15 м қашықтықта бір түзу бойында үш төбешік орналасқан екен. Соңғы төбенің бөгетке ұқсатарлық ұзындығы 150 метрге жуық құйрығы одан әрі еңіске созылыпты. Бұл төбешіктер қайсыбір зерттеушілер пайымдағандай ғимараттар орны емес, кезінде кірпіштер, әшекейлі «изразецьтер» мен сырлы бояулар дайындайтын қосалқы құрылыс – өндірістік нысандары болғанын болжалдауға болады.
Көргеніміз бен түйгеніміз жайлы аудандық газеттің сол жылғы №42 санында «Қаратаудан көрінген Көккесене» тақырыбында мақаламыз жарық көрген.
Жасыратыны жоқ, бірқатар филолог ғалымдар өз еңбектерінде Алпамыс-Гүлбаршын заманын кейінгі ғасырларға теліп сөз етеді. Басты қателік «Алпамыс батыр» эпосы сюжеттерін сол көне дәуірдегі тарихи оқиғаларымен байланыстыра, үйлестіре зерделемеушіліктен туындаған дейміз. Осындай қате тұжырымдарға жол берушілік себептерін, көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев оларға қатысты дерек көздерімен әдебиеттерді іздеп тауып, оқымаушылығынан болатынан айтып, өткір сынға алған еді. (Ә.Қоңыратбаев, I-том, А 2004, 513-515 бб).
Әсте, Алпамыс батырды жауықтырған қалмақ елі емес. Қалмақтардың ата-тегі ойраттар XV ғасырдың алғашқы жартысында Тогон және оның ұлы Эсэн кезінде ғана халық ретінде белгілі болып қалыптасқандығы тарихтан белгілі.
Шындығында, эпос сюжеті желісіне төмендегіше тарихи оқиғалар әсер еткен. Түркі қағанатындағы билікке 651 жылы Істенмэн Жабғының ұрпағы Бөрішадтың баласы Халлығ келеді. Тарих құжаттарында Қойлы (Қойлық) аталған ол, өзін Ышбара қаған деп жариялап, ордасын Талас өзенінің оңтүстігіндегі Мыңбұлаққа қондырады. Осы қаған «Он оқ тайпасы» көсемі ретінде шүршіттерге қарсы кеңінен соғыс жүргізіп, 652 - жылы Бесбалықты қайтарады және Тинчжоу бекінісін талқандайды. Осы жағдайлар Тай-Цзун (Эпоста Тайшық хан) императордың мұрагері Геоцзун кезінде қытайлар жағынан шұғыл қарсы соғыс қимылдарының жүргізілуіне соқтырады. Қытай сарбаздары 654 жылы түрік елі жерлеріне шабуыл жасап, далалық жерлердегі 10 мыңнан аса жылқыларды айдап әкетеді. Алпамыстың Гүлбаршынға үйленіп, әкесі Байбөрінің оған ұрысатыны осы кез болса керек. Өз өмірінің ұзақ жылдарын түркі халықтарының тарихын зерттеуге жұмсаған ғұлама ғалым, академик Л.Гумилев сол кезең жайлы төмендегіше жазған:
«Сосын Ышбара хан тылына алаң болмай таңдаулы жасағын Амудария бойынан Іле өзенінің алқабына әкеледі де, империя әскерінің ілгері жылжуын біржолата тоқтатады.» (Көне түріктер. А, 1993. 239 б). Алайда, шекаралық аймақтағы Мише мен Бучжен аталған ағамандар бас болған түркілік тайпалар шүршіттермен одақтас болады. Қарсы беттегі бауырластарынан жаулық күтпеген түрік қағандығы әскерлерінен ағамандары мен тархандарынан 200 кісі қапыда тұтқынға түседі. (Шүршіттермен одақ құрған олармен шекаралас түркі тайпалары басшылары «Алпамыс батыр» эпосында қасына 40 қыз ерткен мыстан кемпір ретінде жырланады). Түркі әскерлері 658 жылы Эбинор көлі және Куча жанында біржолата жеңіліс табады. Әйтседе, оңтүстіктегі оғыз тайпалары 656 жылы - ақ қытайлықтарға қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне шығады. Қарсылық қозғалысына 657 жылдан Ышбара қағанның қарындасы, Қазан салор алыптың әйелі Бисуду (ұзын бойлы Бөрлі сұлу) немесе «Түркімен шежіресінде» сөз болатын бектік қылған 7 қыздың бірі Сүндунбайдың қызы Алтын Гөздекі басшылық жасайды. Оның қасында Қармыш байдың қызы Мамыш бектің әйелі Баршын салор (Гүлбаршын), Қайы байдың қызы Жауылдыр - Бала алыптың әйелі Шабаты және Әбілғазы кітабында аттары көрсетілмеген төрт қыз болады. Алайда, күші басым жау қолымен 662 жыл соңында болған соғыста қыздар бастаған әскерлер жеңіледі. Аттары жүйрік болған қыздар қашып құтылады. Сол жылғы арқада болған қатты суықтан қытай әскерлері де көп шығынға ұшырайды. (Л.Гумилев, Көне түріктер, А, 1993). Осы оқиғалардан соң, елдер арасында тыныштық орнап, қытай жағынан тұтқындыларға рақымшылық жасалады. Тұтқында болған 7 жылдан соң, Алпамыс батырдың Түркістан қаласы маңындағы Шаға өзені жағасындағы Жиделі қаласына оралатыны жайлы жырда толығынан көркем суреттелген.
Сондай-ақ, археолог ғалымдар зерттеу жүргізіп (К.А.Акишев, К.М Байпақов, Л.Б Ерзакович, Древний Отрар, А.1972) VII –X ғасырларда жасаған деп тапқан, жанынан мол сулы бұлақ ағатын Баршын деп атаған төбесі де бар, Жиделі қаласына келер алдында, жылқы бағып жүрген Тортай ағасына кездесіп, Алпамыстың өзара өлеңмен жауаптасқанында Қарахантау оронимі бірнеше рет айтылады. Осы оронимді жеке сөздерге жіктеп талдағанда шығатын қара Хан тау сөз тіркесінде қазіргі Кентау қаласының шығысындағы Хантағы аталған елді мекен жері нұсқалған дейміз.
Қытайлықтарға қарсы ұлт-азаттық көтерілісін бастаған жеті қыздың сарбаздарды ұйымдастыру, басқару орталығы ретінде 656-657 жылдары Баршынкент қаласы орыны таңдалғаны анық. Осы орынның «Мыңқалаға» және Хорезмге баратын күре жолдар қиылысында болуы және Гүлбаршынның төркін – жұртының (салор тайпасы құрамында болған кете-шөмекей рулары арғы аталары) сол өңірді мекендеуі де әсер етсе керек. Қытай сарбаздары Іле бойы, Шу өзені алаптары арқылы ізбе-із қуғындағандай жағдайда, ертеде өткен Томирис апалары айла-әдісіне салып, қыздар оларды Бетбақдала шөлінде немесе Қызылқұмда адастырып кетуді ойластырғаны да сөзсіз.
Ал, Бай-Бурабек ұлына Бәмсі – Бейрек деп ат қойған Қорқыт атаның заманын 300 жылдай кейінгі ғасырларға жатқызатын авторлар назарына нақты тарихи деректегі айғақтарды алға тартқымыз келеді. Әбілғазының «Түркімен шежіресі» кітабы мәліметтерінде абыздың әкесі Қайы тайпасынан шыққан Қара қожа, шешесі қыпшақ қызы екендігі айтылады. Данагөй абыз Қайы Инал ханның, інілері Дуйлы – Қайы және Көл Еркінің, Инал ханның баласы Тұманның ақылгөй уәзірі болыпты. Түрік қағанатының батыстағы билеушісі Устенмәннің шөбересі Нәліханның тайпалар қақтығысы кезінде 601 жылы қазаланғаны тарихта жазылып қалған. Оның қытай қызы Сян-ши атты әйелінен туған Тұман өте жас қалған. Әдепкіде Нәлі ханның інісі Дуйлы - Қайы, ол қазаланған соң немере ағасы Көл тардуш Шад уақытша хан міндеттерін атқарыпты.
Рашид-ад-Дин жазып алған әпсана бойынша да Қорқыт Ата инал Сар Ябғухан, Дойлы, Көл-Еркі хандардың ақылшы уәзірі болыпты. Мұхаммед Пайғамбардың замандасы ұлы абыз, Инал ханның кенже ұлына Тұман атын беріпті. Ғұлама ғалым Л.Гумилев Нәлі хан қазаланғаннан соңғы кез жайлы төмендегіше жазған:
«Нәлі ханның інісі Басытегін өзінің енші аймағы Бұқарды көнбестігімен сақтап қалғысы келеді, қаза тапқан ағасынан қалған жеңгесін қытай қызы Сян Шиді әменгерлік жолмен алған Басы (қытайша Поши) сол әйелімен Қытайға келеді, бірақ бұл жерде ұсталады (604ж). Батыс түріктің ханы ақырында Нәлі ханның балауса ұлы Тұман (қытайша Дамань) болып шығады». («Көне түріктер», А, 1993).
Түркі қағанаты тарихына қатысты ұзақ жылдар, түркі, парсы, қытай тарихшылары жазба деректерін пайдаланып, салыстыра саралау әдісінде мәліметтер жинап шығармаларын жазған, билеуші түрік қағандарының генеологиясы мен ономастикалық атауларындағы кестесін түзген ғұлама тарихшы, академик Л.Гумилевтің «Көне түріктер», М. 1967 кітабындағы мәліметтер теріс деуге болмас. Осы жағдайда Қорқыт атаның жоғарыда аталған хандарға уәзірлік етіп бірге болған 6 ғасырдың соңы мен 7 ғасыр аралығында ғұмыр кешкендігін айқындауға болады. Осы тұжырым өзге дерек көздерімен де бекітіледі. Атап айтқанда, М.Ергинннің «Қорқыт ата кітабы» текстологиясына арналған еңбегінің кіріспе сөзінде Қорқыт Мұхаммед пайғамбар заманында өмір сүрген деп көрсетілсе (Анкара 1958-1963), Рашид-ад-Диннің «Оғызнаме» кітабында да Қорқыт абыз 601 жылы қазаланған Инал Нәлі ханның замандасы екені, оның баласына Тұман атын бергені жазылыпты. (Баку, 1987, 70-71 бб). Түркменнің «Салур баба Құл-Ағли оғлы» атты тарихи ұлы шығармасында да ұлы абыз Инал Сырмау ханның тұстасы, 95 жыл жасаған Қарақожаұлы екендігі айтылған екен.
Мұсылмандық діні жерімізде жеткілікті қанат жаймаған кезеңде өмірден өткен, әйтседе халық есінде сақталған Қорқыт абыз бен Гүлбаршынның бейіттері басына күмбездері орнатылуына қаражат пен күш жұмсап жанашырлық танытқандар кімдер болуы мүмкін деген сұрақ туындайды. Осы сұрақтар төңірегінде айтылар сөз.
Үстенмән Жабғы әскерлері соңында 555-556 жылдары аймағымызға келіп қоныстанған, негізінен қайы тайпасынан құралған халық (ғұндар қонысының солтүстік өңіріндегілер) тарих деректерінде 10- ғасырға дейін елеулі көші –қон қозғалысына түспеген. Тек, осы өңірден шыққан, Саманилер әулетінің Хорасандағы әскери басшысы болған Алыптегін, одан әрі 15 жылдан соң Қаратау, Сығанақ өңірін жайлаған руластары мен мұсылман дінін уағыздаған дін таратушыларын соңына ерткен Себуктегін Сырдың төменгі ағысы арқылы Хорезм өлкесіне өтіп, 977 жылы Ғазнауи сұлтандығының негізін қалағаны мәлім. Ғұлама ғалым, академик Ә.Марғұлан төмендегіше жазған:
«XI ғасырдың 20 жылдары Сыр бойындағы оғыздардың көпшілігі Амудария жағасындағы қоныстанып отырған қалың оғыз ортасына барып қосылады. Оларды билейтін Махмуд Газневи, оның атасы Чубіктің тегі оғыз Қайы елінен еді. Тәжіктер оғызды түрік деп атайтын («Ежелгі жыр аңыздар» Қорқыт ата, А 1999, 61- б).
Себуктегінге (977-997 жылдары Ғазна өңірінің, 994 жылдан Хорасан аймағы әміршісі болған) Саманидтер «Дін қорғаушысы» (Наср ад - Даула) құрметті атағын берген. Бұқараны бағындырған Харун боғра хан (Әулие ата) кезінен шегаралас Қарахан мемлекетімен мәдени және діни байланыстарын берік орнытырған Себуктегінұлы Махмуд билігі 998-1030 жылдары кезінде сұлтандықтың барынша дамып гүлденген кезі болыпты. Махмуд Газневи билігін Ауғанстан, Хорасан, Солтүстік Үндістан, Хорезм, Рей, Таберистан, Исфахан халықтары толық мойындап мұсылман әлеміне танылған. Олар исламның негізгі қағидаттарына өзгеріс енгізбекші болған Исмайлшылар мен карматтарға қарсы аяусыз күрес жүргізген. Бағдат Халифы ал-Кадир (991-1031) оған сұлтан дәрежесімен бірге «йемин әу – Даул уа амин әл - милла» (мемлекет және діни қоғамның сенімді тұлғасы) атағын берген. Сол замандарда мұсылман дінбасыларына үлкен құрмет көрсетілген. Ақындар мен тарихшыларға, ғалымдарға тиімді жұмыстарын атқаруға жағдайлар жасалған, оқу жүйесі үшін мешіт - медреселер тұрғызылған. Кең сарайларда 400–ден аса ақындар мен ғалымдар қызмет еткен. Архитектура дамытылып сарайлар, өмірден өткен көрнекті тұлғаларға арналып ескерткіш құрылыстарын (мовзолейлерін) салуға зор мән берілген. Автор Т.К Кораевтің мәліметтеріне қарағанда М.Газневи Солтүстік Индия және өзге жерлерден ондаған мың қолөнер шеберлері мен сәулетші ұсталарды өз жеріне, Орта Азияға алдырған екен. Ғазнауилер билігі салжұқтармен және Орталық Ауғанстандағы Гура билеушілерімен соғыс жағдайында Хосрау Мәлік (1160-1186) заманына дейін жалғасып келіпті. (ҚҰЭ, А, 2001. 96-97 бб).
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен Қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды» – деп жазылған. Аксиомаға айналған осы сөздер, ұлттық мәдениетіміздің сақталып, одан әрі өркендеуіне жол ашатынына сенімділік тудырады.

Жасұзақ АМАНБАЙҰЛЫ,
ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері,
Журналистер Одағының мүшесі.
27 ақпан 2018 ж. 2 098 1

Гость Jeahulalf от 5 ақпан 2019 22:22
Kamagra Jelly 100 Mg Toulon Keppra Zithromax Z Pak Dosing viagra Cold Medicine And Amoxicillin Cytotec Et Pose De Mirena Kamagra Trop Cher where to buy cialis online safely Buy Slimex