Берлинге жеткен жауынгер

Қарт Қаратаудың күнгей етегі жыра, белеске созылып, Аққұм жазығына ұласады. Сол белестердің бірінің бастау көзі Жиделі аталады. Жан-жағы көкмайса шалғынды, құнарлы жер. Етегінде бірнеше бұлағы бар осы мекенді Байыс әулеті жайлапты. Біздің кейіпкеріміз Егізбай Божбанбайұлы осы Байыстың немересі. Бабасының малы біткен, мыңғырған бай болмаса да әулетіне жетерлік дәулеті бар еңбексүйгіш жан болған.
Егізбай атамыз Жаңақорған ауданының қазіргі «Қосүйеңкі» ауылдық округіне қарасты Жиделі елді мекенінде егіздің сыңары болып туған. Әке-шешесі бұдан бұрын дүниеге келген ағалары Айтмағанбет пен Әбдіраманнан кейін туған егіздерге Сегізбай, Егізбай деп ат қойыпты. Өкініштісі, Сегізбай да ертерек дүниеден өтіп, соңында ұрпақ қалмады. Божбанбайдың кенже ұлы Қозтай соғыста ерлікпен қаза тапты. Оның есімі аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағындағы соғыстан қайтпаған боздақтар тізімі жазылған тақтада тұр.
Егізбай жастайынан аңшылыққа құмар болып өседі. Шиті мылтығын асынып Қаратауға сіңіп кетеді екен. Ол кездері Қаратаудың іші аң-құсқа толы. Аңшы болу үшін адам саққұлақ, көзі қырағы, күшті әрі мерген болуың керек. Егізбай қарауылға ілінгенін мүлт жібермейтін, құралайды көзден атқан мерген еді. Арқар мен қарақұрық, кекілік, бөдене мен бұлдырық бірін атып, бірін тұзақпен ұстайды. Аңшылықта оның жан серігі-досы Жәметтің Сыздығы бірге жүрген. Аңнан қайтқанда олжасын ауыл-үйге таратып беретін болған. Оның аңшылығы кейін аштық жылдары көп көмегін тигізді.
Кеңес өкіметі орнаған кезеңде Егізбай әулетімен алғаш құрылған «Қосүйеңкі» артеліне бар малын өткізіп, мүше болып кіреді. Жонға бидай мен арпа егеді, тесемен жер жыртып, баран ағашпен тоң кесекті майдалайды. Қалған уақытта колхоздың малына жем-шөп дайындайды.
Голощекиннің аштығы кезінде «жығылғанға жұдырық», ауа райы құрғақшылық болып еккен егіс желге ұшады. Елді аштық жайлап «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен керзаман болды. Аштықтан адамдар қырылып жатты. Шамасы келгендер оңтүстікке ауды. Әулетін аман алып қалуға тырысқан Егізбай мен Сыздық таудан нәпақа іздеп аңға шығады. Бұрынғы жыртылып айырылатын аң-құс сулы, қорегі бар жерлерді сағалап кеткен. Сол жылы қыс та қатты болады. Таудан күдер үзген бұлар енді Жиделіден 20 шақырым жердегі Қауық тоғайлары мен Сырдариядан өтіп Қойлақы көлі маңынан аң-құс атып, әулеттерін аштықтан аман алып қалады.
1934 жылы Егізбай көкеміз алғашқы жары Батпагүл анамызбен бас қосып, одан бір қыз, бір ұл сүйеді. Отанасы үшінші перзентін босанарда көз жұмады. Бұл соғыс басталған жыл болатын.
Ұлы Отан соғысы басталғанда жасы қырықтан асқан ол келесі жылдың тамыз айында әскер қатарына шақырылады. Ақтөбе қаласында 265 атқыштар полкі құрамында 5 айлық мергендер даярлайтын курстан өтіп. Ленинград майданына аттанады. Ладога көліндегі «Өмір жолы» арқылы бұлар қоршаудағы Ленинградқа жетеді. Әскери басшылық мергендерді арнайы тапсырмамен қала шетіндегі көп қабатты үйлердің төбесіне орналыстырады. Тапсырма біреу. Қалаға жасырын кіруге әрекет еткен десант пен диверсанттардың жолын кесіп, көзін жою, қала ішіндегі үйлерді, аш-жалаңаш адамдарды тонаумен айналысатын ұрылар мен рецедивицтердің жолын кесу, жаудың жіберген қала үстінен ұшатын аппараттарын қалаға кіргізбеу амалдарын қолдану. Олар осы тосқауылда кейде 3-4 күндеп жататын. Ол мерген ретінде Ленинград блокадасында жүзден астам неміс солдаттарының көзін жойды. Азық-түлік таусылып бір жұтым суға зар болған күндер мен түндер бастан өтті. Неміс ұшқыштары да қала үстінен ұшқанда бұларды пулеметпен атқылап, бомба тастайтын.
1943 жылдың 21 ақпанында неміс авиациасының кезекті шабуылы кезінде аяқ пен қолдан жеңіл жараланып, бір аптадан астам уақыт дала госпиталінде жатып жарақатын емдетіп, қайтадан алғы шепке оралады. Соғыста үш жылға жуық алғы шепте мергендігімен талай дұшпанның көзін жойды.
– Сауаттың жоқтығының біраз зардабын да көрдім. Жалпы осы үш жыл соғыс барысында мерген ретінде 200-ден астам неміс менің атқан оғымның құрбаны болды. Арасында жиырмашақты погоны жалтырағандар да бар. Кейін білдім, жылтыр погондылардың офицер екенін. Маған командирлер атқан немісіңді санап, жазып жүр деген емес. Сонда да болса өзімнің ішкі есебім жоғарыда айтқанымдай болар, бірақ одан кем емес. Орысшаны да шала білемін, еркін сөйлесе алмаймын. Бар-кел мен нан сұрауға ғана тілім жетеді. Ауылға хатты полктағы сауаты бар 3-4 қазақ жігіттерге жаздырып, келген хаттарды соларға оқытып алып жүрдім, – дегені бар.
Егізбай Ленинград қоршауынан шығу операциялары кезінде 1944 жылдың 30 маусымында екінші рет аяғынан жеңіл жараланады. Ол Ленинград майданынан кейін 1943 жылдың қыркүйегінен 1945 жылдың маусым айына дейін 693 атқыштар полкының қатарында Беларуссияны, Польша мен Венгрияны азат етуге қатысып, соғысты Берлиннің түбінде аяқтайды. Осы полкта жүріп 1945 жылдың қаңтарында коммунистік партия қатарына қабылданады. 1945 жылдың ақпан айында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Жалпы оның кеудесінде ІІ дәрежелі ҰОС ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңіске 20, 25, 50 жыл», «СССР қарулы күштеріне 50, 60, 70 жыл». медальдары жарқырады.
«Алладан аян болмаса, басыңнан бір тал шаш түспейді», «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» демекші, үш жылға жуық қанды қырғында екі рет жараланған Егізбай соғыс біткеннен кейін 1945 жылдың маусым айында елге қайтарылады. Елге оралысымен қайта еңбекке араласып алғашқыда қой баққанымен кейін 1946 жылдың соңына қой фермасының меңгерушілігіне тағайындалады. 1947 жылы Нәуетек Нақыпқызына үйленеді. Нәуетек анамыз 7 құрсақ көтерген. Отбасында 5 ұл мен 4 қызды өсіріп, тәрбиелеп, олардан 43 немере, жүзден астам шөбере сүйді. Бибітай үй шаруасында, Жарылқасын механизатор, Әбілхан инженер-механик болып еңбек етті, олар бұл күні бақилық болып кетті. Керімхан мен Сабырхан ғалым-агроном болса, Сайлаухан, Жұмагүл, Баян мен Рая дәрігерлер. Нәуетек анамыз 1993 жылы 26 сәуірде қайтыс болды.
1953 жылы колхоздар ірілене бастағанда егіс егуге және салынып жатқан ірі қара комплексіне жұмысқа қол керек деп колхоз басшылығы 60-70 отбасын Сырдария бойындағы «Қауық» елді мекеніне көшіреді. Осында көшіп келген Егізбай бригадир болып алғашқы екі жыл мақта егеді. 1955 жылдан 1974 жылы зейнеткерлікке шыққанша Қауық пен Шоқталда 100 гектардан астам жерге жүгері егеді. Ол басқарған бригада жыл сайын еккен жүгерінің әр гектарынан мол өнім алды. Оның бригадасында менің әкем Қалдыбек Сейсенов, Жұмабек Бибасаров, Әбіл Қанайбеков, Ерман Нәлібаев, Мақаш Иманбаев, Пәзілбек Сахиев, Ташкенбай Нұрмағанбетов, Құтымбай Наубаевтар сушы болып істеді. Ауыл адамдары таңертең ерте тұрып мал жайғап жатқанда Егізбай көкеміз иығына ілген кетпенінің жүзі жарқырап жал жағалап бара жатқанын көзбен көріп өстік. Оның жүгері өсірудегі озық тәжірибелері аудандық партия комитетінің, облыстық ауылшаруашылық басқармасының қолдауымен плакат болып шығарылып, облыс көлеміне таратылып насихатталды. Атақты жүгерішілер, «Ленин» орденді Әбдірахым Ақбалаев пен «Құрмет белгісі» орденді Тұрсынбек Мырзахметов оны өзіне ұстаз тұтты.
Ерекеңнің бейбіт өмірдегі еңбегі еленбей қалған жоқ. «Ерен еңбегі үшін», Бүкілодақтық халықтар жетістігі көрмесінің «Кіші күміс», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Ерекең зейнет жасына жеткенімен зейнетке шықпады. Бойында қайраты кемімеген қария тағы да он жылдан астам диқаншылықпен айналысып, тек 1976 жылы ғана біржолата зейнетке шықты.
Еңбекті қадір тұтқан сабырлы да салмақты, қазыналы қария шағында 1995 жылдың 15 қазанында 94 жасқа қараған шағында ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің алдында мәңгілік сапарына аттанды.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК