Бұхар жырау – жыраулық дәстүрдің шыңы
Төл газеттің №56 (8376) нөмірінде «Жыраулар поэзиясы – рухани жаңғырудың нақ өзі» деген мақала жариялаған едік. Расында жыраулық дәстүр елдік мұратпен ұштасып жатыр. Әсіресе «Бес ғасыр жырлайды» кітабындағы Асан қайғының рухани мұрасының мәні терең. Сондықтан оның мұрасына тоқталып, елдік жолдағы жырларын арқау еткен едік. Бұл жолы Бұқар жыраудың мұрасына мән беруді жөн көрдік.
Мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына араласып, ел мүддесін жоғары қойған, өз заманының саяси тұлғасы болған Бұқар жырау толғауларының тағылымы терең. Жоңғар шапқыншылығы тұсында, өз заманындағы күрделі мәселелердің шешімін айтып, Абылай ханның ақылшысына айналды. Жоңғарларға қарсы соғыста ханның сүйеуі, батырлардың рухани қолдаушысы болды. Әсіресе бұқара мен ханның дәнекеріне айналып, орынды жерде дат айтып, халықтың жоқтаушысы бола білді.
Оған мына өлеңі дәлел:
– Ай, Абылай, Абылай,
Жеңбеген жауың қалмады-ау,
Алмаған жерін аз қалды-ау.
Бетке алсаң әсте коймадың,
Алсаң тағы тоймадың,
Несібеңді елден ойладың.
Атаңды білмес кұл едің,
Ата-тегіңді сұраса,
Арқар ұранды жат едің,
Қай жеріңде төре едің?!
Жұлдызың туды оңыңнан,
Жан біткен ерді соңыңнан.
Он сан Алаш баласын
Жусатып қойдай өргіздін,
Жұмсап жүрсің қолыңнан.
Бұл өлеңде бір жағы, Абылайдың өмірлік жолы дәріптелсе, екінші жағы елдік істе белсенді болуға рухтандырады. Ханның жүріп өткен өмір жолын кезең-кезеңге бөліп қарастырады. Қолбасшылық ерлігін дәріптеп, ақыл-кеңесімен бөліседі. Әр жастың өзіндік қадір-қасиетін шебер суреттейді.
Сөз зергері атанған Бұқар жырау бұл жалғанда не нәрсенің мәңгі екенін айтады:
– Асқар таудың өлгені –
Басын мұнар шалғаны.
Көктегі бұлттың өлгені –
Аса алмай таудан қалғаны.
Ай мен күннің өлгені –
Еңкейіп барып батқаны.
Айдын шалқар өлгені –
Мұз болып тастай қатқаны.
Қара жердің өлгені –
Қар астында қалғаны.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді – деп бүкіл ғұмырын адамзаттың игілігі үшін жұмсаған адамның өзі де,сөзі де өлмейді деген тұжырымға келеді.
Жыраудың жырларынан келешек заманды көрегендікпен болжай білгендігін байқауға болады. Сөзімізге дәлел ретінде «Әлемді түгел көрсе де» өлеңін алайық.
– Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де
Қызыққа тоймас адамзат.
Әлемді түгел білсе де,
Қызығын қолмен бөлсе де,
Қызықты күні қырындап,
Қисынсыз күйге түссе де,
Өмірге тоймас адамзат.
Жақындап ажал тұрса да,
Жанына қылыш ұрса да,
Қалжырап, көңілі қарайып,
Қарауытып көзі тұрса да –
Үмітін қоймас адамзат, – деп бүгінгі адамзат бейнесін дәл бейнелегендей. Өлең жолдарына зер салсақ, бүгінгі адамзат жетістігін дөп басып айтқан. Аспан әлеміне жол ашқан, мұхит асқан адамзаттың өмірге тоймас көзқарасын жырына қосқан.
Бұқар жырау жерленген ұлы абыздың кесенесі Далба тауының етегінде орналасқан. Бір қызығы, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат ұлттық бас киімімізге ұқсайды екен. Кесене ұлы бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, ел бірлігінің бейнесін бейнеленгендей.
Қысқасы, Бұқар жырау шығырмашылығынан алар рухани-мәдени тәлім мол. Жыраудың жалынды жырларын кеңінен насихаттап, оны бойымызға сіңіру біздің парызымыз.
Айжан ЫДЫРЫС