№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ат спорты: болашақ жастардың қолында

Ат спорты: болашақ жастардың қолында


Аймақ ат спортының құрылғанына биыл 14 жыл толды. Әрине, аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде қаншама чемпиондар шықты, командалық спорттан да алшымыз оңынан түсті. Көшпенділер ойыны мен Әлем чемпионаттарында жастар жасындай жарқылдады. Ел чемпионатында үздік үштіктен түспесек, облыстық бәсекеде ауданның жігіттер әлі де жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ. Сламхан Боранбаев бастаған білекті, жүректі балуандар, шабандоздар Сыр елінің намысын биік ұстап келеді. Жастардың бүгіні мен болашағы, биылғы жетістіктері мен алдағы жоспарларын білуді мақсат тұтып, бапкерлер және спортшылармен тілдесіп көрдік.


Ат спортына көкпар, аударыспақ, теңге ілу мен жамбы ату кіреді. Төрт түрінен де тұғыр төрінен түскен емеспіз. Облыс құрамасының сапында түгелдей ауданның спортшылары өнер көрсетеді. Биылға дейін көкпардан үштікте, жамбы ату, теңге ілу мен аударыспақтан талай чемпион шығардық. Алдымен облыстың ат спортының биылғы жылғы жетістігі туралы түйіндеп алсақ. Бұл жөнінде бас бапкер Сламхан ағамызбен тілдесіп, жастар жағын жүйеледік.
– 2023 жыл біздің спортшылар үшін табысты болды. Бірінші жасөспірім­дер­ден бастасақ, ел чемпионатында жүлдесіз қалған емеспіз. Зарапша Әм­зеев аударыспақтан алтыннан алқа тағынса, теңге ілуден Ақарыс Әбілқайыр күміс, Мәди Ақайдар қоламен қуантты. Ал, жастар арасында теңге ілуден Досымжан Махмут қоланы қанағат тұтса, жамбы атудан Ағаділ Пернебай мен Әли Мұқағали күміспен күптелді. Ересектер арасында да нәтижеміз жаман емес. Ересектер дегенімізбен, құрамның негізгі бөлігін 20 мен 30 жас аралығындағы жастар құрайды. Олардың да жетістігі көңіл қуантады. Жамбы атудан Ғалымжан Өміртай 2-орын, аударыспақтан Ораз Оспанов та екінші тұғырдан көрінсе, Данияр Садуақас, Наурызқожа Әмзеев және Асылбек Әуесов үшінші орыннан көрінді. Көкпардан да тағы қола бұйырып, жылды жақсы көрсеткішпен жаба білдік, – деді бас бапкер.
Айта кететіні, Ағаділ мерген жамбы атудан Әлем чемпионатында ел байрағын биікке көтерді. Ол қоланы еншілеп, ел мерейін үстем етті. Жаттықтырушысы Ғалымжан да үлкен спорттан кете қоймады. Оның да шоқтығы биік, сол секілді Қанат Асылбеков бапкердің де көп еңбегі сіңіп жүр. Тағы да бір қуаныштысы, биылғы Алтын күз облыстың сайысында ат спортынан алтынды ешкімге бере қоймадық. Көкпар, аударыспақ, жамбы атудан аудан жігіттеріне тең келер қарсылас табылмады. Облыстың толық құрамын жаңақорғандықтар құрайтын болған соң дәл қазір бізге бәсекелес болатын өңірде команда болмай тұрғаны рас. Енді ат спортының алдағы межесін жүйелеп алайық.
– Аға жалпы ат спорты дейміз, ұлттық спорт деген де жарасады. Бұл спорттан бізді қандай болашақ күтіп тұр?
– Шыны керек, жастардың бұл спортқа қызығушылығы жыл сайын артып келеді. Әсіресе, өзге аудандардың қарқыны жақсы. Енді мәселелер жоқ емес, оны айта-айта шаршадық. Нәтиже болып қалады деп үмітпен қарап келеміз. Дегенмен қолдаудың да барын айтпай кетуге болмас. Болашақта жастар бірінші кезекте көкпардан ел чемпионы атанатын күн күтіп тұр. Қаншама жылдың жемісі үздік үштіктен түсірмей келеді, күміс те, қола да бар қоржында, бұйырса алтынды алып келсек болды. Одан кейін, көшпенділер ойыны, әлем біріншілігі бар. Жастардан тек жеңіс күтуге болады. Өйткені, ат спорты елімізде қатты қолға алынып жатыр.
– Келер жылға жоспарларыңыз қандай?
– Ең бірінші, көктемде бастау алатын ел чемпионаты бар. Оған дайындықты бастаймыз. Одан кейін көшпенділер ойыны бар. Біздің ауданнан әзірге төрт спортшы ілігіп тұр. Бұйырса жігіттер жерге қаратпайды деп сенеміз. Одан кейін, басқа да байрақты бәсеке­лер бар. Келер жылға жоспар көп, тек дайындықты пысықтап, жаттығуды жиілету керек. Әсіресе, тұлпарларды ретке келтіріп, бабына келтіру міндеті тұр.
Иә, Сламхан Боранбаев облыстық ат спорты тізгінін ұстаған 14 жылға жуық уақыт ішінде қаншама спорт шебері, қаншама ел чемпионы мен Әлем чемпионатының жүлдегерлері шықты. Сол аға буынның ізін жалғап, енді жастар өсіп келеді. Олардың бабы келісіп, бағы жанып тұрған шақ. Биыл ел мерейін үстем еткен Ағаділден үлкен үміт күтетініміз рас.
– Монғолияның Улан-Батыр қала­сында Жамбы атудан өткен жастар арасындағы Әлем чемпионаты мен үшін үлкен спорттағы алғашқы биік баспалдағым болды. Бұйырғаны қола болды. Алтынға үміттілердің бірі болатынмын. Келер жылы кеткен қателіктен сабақ алып, бұйырса ал­тынды сыйлайтын боламын. Босаңсу­ға болмайды, алдымызда жарыстар көп, сондықтан спорттық әлеуетімді шыңдай түсуім керек. Бапкерлерге, жақындарыма алғыс айтамын, жеңісті күндердің барлығы алдымызда, – деді Ағаділ мерген.
Міне, әзірге жастардың жігерлі жолы осылай биіктеп келеді. Келер жылдан күтеріміз көп. Бас бапкердің сөзімен түйіндесек: Ат спортының болашағы жастардың қолында.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ


06 қараша 2023 ж. 691 0