№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕУРОПАЛЫҚТАР ЕШКІМГЕ ДЕС БЕРЕР ЕМЕС

ЕУРОПАЛЫҚТАР ЕШКІМГЕ ДЕС БЕРЕР ЕМЕС


Міне, Ресейде өтіп жатқан төртжылдықтың басты додасы футболдан Әлем чемпионатының аяқталуына санаулы күндер қалды. 32 құраманың 28-і елдеріне оралса, төрт команда чемпиондық жолда жарысты жалғастырады. Англия, Франция, Бельгия және Хорватия жартылай финалда өнер көрсетеді.
Шыны керек, алдыңғы үш команда үздіктердің тізімінде болғанымен хорваттарды ешкім фаворит санамаған болатын. Алайда, олар айды аспаннан бірақ шығарды. Өз тобында тоғыз ұпай жинаған олар Нигерия мен Исландия қақпасына қос голдан тоғытса, Месси бастаған Аргентинаны аямады. Жауапсыз үш гол соғып, келесі сынға жолдама алды. Әрине, Дания мен жарыс қожайындары Ресейге қарсы ойын Модрич бастаған жігіттерге оңай соқпады. Ойын соңындағы он бір метрлік айып добына дейін жетіп, жеңісті жұлып әкетті. Міне, жеңіске деген жігер осындай болуы тиіс, себебі бұл – футбол. Тіпті, оларға қолдау көрсетуге ел Президенті Колинда Грабар-Китарович арнайы келіпті. Мұның өзі де футболшыларға үлкен күш береді. Енді олар Кейн бастаған британиялықтармен кездеседі, осы беттерінен қайтпаса біз шахмат түсті еуропалықтарды финалда көріп қалуымыз ғажап емес.
Ал, жас таланттылар жиналған Франция Аргентинаны, Бельгия Бразилияны үйлеріне қайтарса, ағылшындар Златанның жерлестерін жерге қаратты.
Сенсациялар сериясы
Иә, бұл Әлем біріншілігі сенсацияларға толы болды. Алдымен, әлем чемпиондарынан бастайық, биыл қалайда атағымызды қорғап қаламыз деген Лев баптайтын немістер топтан шыға алмай, ұятқа қалды. Өз тобында шведтерден ғана басым түскен германиялықтар Мексика мен Оңтүстік Кореяның алдында дәрменсіз күй кешті. 1998 жылғы чемпиондар Франция, 2006 жылғы Италия мен 2010 жылғы испандар секілді Германия ұлттық құрамасы топтық деңгейден әрі аса алмай қалды. Оның артынан ілесе Аргентина, Португалия, Испания, Бразилия сынды алпауыттар ұзаққа шаба алмай, жарысты жарты жолдан аяқтады.
Ал, ресейліктер ше, олар футболды қалай ойнау керектігін көрсетті. Соңына дейін таласты, әсіресе Испанияға қарсы ойында оларды ешкімде жеңеді деп ойламады. «Қызыл фурия» талай қарсыласты шаң қаптырған азулы ұжым екені айдан анық. 2008 жылы Еуропа чемпионатында топтық кезеңде Ресейді 4:1 есепте жеңген болатын. Кейіннен осы турнирдің жартылай финалында 3:0 болып басым түсті. Бірақ одан бері де екі команда түбегейлі өзгерді. Оған кешегі ойында көзіміз анық жетті. Алғашқы таимда есеп теңескеннен кейін ойын сүреңсіз өтіп, матч экстра-таймға ұласты. 15 минуттан тұратын екі тайм Ресейге де, Испанияға да еш пайда әкелген жоқ. Ойын соңындағы пенальти Акинфеевтің нағыз капитан екенін көрсетті. Екі допты қайтарып, командасын келесі кезеңге алып шықты. Демек, кеткен есе қайтты.
Ал, бапкерлер де бірінен кейін бірі орындарын босатты. Испанияның бапкері Лопатеги жарыс басталмай жатып, құрамадан қуылса, одан кейінгі жаттықтырушысы Фернандо Иерро Отанына қайтқаннан кейін орнын босатты. Сондай-ақ, Аргентина бапкері Хорхе Сампаоли да қызметін қуылған болатын. Келесі кезек Бразилия бапкеріне де келетін секілді.

Қақпашылар бенефисі
Леонель Месси, Криштиану Роналду мен Неймар бастаған бір шоғыр атақты шабуылшылар мундиальмен қош айтысқаннан кейін тойдың сәнін қақпашылар келтіріп тұр. Хорватия қақпашысы Даниель Субашич пен Дания қақпашысы Каспер Шмейхель 3 пенальтиден қайтарса, Акинфеевтің арқасында Ресей құрамасы ширек финалға жолдама алды. Сондай-ақ, Англияның қазіргі қаһарманына айналған Пикфорд осы біріншіліктегі «Үздік ойыншы» атағын алған алғашқы қақпашы атанды. Шыны керек, пенальти сериясынан бөлек бұл қақпашы Швецияға қарсы ойында шашасына шаң жуытпады. Енді футбол мамандары крольдік клуб осы қақпашыға көз тігетін болатынын растап отыр.

Исландияның табандылығы
Топтан шыға алмай қалса да, Исландия әлем футболына есімін алтын әріппен жазып қалдырды. 2016 жылғы Еуропа чемпионатында керемет өнер көрсеткен исландиялықтар бұл мудиальда алпауыттармен біт топта өнер көрсетті. Яғни, Аргентина, Хорватия және Нигериямен жолы түсйіскен олар топтан әрі аса алмады. Алайда, осы кезеңге дейін жету аз ғана халқы бар елге үлкен абырой. Олар футбол спорты арқылы өздерінің әлемдік бәсекеге қабілетті екенін көрсете алды. Міне, футболға деген махаббатты осы Исландиядан көруге болады. тіпті, жанкүйерлеріне дейін қолдауды аямайды.

Есте қалар естеліктер
Бұл Әлем чемпионаты ең алдымен тазалық мәдениетімен есте қалды. Әрбір ойын біткеннен кейін жапондар стадионда «тазалық шарасын» ұйымдастыруды тоқтатпады. Бірнеше рет қатарынан тазалықты жаны сүйетін қасиетімен көзге түскен жапондықтар өздерімен бірге ала келген дорбаларды ұстап, келушілерден қалған қоқыстарды жинады. Тіпті, ширек финалға барар жолда Бельгиядан ұтылған олар футболшылар шешінетін бөлмені де тазалап, арнайы қағазға жарыс қожайындарына алғысын жазып қалдырды.
Жапондық футбол журналисі Скот Макинтайр: «Біз футбол – мәдениеттің көрінісі деп жиі айтамыз. Жапон қоғамы тазалыққа ерекше назар аударады. Бұл тек футболға емес, барлық спорттық шараларға қатысты» деп пікір білдірді. Бұл мудиальда тағы бір есте қалған жайт «автоголдар шеруі». Он автогол тіркеліпті, бұл ғасырға жуық тарихы бар Әлем чемпионатының жаңа рекорды. Әлі төрт ойын барын ұмытпасақ алда тағы да автогол көріп қалуымыз бек мүмкін.

P.S.: Сонымен, Әлем чемпионатында есте қалған жағдайларды тізіп шықтық. Енді небәрі төрт ойыннан кейін байрақты бәсекенің жалауы түсірілетін болады. Ең бастысы, естен кетпес әсер қалдырған бұл құрылықтық бәсекенің қызығын қазақстандық арналардан көріп, қызықтай алдық. Енді 2020 жылы Катарда өтетін Әлем біріншілігінде қос арнадан біздің ұлттық құраманы да көріп қалармыз деген үміт басым. Бәрі уақыт еншісінде...
10 шілде 2018 ж. 770 0