№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қазақ даласындағы тылсымға толы мекендер

Қазақ даласындағы тылсымға толы мекендер


Еліміздің қай өңіріне барсаңыз да көпті көрген қариялар сізге сондағы тау, төбе, көл немесе үңгір жайлы түрлі әңгіме айтып бере алады. Оның бірі шындыққа жанасса, екіншілері адам сенгісіз. Десе де, ақиқатын анықтау қиын. Сондай-ақ, жерімізде тек әңгімемен шектелмей, сыртқы бейнесі көрген жанды ойландыратын ғажайыптар да баршылық. Олардың сыры адам санасы жетпейтін бір құдіретте болуы мүмкін. Бүгін біз сіздерге аңыз бен әпсанаға қосылған қазақ даласындағы тылсымға толы мекендер жайлы әңгімелеп бермекпіз. Ендеше, назар салыңыздар.

1. Барсакелмес аралы. Атауының өзі адам бойына үрей ұялататын бұл арал бүгінде теңіздің тартылуына байланысты құрлықпен бірігіп кеткен. Барсакелмес туралы аңыздар ХХ ғасырдың орта тұсында көптеп айтыла бастады. КСРО газеттері бірінің артынан бірі ондаған жыл бойы аралдағы тылсым дүниелер жайлы түрлі мақала жариялады. Бұл үрдіс әлі жалғасын табуда. Сол әңгімелердің бірінде қатты дауыл соққанда Барсакелмеске келіп тоқтаған балықшылар кемесі жайлы сөз қозғалады. Күн райы ашылғанша екі балықшы өзгелерден бөлініп, аралды аралап қайтуды ұйғарыпты. Алайда, ұзақ уақыт өтсе де, олар кемеге қайтып келмепті.
 Жолдастарын іздеуге шыққан өзге балықшылар біраз жүргеннен кейін арал ортасында шеңбер пішініндегі қалың тұманға кезігіпті. Олар серіктері сол тұман арасына кіріп жоғалды деп ұйғарып, артқа қайтуға мәжбүр болған дейді. Екінші бір әңгімеде Әбдіразақ есімді қария жайлы айтылады. Ол Барсакелместің ортасына тігілген киіз үйде тұрған деседі жұрт. Қария аралға аспаннан түскен жұмбақ зат арқылы ғарышпен байланысып, болашақ жайлы болжамдар алып отырған екен. Сондай болжамдардың бірінде ол адам баласы жақын арада аспанды бағындырады депті. Араға жыл салмай Юрий Гагарин Байқоңырдан ғарышқа ұшқан көрінеді. Әбдіразақтың жұмбақ затын зерттеуге талай ғалымдар талпынған екен. Алайда, оның ешқайсысы оң нәтижеге бермеген. Құпия сол күйі ашылмаған. Барсакелместегі өзге планеталықтар, қанатты алып кесіртке, уақыт машинасы мен жасырын лабораторияға қатысты аңыздар бүгін де айтылады. Бірақ жазушы-фантаст Сергей Лукьяненконың сөзіне сенсек, бұл әңгіменің бәрі кезінде газеттердің сатылымын көбейту үшін ойдан шығарылған екен. "Алдымен қағазға басылған әңгімелер ауыздан ауызға тарап, уақыт өте шындық сияқты боп кеткен", - дейді ол.
 2. Жанкент қаласы. Араб жазбалары ал-Карьятал-Хадиса десе, парсылар Дих-и Нау атаған Янгикент, яғни Жанкент қаласының тарихы тереңге кетеді. IX-XI ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған қала тарихына қатысты хикая да көп. Солардың бірі Бегім Ана туралы аңызда жырланады. Бағзы бір заманда Жанкент қаласын Санжар есімді патша билепті. Саятшылықты жаны сүйетін ол сұлулығымен көпшілікті тамсандырған, күндей көркем күлімкөз Бегім есімді сұлуды жар етіп алған екен. Бегім Қарабура деген әулиенің қызы болыпты. Күндердің бір күнінде аңшылыққа шыққан патша қанжарын үйінде ұмыт қалдырған көрінеді. Аса қажетті жабдығын құлына әкелуді тапсырып, өзі аңшылығын жалғастыра береді. Құл Бегімге келіп, үйде отырған патша әйеліне жағдайды түсіндіреді.
Сұлу әйел қанжарды жүзін көрсетпестен құлға ұсынады. Оның сүйріктей ақ саусақтарын көргенде құл есінен танып қалады. Біршама уақыттан соң өз-өзіне келіп, патшаға барғанында Санжар одан неге кешіккенінің жөнін сұрайды. Ақталу үшін өтірік айтуды жөн санаған құл Бегімнің өзін білегінен ұстап, жібермей қойғанын жеткізеді. Бұл хабарға қатты ашуланған патша аңшылығын тоқтатып, үйіне қайтып келеді де жарының оң қолы мен оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп, зынданға тастайды. Сол түні қызының күнәсіз екеніне көз жеткізген Қарабура әулие Санжардың түсіне еніп: «Санжар шырағым, сен де менің бір балам едің. Адам өзінің өмірлік жолдасы – әйеліне істің ақ-қарасын анықтап барып, жаза қолданбас па? Егер қызым сенің көзіңе шөп салса, сол бойы өмірлік мүгедек болып, қорлық көріп өтсін. Ал, адал болса, Тәңірі жәрдем беріп, жан жарасын да, тән жарасын да жазар. Оның адалдығына араша түспеген еліңді жылан жұтар!» депті. Шошып оянған патша уәзірін ертіп, зынданға түседі. Келсе, Бегімнің жаралары жазылып, қолы мен бұрымы баяғы қалпына келген екен. Таңданысы мен істеген ісіне өкінішін жасырмаған Санжар патшалықтағы барлық ақылды жанды жинап, кеңес құрып отырғанда қалаға қаптаған жылан келіп, Жанкентті жер бетінен жоқ қылыпты. Қаладан қашып шыққан Санжар ақыры шөл далада қорлықпен өліпті. Ал жарының сенімсіздігін кешіре алмаған Бегім құсқа айналып, теңіз жиегіндегі аралға ұшып кетіпті. Ал содан бері күйреп қалған қала қайта қалпына келмеген екен. Сырдарияның төменгі ағысында, Қазалы қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан қала қирандылары әлі де сақталған. Мұнда қазіргі уақытқа дейін бірқатар зерттеу жұмысы жүргізілді. Қирандылар арасынан құнды тарихи жәдігерлер табылып, олардың бәрі дерлік музейде сақтаулы тұр. Ал Жанкентті жыландар құртқан деген аңызға келсек, мұның рас-өтірігін басып айту қиын. Десе де, қала орнында біраз уақытқа дейін жылан ордасы болғанын жергілікті тұрғын Анық Дабылов растап отыр. Ақсақалдың айтуынша, бала кездерінде мұнда жыланның көп болғаны соншалық, олар тіпті үй ішінде де жүрген екен. Бірақ адам шақпаған көрінеді.
 3. Айғайқұм. Алтынемелдің атауын Шыңғыс ханның өзі қойған деседі ел. Бұл ғажап мекенде бүгінде еліміздегі ең үлкен қорықтардың бірі орналасқан. Аң мен құсқа бай Алтынемелде таңғажайып төбе бар. Жай төбе емес, құм төбе – Айғайқұм. Үлкен Қалқан мен Кіші Қалқан тауларының ортасында орналасқан оның биіктігі 150 метр, ұзындығы 3 шақырымға жетеді. Атауы айтып тұрғандай, бұл төбе аратұра ерекше дыбыс шығарып тұрады. Ол дыбыс бірнеше шақырым қашықтыққа дейін естіледі және жердің дірілдеуіне әсер етеді. Біреулердің айтуынша, мұнда көмілген жері әлі табылмаған Шыңғыс хан жатқан көрінеді. Енді біреулер Құдайдан қорыққан шайтан құм астына тығылып, аратұра қайта сыртқа шығуға талпынғанда осындай дыбыс шығады деп сенеді. Дыбыстан бөлек, кең далада мұндай құмды төбенің ерекшеленіп тұруы да көп сұрақ тудырады. Алайда, оның жауабы дайын. Қалқан тауларынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отыратындықтан құм түйіршіктері електеніп, нәтижесінде үлкен жотаға айналған. Ал, дыбысқа келер болсақ, ол құм жел әсерінен қозғалысқа келгенде пайда болады екен. Егер жел күшейсе, ол ұшақтың гүрілі сияқты дауысқа ұласады. Бұл табиғат құбылысы көбіне түнде, шығыстан салқын жел соққанда естіледі. Сонымен қатар, дыбыс адам төбе басынан құмға отырып төмен қарай сырғанда да шығатын көрінеді.
 4. Торыш мекені. Бүгінге дейін баға­сын ала алмай жүрген аймақтың бірі. Шар алқабы атанып кеткен бұл жер киелі Маңғыстауда орналасқан. Торыштың ғажаптығы – домалақ тастарында.  Адам бойындай алып тастар бір-екеумен шектелмейді. Тұтас бір алқапты алып жатыр. Олардың кейпі әртүрлі. Бірі жат планеталықтардың кемесіне ұқсаса, бірі жұмыртқаға, үшіншісі саңырауқұлаққа келеді. Барлығы да қолмен қашалғандай.  Аңыз бойынша, бағзы бір заманда Маңғыстау жеріне санынан адам жаңылысатын жау әскері келіпті. Жергілікті жұрт оларға қарсы тұра алмасын біліп, Жаратушыға дұшпан әскерін тасқа айналдыруын сұрап жалбарынған екен. Сол сәтте күн күркіреп, найзағай ойнап, арам ниетпен келген қалың қол түгелдей тас болып қатып қалған деседі. Бұдан бөлек аталған аймақта аңыз да, сан түрлі ғажайыптар да көптеп кездеседі. Шар алқабын көрсеңіз, айтылғанның бәріне сене түсесіз. Алайда, бұл шарлардың пайда болуының ғылыми түсіндірмесі де жоқ емес. Осыдан мыңдаған жыл бұрын Каспий мен Аралдың ортасындағы кең алқапта теңіз болған көрінеді. Домалақ тастар сол шақтан қалған шөгінділер болса керек. Ғалымдар оларды "конкреция" деп атайды.
5. Торғай даласы. Көне өркениеттердің ізі саналатын геоглифтер, яғни жер бетіне салынған құпия суреттер әлемнің түкпір-түкпірінде кездеседі. Олардың көлемі мен түр-әлпеті, салыну әдісі әрқилы. 2007 жылы қазақ жерінде де құпияға толы геоглифтер бары анықталды. Бірнеше әдіспен салынған бұл суреттер еліміздің солтүстігіндегі Торғай даласында шоғырланған екен. Солардың ішінде Торғай свастикасы, Үштоғай шаршысы, Бестам шеңбері, Қоғай кресті, Ашутас кресті сынды бейнелер ауқымы жағынан ең үлкендері болып табылады. Бір қызығы бұл суреттердің барлығын дерлік тек ұшар биіктен ғана көруге болады. Бүгінде ғалымдардың басын қатырған да геоглифтердің осы ерекшелігі. Жергілікті халық арасында бұл ғажап ескерткіштерге қатысты еш дерек жоқ. Тіпті, Торғай халқы "аяқтарының астында жатқан" геоглифтерді көрмеген, олар жайлы еш ақпарат білмеген болып шықты. Мұның өзі бір тылсым. Торғай геоглифтерінің табылуы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде көлемді түрде талқығы түсті. Қазіргі уақытта олардың барлығын дерлік ғалымдар жан-жақты зерттеп жатыр және маңызы жағынан Мысыр пирамидаларынан, британиялық Стоунхенджден, Колизейден еш кем емес деп отыр. Бүгінде зерттеу былай тұрсын, мемлекет тарапынан қорғалмағандықтан жоғарыда келтірілген ғажаптарды сақтап қалудың өзі қиынға соғуда. Мысалы, онда адамдардың жиі барып, көлікпен ары-бері жүруі, малдың емін-еркін жайылуы — онсыз да уақыт әсерінен жойылып жатқан ескерткіштердің құртылуын тездетуде. Кей нысандар адам қолымен жойылып та жатқаны белгілі...

18 мамыр 2018 ж. 1 137 0