ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГАСЫ: ЖАҢАҚОРҒАН ЧЕМПИОН
Петропавл қаласында Ұлттық мектеп лигасы аясында өткен «Теңбіл доп» додасы Сыр жұртына сүйінші хабарын жеткізді. Винокуров атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған ала доп аламанында облыс атынан сынға түскен С.Сапарбеков атындағы №125 мектеп оқушыларынан құрылған команда дара шықты.
Алғаш ұйымдастырылған аламанда аудан мерейін үстем еткен команданың бапкері, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Мұхтар Дүйсебековпен хабарластық.
– Біз бұл додаға былтырдан бастап дайындалдық. Мойындау керек қарсыластар өте мықты болды. Соған қарамастан алтын тұғырдан көріну бұйырды. Әрбір ойыншы өз міндетін жақсы атқарып шықты. Шәкірттер біз артқан сенімді ақтай алды, – деді ол.
Дүбірлі додаға Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаласынан келген командалар бақ сынады. Біздің жігіттер топтық кезеңнің алғашқы ойынында ақтөбеліктермен кездесіп, 3:1 есебімен есе жіберді.
– Шыны керек, алаңға бірден үйренісе алмадық. Сондықтан алғашқы ойында есе жібердік. Одан кейінгі ойында ұтылсақ, ауылға құр қайтатын болғандықтан бар күш-жігерімізді салдық. Тіпті, Ақтөбемен қайта жолымыз түйіскенде, оларды 4:1 есебімен ұттық, – деді команда капитаны Еркінбек Ерсұлтан.
Топтық кезеңнің екінші ойынында жамбылдық аяқдопшылар кездесіп, оларды 4:1 есебімен басым түседі. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысының командасын да қапы қалдырады. Одан кейін Оралды, Ақтөбені жеңіп, нәтижесінде алтыннан алқа тағынды.
№125 білім ошағының оқушылары алдымен аудандық кезеңде бақ сынады. Алты аймаққа бөлінген 42 мектептің ішінен үздік шығып, облысқа жолдама алады. Сосын Сыр өңірінің үздік мектептерінен құрылған командалардың осал тұсын тауып, республикалық сынға қатысты. Нәтижесінде, республика бойынша футболдан үздік қоманда болды.
– Жарыстың деңгейіне қандай баға беруге болады?
– Жалпы, жарыс жоғары деңгейде өтті. Былтыр біз «Sport FEST Kazakhstan» республикалық оқушылар спартакиадасында алтынға бір табан жетпей, күміспен оралған болатынбыз. Сол кеткен есені қайтаруға бардық. Бапкерлер артқан сенімді ақтап, кеткен есені қайтардық, – деді капитан.
– Алдағы жоспар қандай?
– Біз бұйыртса үлкен футболдан бақ сынау үшін жолдама алдық. Алдымен, аудан намысын облыс орталығында қорғаймыз. Егер тағы да бірінші орынға қол жеткізсек, онда Елорда төрінде өтетін «Былғары доп» бәсекесінде Қызылорда атынан сынға түсетін боламыз, – деді негізгі қақпашы Ерсін Айдархан.
Мұхтар Дуйсебеков пен Сакен Нұрділлаев баптайтын жастардың аяқалысынан Жаңақорғандағы футболдың дамуын көруге болады. Иә, мектебі қалыптасқан бұл спорттан аға буын облыста үнемі озық болса, енді жастар сол ізді жалғап келеді. Осындай талантты жастарға материалдық, әрі рухани тұрғыда демеген мектеп ұстаздары да қуанышты көппен бөлісуде.
– Шәкірттер жеңіске әбден лайықты. Өйткені, олардың дайындықтары тыңғылықты болды. Тіпті, сенбі және жексенбі күндері де жаттығудан қол үзбейтін. Сондықтан, білім бөлімі мен жалпы біздің жастарға қолдау көрсеткен жандарға алғыс білдіреміз, – деді мектеп директоры Жеңіс Ибрагимов.
Айта кетейік, бапкерлер мен шәкірттер арнайы киім алуға жәрдемдескен кенттегі «Ғани» дүкенінің иелеріне алғысын білдірді. Жастарға жанашыр болып, спорттың дамуына қол үшін созған кәсіпкерлер өзгелерге де үлгі болуға лайықты.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.