Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЧЕМПИОН – ЖҮРЕКТІ БАЛУАНДАР

ЧЕМПИОН – ЖҮРЕКТІ БАЛУАНДАР


Кеше Шымкентте грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының V-ші Жазғы Спартакиадасы аяқталды. Кіл мықтының басын қосқан спорттық додада қызылордалық балуандар табысты өнер көрсетті.

2019 жылдың қыркүйік айында Астана қаласында өтетін Әлем чемпионатына іріктейтін жауапты аламанда балуандарға қателік жіберуге мүлде болмайды. Сондықтан, техникалық шеберлігін шыңдап, әрбір қарсыласына тактикалық тұрғыда дайындық жасау маңызды. Бозкілемге шыққан балуандардың қимыл-қозғалысынан осыны таныдық.
65 келіде Дәулет Ниязбековке сенім арттық. Әлемдік деңгейдегі додаларда ысылған балуан бабында екен. Қарсыластарының осал тұсын тауып, жартылай финалға дейін іркілмей жетті. Ақтық сынға берілетін жолдаманы студенттер арасында Әлем чемпионы атанған тәжірибелі балуан Мейіржан Әшіровпен сарапқа салды. Балуандар бір-бірін аңдысып жатпай, ұтқыр әдіс жасауға ұмтылды. Көрермендер іштей тынған белдесуде Дәулеттің бағы жанды.
Финалдық бәсекеде павлодарлық Саятбек Оқасовпен шықты. Былтырғы финалда осы балуанға есесі кеткен-тұғын. Деңгейі бірдей жарыста екінші рет финалда сүрінсе, өз-өзін кешіре ала ма? Сондықтан, намысқа тырысты. Үйреншікті әдіс-тәсілдерін жасап, ұпай айырмашылығын ұлғайтты. Нәтижесінде, 11:7 есебімен жеңіске жетті. Осылайша 7 рет Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.
Жаңақорғандықтар асыға күткен салмақтың бірі – 79 келі. Бұл салмақта Ғалымжан Өсербаев сынға түсті. Салмақты, салиқалы, салқынқанды балуан Түркістан және Алматы облысының намысын қорғаған қарсыластарын жарыс жолынан шығарды. Жартылай финалда Маңғыстау облысының атынан шыққан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сәкен Айтжановты еңсерді. Ақтық бәсекеде қарағандылық Шамиль Муртазовты 4:1 есебімен ұтып, 4 рет Қазақстан Республикасының үздігі атанды.
70 келіде күрескен Қанат Мұсабеков қоламен қуантса, Азамат Шағапұлына сәттілік жетіспей, бесінші орынмен шектелді.
Айтпақшы, Жаңақорған топырағында туылып, күрестің әліпбиін Әбутәліп Амановтан үйренген Әбдіманап Байгенжеев ел чемпионатында күмісті қанағат тұтты. Қазір Павлодар атынан сынға түсетін Әбдіманап ақтық сында жарақатына байланысты қарсыласынан бір ұпайға ғана ұтылды. Әйтпесе, жеңіске деген жігер танытқан одан алтынды күткеніміз рас.
– Алда Токио Олимпиадасына жолдама алу міндеті тұр. Біздің жігіттер жанкүйерлерінің сенімін ақтап, Астанада өтетін Әлем чемпионатында жүлде алатынына сенемін. Ол үшін техникалық шеберлікті арттырып, тактикалық дайындықты дамытып, дайындықты пысықтайтын боламыз, – дейді облыстың аға бапкері Әбутәліп Аманов.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
13 ақпан 2019 ж. 1 101 0